Елді елең еткізген тағы бір оқиға – Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігерінің ұсталуы. Белгілі трансплантолог, бірінші санаттағы хирург Абылай Донбайға трансұлттық қылмыстық топқа қатысы бар деген күдік таңылған. Сондай-ақ дәрігер адам ағзаларын заңсыз алумен айналысқан деген де болжамдар айтылып жатыр.
Ішкі істер министрлігінің айтуынша, бас дәрігер 18 қараша күні ұсталған. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында жатыр. Әзірге хирургқа екі қылмыстық бап бойынша айып тағылып отыр: трансұлттық қылмыстық топқа қатысы бар және адам ағзаларын заңсыз алумен айналысқан.
Шымкенттік дәрігердің үстінен қылмыстық іс қозғалу себебі неде? Ішкі істер министрлігі: «Тергеу барысында азамат А.Донбайдың қылмыстық топ мүшелерінің әрекеттерін біле отырып, олармен алдын ала ымыраласу арқылы адам ағзасын сатып алу-сатуға заңнамада тыйым салынғанына қарамастан, қомақты ақшалай сыйақыға бүйректі алу және қайта салу заңсыз операцияларын жүргізген» деп нақтылады.
Бүйректерін сатуға мәжбүр болғандардың арасында өзбек, қырғыз және украин азаматтары болған деседі. Ал «реципиенттер қатарында алыс шет елдердің, негізінен Израильдің қалталы азаматтары болғанын» хабарлады ІІМ.
Трансплантология саласында дәрігердің ұсталуы алғаш емес. Бұған дейін Ғани Құттымұратовқа да қатысты іс қозғалған еді. Трансплантолог дәрігер бірнеше ай бойы тергеу изоляторында. Ішкі істер министрлігінің өкілдері белгілі дәрігерлердің ісі аяқталуға жақын екенін айтады. Жуырда бүкіл материал сотқа жіберілмек.
Адам ағзасын ұрлау – дәрігерге тағылатын ең үлкен айыптың бірі. Дәрігерлер адам ағзасын ауыстырудың өзі үлкен жауапкершілікті талап етеді дейді. Егер адам ағзасын ұрлап, оны пайдаға жарата алатын болса, онда дәрігерлер айтқан жауапкершілік қайда қалды дейді бір ойымыз.
Жалпы, елімізде ағза ауыстыруға мұқтаж жан көп. Олардың арасында бүйрек ауыстырғысы келетіндер көп екенін бұған дейін де жазғанбыз. Одан бөлек, жүрек, бауыр, ұйқы безін алмастырғысы келетіндер де бар. Бауыр алмастыруға кезекте тұрғандар да тіпті көп. Ең күрделі операциялардың бірі – осы. Өйткені донор табыла бермейді. Он жылдап, тіпті одан да көп уақыт донор күтетіндер бар. Амалсыз мәйіт донорын іздеуге тура келеді. Оның өзінде «рұқсат» бермейтін туыстар жайын ойласақ, оған оңай қол жетізе алмайсыз.
«Егер адам тірі кезінде өзі мәйіт болған соң ағзама тимеңіз десе, оған ешкім қол ұшын тигізбейді. Қолхат жазылмаса, дәрігерлердің шешімімен ағзаларын алуға рұқсат. Әдетте, донорлыққа рұқсат бергісі келетіндер учаскелік дәрігеріне барып, мәйіт донорлығына келісім беретінін жеткізеді. Одан кейін толық тексеріс жүргізіліп, қолхаттың бір нұсқасы – координациялық орталыққа, екіншісі туысқандарына жолданады. Донорлық туралы мәліметтер базада сақтаулы, жабық күйде болады. Заңда туысқандарының рұқсатынсыз алуға болады. Дегенмен біз небәрі 18 миллион тұрғыны бар, енді дамып келе жатқан елміз. Сондықтан жақындарымен келісіп жасаған дұрыс деп санаймыз. Тірі адамнан гөрі мәйіт донорлығы тиімдірек. Өйткені оның бірнеше ағзасын алып, көп адамның өмірін сақтап қалуға болады» деген еді Жақсылық Досқалиев.
Тірі кезінде өзі рұқсат етпесе, кез келген адамның ағзасын ала алмайтын жағдай тағы бар. Оған заң бойынша тыйым салынған. Оны тек «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы «ҚР Кодексінің 169-бабының 10-тармағына сәйкес реттеуге тура келеді. Ал 169-баптың 3-тармағында: «Адамның тіндерін (тіннің бір бөлігін) және (немесе) ағзаларын (ағзасының бір бөлігін) сатуға-сатып алуға тыйым салынады» делінген. Демек, ағза алмастыру қалай болса, солай емес, тек заңды түрде жүзеге асуы тиіс.
