Әнұран неге үзіле береді?

Әнұран неге үзіле береді?

Белгілі қазақстандық спорт­шы Мөлдір Мекен­баева джиу-джитсу­дан Әбу-Дабиде өткен әлем чем­пио­натында алтын медаль алды. Турнир бары­сын­да жеңімпазды мара­пат­тау салтанатында тосын жайт орын алды. Қазақстан­ның Әнұраны кілт үзіліп, Ме­кенбаева мен жан­күйер­лер гимнді акапелла­мен айтты.

Әлем чемпионатында алтын алған ару жеңісті жолын Іnstagram-да толықтай жазды. Спорт­шының айтуынша, жеңіс оңайлықпен келмеген. Топтағы 4 мықтымен қатарласа шауып, жүлделі орынды қанжығасына байлаған.

«Себетке орналастыруда жо­лым болмады. Менің тобымда 4 фаво­рит бар. Бәрі титулды спортшылар. JJIF халықаралық джиу-джитсу федерациясының рей­тингінде бірінші орында тұр­дым. Сондықтан алғашқы ай­налымнан автоматты түрде өт­тім. Екінші жекпе-жекте кана­да­лық спортшымен кездестім. Ол қара белбеу иесі болатын. Оны жеңгенен соң 2017 жылдың неваз бойынша әлем чемпионы және UWW чемпионымен кезде­се­мін деп ойладым. Алайда оны Швеция­дан келген спортшы (қара белбеу) айналып өтті. Үшін­ші жекпе-жекте швециялық спортшыны жеңіп, финалға жол­дама алдым. Шешуші кезең­де мені Ресейдің тәжірибелі спорт­шысы күтіп тұрды. Финал­да қылқындыру әдісін қолданып, жеңімпаз атандым», – деп жазды Мекенбаева.

Әлемдік додада Қазақстан Әнұранының тоқтап қалуы бірінші рет емес. 2017 жылы Сочиде самбодан өткен әлем чемпионатында жаңасының орнына ескі Әнұран қосылды. Залда отырған жанкүйерлер қарсылық танытып, тоқтат­қаны­мен ұйымдастыру­шы­лар жаңасын қосқан жоқ. Нәтиже­сінде, спортшы мен жанкүйер­лер «Менің Қазақ­ста­ным­­ды» хормен айтты. Бапкер, билік бәрі реніш білдіріп, артынан Ресейдің самбо федерациясы кешірім сұрады. Осымен мұндай жайт аяқталды ма дегенде, Бан­го­лореде өткен Азия чем­пио­­натында кезекті рет қайталанды. Су спорты түрінен өткен жарыс­та қыздарымыз Қытай құрама­сын жеңген соң, Әнұран айту рәсімі басталады. Алайда бас­тал­май жатып тоқта­ған Ән­ұран­­ды қыздар қосыла шырқай­ды.

Әрине, көрген көз сүйсінеді. Бірақ бір олқылықтың бірнеше рет қайталанғаны күмән тудырмай ма? Біріккен Араб Әмірлігі – бай­ ел. Ресей мен Үндіс­тан да спорт пен мәдениетке құрмет көрсете біледі. Алайда неліктен спорт додалары кезінде Әнұранның, Тудың халі мүшкіл? Ара-тұра үтіктелмеген, өңі қашқан ту мен «үзілген» Әнұранға кезігеміз. Спортшыларды жарысқа апара­тын топ лайықты жұмыс жүр­гізбей ме? Бір емес, бірнеше рет қайталанған істі тиісті орындар тексермесе, жалғаса берері анық. Қауқар көрсетіп, Әнұран жайын біржақты етсек қайтеді...

 

Айбике ЖАНАСЫЛ