Ірі сауда орталықтарына тәулік бойы жұмыс істеуге рұқсат беріледі – әкім

Ірі сауда орталықтарына тәулік бойы жұмыс істеуге рұқсат беріледі – әкім

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтты.

«Егер карантин жайында айтар болсақ, біз қайтадан «қызыл» аймаққа кірдік. Бұл шектеу іс-шараларын одан ары да қатаң бақылауды күшейту керек дегенді білдіреді. Осы уақытқа дейін жинаған тәжірибемізді ескере отырып, бірқатар іс-шара қабылдайтын боламыз. Сонымен қатар жаңа тетіктер де қолданған жөн. Мәселен, дәліздерді тарылтып, супермаркеттерге 17:00 немесе 18:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берудің логикасы дұрыс. Алайда, тәжірибе барлығы да сол уақытқа дейін сауда жасап үлгеруге тырысатындығын көрсетті және қарбалас туындайды», – деді әкім.

Алтай Көлгінов бас санитар дәрігер және сауда орталықтарының басшыларымен бұл мәселені шешу жолдары талқылады.

«Енді аумағы 2 мың шаршы метрден асатын ірі сауда орталықтары тәулік бойы жұмыс істеуі үшін шешім қабылдайтын боламыз. Бұл қала тұрғындары, кез келген азамат өзіне қолайлы уақытта бара алуы үшін жасалады. Сол кезде дәліздерді тарылтпаймыз және қарбалас та болмайды. Әсіресе, Жаңа жыл қарсаңында барлығы да дүкенге барып, үйіне қажетті заттар, енді біреулер балаларына сыйлық алғысы келеді. Сондықтан осы мәселені бірлесіп пысықтауымыз керек», – деді ол.