Шымкенттік дәрігер ісіне байланысты Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева «Тенгриньюс» сайтында: «Бізде 52 трансплантолог дәрігер бар. Олардың әрқайсысы ерекше маман иесі. Сондықтан біз үшін ең алдымен кадрлық ресурсты сақтау – өте маңызды. Денсаулық сақтау министрлігі дәрігердің бостандығын шектемеу керек деген ұстаным білдірді. Тек сот ғана дәрігерді және кез келген азаматты кінәлі емес деп тани алады. Әрине, сот оны кінәлі деп тапқанға дейін бостандықты шектеудің бұл түрін дәрігерге қолданбауды ұсынамыз. Трансплантологияда болып жатқан бұл жайттар науқасты үмітінен айырады. Ал дәрігер науқасты үмітінен айырмауы керек. Біздің міндетіміз – тиісті шаралар қолдану. Ал шымкенттік дәрігер – өз ісін білетін, сауатты мамандардың бірі. Қылмыс болды ма, болмады ма, ол жағын сот анықтайды» деген пікірін білдірді.
Елімізде бауыр алмастыру, бүйрек ауыстыру бойынша кезекте тұрған науқас өте көп. Әр науқас дәрігерден үміт күтеді. Сондай үмітпен қарағанның бірі – Айна есімді бойжеткен «Менің анама осыдан көп жыл бұрын «бауырдың биллиарлы циррозы» деген диагноз қойылды. Дәрігерлер «бауыр алмастыру керек» дегенді ара-тұра айтып қоятын. Кейін Астанадағы Ұлттық онкология орталығына бауыр ауыстыруға мұқтаж сырқат азаматтардың тізіміне тұрдық. Бір күні осы орталықтан дәрігер хабарласып, «мамаңа бауыр табылды, тез келе қалыңдар» деді. Ол кезде анамның жағдайы онша ауыр емес болатын әрі донордың табылуы өте сирек құбылыс екенін аса сезіне қоймаған едік... Әлгі донордан бас тарттық. Кейін ойласам, біз кәдімгідей Алланың беріп тұрған бағын, мүмкіндігін бағаламаған екенбіз. Күндердің күнінде анамның жағдайы күрт нашарлағанда донор іздеп, сабылған қиындығымызды сөзбен айтып жеткізе алмаймын тіпті. Туыстарымыз бірінен кейін бірі дәрігерлік тексерістен өтті. Бірақ көпшілігі жарамады. Бірі кезінде сары аурумен ауырған, бірінің жасы, бірінің денсаулығы жарамайды. Кейбірі тіптен жас, кейбірі жасамыс дегендей. Бауырды тілген кезде анатомиялық ерекшелік те рөл ойнайды екен. Дәрігерлер мұқият тексеруден өткізеді. Қаншама жүйке кетті. Қазір ойлағым да келмейді. Өлдім-талдым дегенде, бір туысқанымыздың бауыры сәйкес келді. Сол жігіт анама донор болды. Қазір оның да жағдайы өте жақсы. Анам да бауыр ауыстырғанға дейінгі жағдайдан денсаулығы тәуір» дейді. Осылай донор таба алса жақсы, таба алмағандар не істемек?
Ақпарат және қоғамдық келісім министрі Дәурен Абаев өз ағзасын донорлыққа тапсыруға ықтиярлы екенін хабарлады. Мұндай әрекетке екінің бірі бара бермейді. Министрдің хабарламасы қоғамда орын алып отырған ағза жетіспеушілігі мен соның төңірегіндегі атышулы істерге белгілі бір деңгейде берілген жауап іспеттес. Мұны азаматтық әрекетке балап жатқандар да жоқ емес.
Жұрт – жоққа құмар. Адам ағзасы – қымбат дүние. Біздің қазақ ежелгі заманнан адам ағзасын Алла аманаты деп білген: сондықтан қалай жаратылса, бақи дүниеге де солай кету керек деп есептейді; көпшілік өз ағзасын кәдеге жаратуға құлықты емес, бұл тарапта ықтияр болмауының бір себебі де осында; жақын туыстарына ағзасын бергісі келетіндер де жиі кездеспейді. Адам өмірі – тіптен қымбат. Сондықтан адамдар тұрғанда ағза саудасы да азаймайтын секілді...