Атырауда Балғымбаев орталығы бар

Атырауда Балғымбаев орталығы бар

Мұнайлы астанадағы Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті ба­засында белгілі мемлекет қайраткері, мұнайшы, 1997-1999 жылдары Премьер-Министр лауазымын атқарған Нұрлан Балғымбаев атындағы Даму және коммуникациялар орталығы ашылды.

Еліміз үшін Нұрлан Балғымбаев есімі құрметті, оның қарапайым жұмысшы болып бастаған еңбек жолы кім-кімге де өнеге. Халық үшін алдымен мұнайшылар динас­тиясын жалғастырушы білікті маман ретінде танылған Нұрлан Балғымбаев еңбек жолын Маң­ғыстау облысының Құрық кентінде бұрғылаушының көмекшісі болып бастаған. Еңбек тәжірибесі оны «Маңғышлақмұнай» бірлестігінде жерасты жөндеу операторы, мұнай шығару жөніндегі оператор, скважиналарды жерасты жөндеу шебері болып еңбек етуге жол ашты. Адал еңбексүйгіштігі Нұрлан Балғымбаевты ұлтқа еліміздің мұнай және газ өнеркәсібін заман талабына сай дамытып, қазба байлықтарды тиімділікпен игеріп, халық игілігіне жарату жөніндегі ірі жобаларды жасау ісіне тікелей араласып, ұйытқы болған тұлға ре­тінде танытты. Ол Үкімет басшысы ретінде әлеуметтік саладағы реформаторлығымен, отандық тауар өндірушілерге мүмкіндігінше қолдау көрсету бағытын ұстануы­мен ерекшеленді. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда елдің дамуын ойлап, тәуекелге бел буған шақтары ұлт болашағын ойлаған арда азамат етіп танытты. Ғұмыры тағылымды тұлғаны үлгі тұтқан замандастарының жалғасы бүгінгі жас буынға жетуі маңызды. Сон­дықтан да Нұрлан Өтепұлының ұрпақтары мұнайдың атасы атанған мұнайшы Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ универси­тетінде жанынан Нұрлан Балғымбаев атындағы Даму және коммуникация орталығын ашуға шешім қабылдапты.

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті жа­нындағы оқыту-білім беру орта­лығының 4 мың шаршы метрлік ауданы бар үш қабаттық корпусы заманауи технологиялық құрал­дармен, ақпараттық ресурс­тармен толықтай жабдықталған. Орта­лықта Қазақстанның мұнай өндіру тарихын қамтитын экспозициясы бар интерактивті музей орналасқан. Тағы бір маңызды ерекшелігі И.Губкин атындағы Ресей мұнай және газ университетінің электрон­ды ресурстарына қол жеткізуге мүмкіндік беретін интерактивті кітапхана қызмет көрсетеді. Оқу орталығында студенттер мұнайды бұрғылау, өндіру және өндеу дағ­дыларын дамыта алады. Мұнай-газ саласы мамандығын таңдаған студенттерді мұнай-газ саласында тәжірибеден өткізуге бағытталған орталықтың елімізде баламасы жоқ.

Оқу орталығының ашылу сал­танатында Нұрлан Балғымбаевтың жұбайы Нағима Балғымбаева, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, KAZENERGY ассоциа­циясы төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин, Энергетика министрлігінің бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов қатысты.

– Биыл біз Қазақстан мұнайы­ның 120 жылдығын атап өттік. Бұл – мұнайшылардың бірнеше буынының орасан зор қажырлы еңбегі. Тәуелсіздік алған соң Қа­зақстан экономикасын қарқынды дамыта бастады. Бұл қиын жылдар еді. Нақты перспективаның бол­мауын, экономикалық және саяси жүйенің күйреуін бастан кешірдік. Елімізге инвестиция, жаңа техно­логия тарту қажет еді. Тұңғыш Пре­зи­дент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың күш-жігерінің арқа­сында Қазақстанның экономикасы әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан экономикалардың бірі мәртебесіне ие болды. Елбасы ірі компанияларға кепіл болып, олар елімізге инвестиция әкеле бастады. Мұнай-газ саласына алғашқылар­дың бірі болып келген «Шеврон» компаниясы әлі күнге дейін әлем­дегі аса ірі кен орындарының бірі Теңізді игеріп жатыр. Осы жыл­дардың бәрінде Елбасымен бірге болған сенімді көмекшілерінің бірі – Нұрлан Балғымбаев. Оның білімі, іскерлігі, мақсатына жету­дегі күш-жігері инвесторларды мұнай-газ саласының перспекти­васына, болашағына сендіруге ықпал етті.

