18-24 қараша аралығында Испанияның астанасы Мадридте Дэвис кубогы біріншілігі өтіп жатыр. Қазақстан құрамасы әлемнің ең үздік 18 командасының бірі ретінде жарысқа қатысуда. Е тобында Қазақстаннан басқа Нидерланд пен Ұлыбритания құрамалары бар.
Жарыстың екінші күнінде Қазақстанның намысын еліміздің экс-бірінші ракеткасы Михаил Кукушкин Нидерланд теннисшісі Ботик Ван де Зандшулыпты 6:2, 6:2 есебімен ұтты. Еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик қарсылас команданың бірінші ракеткасы Робин Хаастан 5:7, 6:3, 6:7 есебімен жеңіліп қалды. Алайда аты аталған екі теннисшіміз шешуші жұптық кездесуде 6:4, 7:6 есебімен Нидерланд командасын жеңген болатын.
Турнир фавориттерінің бірі Ұлыбритания құрамасы осыған дейін Дэвис кубогында 10 рет чемпион болды. Жарыстың үшінші күнінде британдықтар Нидерланд командасын Қазақстан сияқты 2:1 есебімен ұтты. Ширек финалға өту үшін Қазақстан құрамасымен кездесуге асықты.
22 қараша күні қазақстандық теннис жанкүйерлері үшін ерекше күн болды. Корттың арғы жағында құрамында әлемнің экс-ракеткасы Энди Маррей мен жұптық ойында үздіктердің қатарынан табылатын оның ағасы Джейми Маррей бар Ұлыбритания құрамасы тұрды. Ал бергі жағында жерлестеріміз Александр Бублик пен Михаил Кукушкин.
Әрине, теннис эксперттерінің дені жеңісті Ұлыбритания алатынын болжады. Алайда британдықтар жеңіске жету үшін біраз тер төкті. Құрамадағы қос жігіт өліспей беріспейтінін көрсетті. Алғашқы ойында Михаил Кукушкин Ұлыбританияның қазіргі бірінші ракеткасы Кайл Эдмундтан 6:3, 6:3 есебімен ұтылса, Александр Бублик қарсыласы Дэн Эвансты 5:7, 6:4, 6:1 ұпайымен жеңді. Бұл жеңістің жөні бөлек еді. Әсіресе, Ұлыбритания құрамасына психологиялық тұрғыдан қатты әсер етті. Матчты тамашалаған стадион, әсіресе шетелдік комментаторлар Александрдің ерлігіне, залда отырған қазақстандық жанкүйерлердің қолдауына таң қалды. Қазақстан Теннис Федерациясының вице-президенті, Дэвис кубогы бойынша Қазақстан құрамасының капитаны Диас Досқараевтың айтуынша, стадионға 200-ден астам қазақстандық жиналған. Жерлестеріміз көрсеткен қолдау құрамаға дем беріп, жинақталуға көмектескен.
Шешуші сәт
Қазақстан құрамасы үшін толқынысқа толы кездесу. Осымен 105-ші рет қатысып отырған Ұлыбритания құрамасы үшін де айрықша матч. Өйткені жұптық (double) кездесуде жеңіске жеткен құрама ғана ширек финалға өтеді. Қазақстанның намысын Андрей Голубев пен Александр Недовесов қорғауы тиіс болатын. Әйтсе де, бас капитан ақырғы кездесу алдында құрамада өзгеріс жасап, кортқа Кукушкин мен Бубликті шығарды. Себебі қарсылас команда осал емес. Олар төрт дүркін Үлкен Шлемнің иегері (2 рет жұптық, 2 рет аралас) –Джейми Маррей мен жерлесі Неал Скупский. Таразы басында – ширек финал. Қайтпек керек? Не бел, не белбеу кетеді. Жігіттер алғашқы айналымда нық қадам жасады. Қазақстанның қауқарлы команда екенін дәлелдеді. Ниндерланд командасын жеңіп, ширек финалға Қазақстан арқылы айналып өтеміз дегендер ойға қалды.
