Nur Otan партиясының орталық аппаратында Jas Otan Жастар қанатының 2025 жылға дейінгі Jastar – Otanǵa! бағдарламасының жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.
Жиында Jas Otan Жастар қанатының 2025 жылға дейін жоспарланған бағдарламасына идеялар мен ұсыныстарды бірлесіп дайындауға бағытталған жұмыс тобының негізгі қызметі талқыланды. Отырыс кезінде Jas Otan Жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек жұмыс жоспарының маңыздылығына ерекше тоқталды. Сондай-ақ отырысқа қатысушылар бағдарламаның мақсатын бірлесе жүзеге асырудың тиімділігін сөз етті. Олардың қатарына, жастар қанатының даму векторын айқындау, жастарды әлеуметтендіру үшін нақты тетіктер мен механизмдерді дайындау, ауыл жастарына арналған әлеуметтік лифтті дамыту, жастардың патриоттық тәрбиесін күшейту, жас спортшыларға, шығармашылықпен, ғылым-біліммен айналысатын жастарға қолдау көрсету, жергілікті сайлау органдарында жастардың үлесін арттыру, отбасы институтын нығайту секілді жұмыстар кіретіні айтылды.
Айта кетейік, жұмыс тобының құрамына Мәжіліс депутаттары, партия басшылығы, уәкілетті орган өкілдері, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, жастар ұйымдарының өкілдері, шығармашыл жастар, спортшылар және жас кәсіпкерлер кіреді.
Бағдарламаны дайындау аясында 5 кездесу өтеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ жастар мәселелерін мұқият зерттеу және бағдарлама бойынша шешімдер мен ұсыныстарды әзірлеу үшін, шақырылған сарапшылар мен мүшелер «Білім», «Еңбек және кәсіптілік», «Бақытты отбасы» сияқты салалық топтар бойынша жұмыс істейтін болады. Әрбір топ Jastar–Otanǵa! 2025 жылға дейінгі Jas Otan Жастар қанатының қорытынды бағдарламасына ұсыныстар әзірлейді. Жастар тарапынан келіп түсетін идеялар мен ұтымды ұсыныстар әлеуметтік желілер, мессенджер және БАҚ арқылы жиналады. Сонымен қатар Еуропа мен Америка елдері жастар ұйымдарының тәжірибесі зерттеліп, жастар көп шоғырланған кездесулерде, жұмыс орындарында, студенттік кездесулерде, тақырыптық алаңдар мен сессияларда талқыланатын болады. Қорытынды құжат 2020 жылы Jas Otan Жастар қанатының съезінде қабылданады.