Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай Жамбыл облысы Қордай ауданында қарқынды инфрақұрылымдық құрылыс жұмыстары қолға алынғаны белгілі. Соның бір бағыты елді мекендерді газбен қамту болатын.
ҚазТрансГаз» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры Сәкен Исмайловтың айтуынша, бұл жоба өте тез іске асқанымен ерекше.– Президенттің тапсырмасына орай «ҚазТрансГаз» АҚ Жамбыл облысы әкімдігімен бірлесе отырып, Қордай ауданындағы Ауқатты, Бұлар батыр, Сортөбе, Масаншы, Қаракемер, Қарасу, Өтеген, Қызылсай, Күнбатыс-1 және Күнбатыс-2 елді мекендеріне газ құбырларын тарту жұмысын аяқтады. Құрылыс жұмыстары биылғы маусым-қазан айларын қамтып, небәрі 5 айда бітіп отыр. Бұл өте тез әрі сапалы салынған газ құбыры саналады.
Барлық жүргізілген газ құбырының ұзындығы 392 шақырым болса, бұл 7 000-нан астам отбасы мен 274 әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарды табиғи газға қосуға мүмкіндік берді. 42 шақырым болатын құрылыстың бірінші кезеңінде жоғары қысымды газ құбыры инвестициялық бағдарлама есебінен «ҚазТрансГаз» АҚ күшімен салынды. 31 шақырымдық екінші кезең жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізілді. Ел-жұрт көптен күткен көгілдір отын қазан айында Қарасу және Өтеген ауылдарының тұрғындарына берілсе, Тәуелсіздік күні қарсаңында 57 мыңнан астам тұрғыны бар 8 елді мекенге құбыр тартылып, үйлер табиғи газға қосыла бастады.Негізі, ауданға газ құбырын тарту жұмыстары «Қордай» автоматты газ тарату стансасын жаңарту жұмыстарымен қатар жүргізілді. Газ өткізу мүмкіндігі артқан станса тағы 7 елді мекенді газдандыруға мүмкіндік береді. Биыл Қордай ауданы елді мекендерін жаңғырту жұмыстарына қазынадан 35 миллиард теңге бөлінген. 400-ге жуық жоба жүзеге асырылып, 4 500 жаңа жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, Өтеген, Қарасу ауылдарының ауызсу мәселесі шешілер күн алыс емес. 360 пәтерлік 5 үйдің құрылысы қолға алынып, Қаракемер ауылындағы 20 үйдің құрылысы аяқталды. Келер жылы Қордай ауылынан 880 пәтерлік 6 тұрғын үй, 20 жер үй тұрғызылмақшы. Олардың кілті ең бірінші көпбалалы, аз қамтылған отбасылармен қатар, жас мамандарға, медицина, полиция, білім саласының қызметкерлеріне тапсырылады. Өңір тұрғындарының атынан сөз алған «Қоғамдық келісім Кеңесінің» төрағасы Әбдібек Сейілханов болса, мұның бәрі ең бірінші бірлігіміз бен егемендігіміздің арқасы екенін айта келе, ауылдағы ағайынның мұңына құлақ түрген Президентке және облыс әкіміне алғысын білдірді. Салтанатты шарада газ құбырының алғашқы алауы тұтанып, одан кейін қатысушылар Алтын Орда көшесі бойында орналасқан Мадина Молдажанованың газбен маздаған отбасы тіршілігімен танысып шықты.– Мемлекетіміздің басты ұстанымы – халықтың жағдайын жақсарту. 70 жылдан астам уақыт бойы Қордайды газбен қамту мәселесі шешімін таппай келді. Осы жылды тарихи деп атауға болады. Ел Президенті қолдауының арқасында 100 мыңнан астам тұрғыны бар ауданның 22 ауылын газдандыруға 10 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Нәтижесінде, қордайлықтарды көгілдір отынмен қамту деңгейі 47 пайыздан 95-ке дейін көбейеді. Мұндай ауқымды жұмыстар бұл аймақта бұрын-соңды жүргізілген жоқ, – деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.
Аяз түсіп, қара суық басталған шақта әр үйге жылу мен шаттық сыйлаған газ мамандарының еселі еңбегін атап өткен абзал. Ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтаған газ саласының мамандары өз кезегінде қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар таратты. «Газ тұтыну – ыңғайлы, бірақ оны пайдалану кезінде қауіпсіздік шаралары бірінші кезекте тұруы керек», – дейді мамандар.– Көптен күткен көгілдір отынды маздатып, қуанышымыз қойнымызға сыймай тұр. Осындай игі іске тек қуанамыз. Көмір азабын ұмытсақ деген арманымыз орындалып тұр. Әсіресе, бала-шағасы көп мендей аналардың қуанышында шек жоқ. Сортөбе ауылына газ кіргізген барша азаматқа алғыстан басқа айтарым жоқ. Жасаған жақсылықтарыңыз өздеріңізге еселеніп қайтсын, – дейді көпбалалы ана.
Жамбыл облысы,
Саятхан САТЫЛҒАН