Айта кететін жайт, жұптық кездесу жеке кездесуден өзгеше. Бұл жерде қолданылатын тактика да бөлек. Өйткені кортта тек сен емес, сонымен қатар сенімен бірге өнер көрсетіп жатқан екінші ойыншы бар. Жұптық кездесуде өзара түсінушілік, техниканың сәйкестігі, тордың қасында ойнау деген сияқты әдістер үлкен рөл ойнайды. Алдында ғана жеке кездесулерін өткізген Кукушкин мен Бублик шаршап қалды ма, әлде қарсыластарының бірге жұппен ойнау тәжірибесі көп болды ма, біздің құрама 6:1, 6:4 есебімен Ұлыбритания құрамасынан жеңілді. Плей-офф кезеңінен ары қарай ширек финалға өте алмады. Бірақ мүмкіндік бар еді.
Ширек финалға 8 команда шықты: оның 6-ы әр топтың үздіктері: Сербия, Австралия, Канада, Ұлыбритания, Германия, Испания және 2-уі ең жақсы өнер көрсеткен 2 құрама: Ресей мен Аргентина. Атақты теннисшілердің ішінде әлемнің бірінші және екінші ракеткалары Рафаэль Надаль мен Новак Джокович те бар. Бұл турнирге Роджер Федерер қатысудан бас тартты.
Жаңа формат
2019 жылдың Дэвис кубогы жаңа форматымен есте қалады. Себебі 108-ші рет ұйымдастырылып отырған турнир осыған дейін жылдың 4 аптасында әр елде өтетін. Биылдан бастан тек бір қалада, бір аптаның ішінде ұйымдастырылатын болды. Әр матч 3 ойыннан құралады: 2 жекелей кездесу, 1 жұптық кездесу. Барлық ойын тай-брейкпен қоса 3 сет форматында өтеді. Дэвис кубогын реформалау және инвестиция тарту бойынша бастамашыл топтың ішіне «Барселона» футбол клубының ойыншысы испандық Жерар Пике кіреді. Инвесторлар тобы Халықаралық теннис федерациясына 25 жылда
3 миллиард доллар, яғни жылына 120 миллион доллар қаржа тартамыз деп отыр. Оның 20 миллионы ойыншыларға, ал 25 миллионы ұлттық теннис федерацияларының дамуына беріледі.
Кубок беделі
Дэвис кубогы – Халықаралық теннис федерациясының бастамасымен ерлер арасында ұйымдастырылатын теннистен топтық жарыс. Ең алғашқы жарыс 1990 жылы өткен. Ең көп жеңіске жеткен құрама АҚШ құрамасы (32 рет). Қазақстан ең алғаш рет 1995 жылы қатысқан. Қазақстан құрамасының үздік көрсеткіші – ширек финал (2011, 2013, 2014, 2015, 2018). Әйелдер арасындағы Дэвис кубогы FED CUP деп аталады.
Кештің жұлдызы – Бублик
Турнир барысында таңданыс тудырған теннисші болса, ол – Бублик. Қазақстан құрамасында ойнайтын Александр Бублик 1997 жылы Ресейде туылған. Қазіргі таңда Қазақстанның 1-ші, әлемнің 48-ші ракеткасы. Бойы – 196 см. 6 рет Challengeer, 4 рет Futures біріншіліктерін жеңген. Биыл ATP деңгейіндегі турнирлерде тамаша өнер көрсетіп, Америкада өткен Hall of Fame Open біріншілігінде және Қытайда өткен Chengdu Open біріншілігінің финалында өнер көрсетті. Александр Бубликтің допты іске қосу техникасы (serve) өте жылдам және қарсыластарына қолайсыздық тудырады. Осы артықшылықты кәдесіне жаратқан Бублик әлемді мойындатып жүр.
Ерік ИЛЬЯСОВ,
теннис блогері