Мемлекеттік басқару мен эко­но­микадағы ірі қайраткер Нұрлан Балғымбаев өзінің бар білімін, тәжірибесін еліміздің өркендеу ісіне жұмсады. Еңбек жолын қара­пайым жұмысшы болып бастап, ұйымдастырушылық қабілетінің, әрдайым білігін жетілдіруге ұм­тылысының арқасында жоғары лауазымдарға көтеріліп, соның ішінде Премьер-Министр болып, қызметін аса жауапкершілікпен атқарды. Мен Нұрлан Өтепұлының отбасына алғысымды айтқым ке­леді. Себебі оны жадында сақтап, ісін жалғастырып қана қоймай, ма­­ман­дардың жас буынын қолдау жо­ба­сын нақты іске асырып отыр, – деген аймақ басшысы Н.Ноғаев осы оқу орталықта оқыған, тә­жірибе алғандар келешекте мұнай саласында кәсіби маман болып, жұмыста жетістіктерге жетіп, еліміздің дамуына үлес қосарына сенім білдірді.

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің директорлар кеңесінің төрағасы, KAZENERGY ассоциациясы төра­ғасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин Нұрлан Балғымбаевтың Қазақстанның мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесі туралы айтты.

– Өзінің білімімен, еңбегімен Қазақстанның тәуелсіздігін нығай­туға үлкен үлес қосқан оның өмір жолы күрделі. Ол туралы ес­телік жадымызда мәңгі сақ­та­лады. Бү­гінгі шара, мұнай және газ уни­вер­ситетінің жанынан ком­муни­ка­циялар орталығының ашылуы – осыған дәлел. Бұл заманауи оқыту-білім беру орталығы бүгінгі жас буынға қажетті кәсіби білім алып, ел игілігі үшін еңбек етуге мүм­кіндік береді, – деді Ұ.Қарабалин.

Салтанатты жиында сондай-ақ Энергетика министрлігінің бірінші вице-министрі, «Атамекен» ҰКП мұнай-газ өнеркәсібі комитетінің төрағасы, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ, ТШО, НКОК компанияларының өкілдері, мұнай саласының ардагерлері сөйледі.

Сайып келгенде, мемлекет және қоғам қайраткері, мұнайшы Н.Балғымбаев атындағы қордың қолдауымен ашылған оқу орталы­ғы – еліміздегі Жастар жылында жас­тарға тарту болған құнды сыйлық. Бұл орталықтың барлық мүмкін­дігін пайдалана алған жас­тар келешекте мұнай-газ саласын­дағы шетелдік инвесторлармен иық тірестіріп, білікті маман ата­нып, отандық мамандар қатарын то­лықтырары сөзсіз.

Салтанатты шарада Нұрлан Балғымбаев атындағы Даму және байланыс орталығы ғимаратының символикалық кілтін Нұрлан Өтепұлының жұбайы Нағима Балғымбаева С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ универ­ситетінің басшылығы мен студенттеріне табыс етті.

Содан соң шақырылған қонақ­тар ғимаратты аралап, орталықтың мүмкіндіктерімен танысты: сту­денттер үшін лингафондық және оқу залдары, виртуалды кітапхана жасақталған. Виртуалды кітапха­наны пайдаланушыларға ресейлік Губкин атындағы университеттің кітапханасы қолжетімді. Орталықта университеттің студенттері су астында дәнекерлеу тәсілін игереді. Бұрын Қашаған жобасында мұндай жұмыстарды тек шетелдік маман­дар ғана атқарған болатын. Енді атыраулық жас мамандар да бұған үйренеді.

Нақтысында Нұрлан Балғым­баев атындағы Даму және ком­муникациялар орталығындағы құрал-жабдықтар әлемдік дең­гейдегі стандартқа сай болуымен ерекшеленіп тұр. Бұл елімізде мұнай-газ саласында мұнайшылар ди­настиясының жалғасып, елі­міздің табиғи байлықтарын игеруде отандық мамандарға сенім артатын уақыттың келетінін айқын­дай­тындай. Мұны ел үшін адал еңбек етіп, халықтың жадында жақсы адам болып сақталған Нұрлан Балғымбаевтың жалғасындай болатын арда азаматтардың шы­ғуына сенім деп түйсінген дұрыс.

 

Атырау облысы