Елдің саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуы барысында белгілі бір деңгейде қиындыққа кезігетіні белгілі. Осындай кезеңде көшбасшының ерекше қабілеті көрінеді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің саяси бағытын, әлеуметтік жүйені және институционалдық басқарудағы қарымы анық байқалды.
Қазақстанның географиялық ерекшелігін ұтымды пайдаланып, көреген шешімдерінің арқасында Н.Назарбаев Түркі әлемінің ақсақалы атанды. Мәселен, Түркия-Ресей қарым-қатынастарын реттеуде үлкен рөл атқарды. 15 шілдедегі оқиғадан кейін Түркияға келген алғашқы Мемлекет басшысы болды. Онда Түркі кеңесін құру туралы ұсыныс жасады. Өткен жылы Түркі әлеміне қатысты жүргізілген сауалнама Н.Назарбаевтың есімі түркітілдес мемлекеттер арасында үлкен танымалдыққа ие екенін анықтаған еді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті түркітілдес елдердің тарихи, мәдени, саяси өмірін қамтып көптеген сүбелі еңбек жазғанын айрықша атап өтер едім. Оның кітаптары түрік тіліне де аударылды. Түркі әлемінің көшбасшысы ретінде өткен тарих пен түркі елдерінің дамуға қарқын алған жылдардың жылнамасы, оның ішінде халықаралық ынтымақтастық, ұлттық татулық, демократиялық реформалар жайында ой толғады.
Тәуелсіз Қазақстанның негізін салған Көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаев сол кезеңде жазған «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында «Біз үшін бүгін демократия ма, жоқ тоталитаризм бе деп таласудың жөні жоқ. Біз таңдауды жасағанбыз, мақсатты айқындағанбыз. Алайда біздің алдымызда демократиялық дамудың қай үлгісін алуымыз керек деген мәселе тұрғаны рас» деп жазады.
Назарбаев елінің демократиялану үрдісінің кезең-кезеңімен, сатылы түрде жүзеге асырылатынын айтқан. Бұл дұрыс шешім болды. Өйткені демократияны институттар арқылы дамыту, тиісті құрылымдарды қалыптастыру және оны қалың жұртшылыққа қабылдатқызу үшін жоғарыдан төменге қағидасы нәтиже бермесі анық. Мұстафа Кемал Ататүрік те Түркия республика болып жариялана сала жылдам жаңару жолын таңдап, көптеген реформаларды жүзеге асырды.
Демократияның ықпалын толығымен сіңіру үшін ұзақ жыл қажет. Әлбетте, Қазақстан басқа географиялық кеңістікте және басқа өзгермелі факторларға байланысты мемлекет ретінде қалыптасқаны белгілі. Қазақ ұлты өз әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктеріне сай демократия ұғымымен бірге өмір сүре бастады. Президент Назарбаевтың айрықша мән беріп, білек сыбана кіріскен реформалау үдерісінде аталған ерекшеліктер де ескерілген. Қазақстан жергілікті дәстүрлер мен басқару әдеттерін жалпыадамзаттық құндылықтармен үйлестіріп, таңдаған бағыты бойынша келесі сатыға өтуді көздеді.
Жаңа мемлекетті әлем елдері танымайтын тұста АҚШ-қа сапары барысында Н.Назарбаев мынандай ұстанымда болған еді: «Мен өз елімнің абыройын, қадір-қасиетін қорғауда салғырттық танытқаным жоқ».
Сыртқы да, ішкі де дағдарыс Назарбаевтың көшбасшылығына селкеу түсірген емес. Себебі осындай стратегиялық маңызға ие аймақта өмір сүрсеңіз, екі мәселенің өзара әсері бар екенін ескере отырып әрекет ету керек. Егер елде саяси дағдарыс туындаса, шетелдік инвесторлар теріс айналуы мүмкін. Тіпті, бір саусағын бүгіп жүргендердің ел байлығына деген тәбеті ашылуы ықтимал.
Сол сияқты өңірлік немесе әлемдік дағдарыс жағдайында елдегі саяси, әлеуметтік және экономикалық жүйе жетілмесе, жаһандық оқиғалардың салдары қиын тиюі мүмкін. Егер соның бәріне әзір болсаңыз, алдағы 10 жылда дүниежүзіндегі ең дамыған 30 елдің бірі болу қиын емес. Мұның бәрін жете түсінген Н.Назарбаев ел дамуы үшін ең маңызды шешімдер шығарғанын бүгінде көз көріп отыр.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың түркітілдес елдер арасында бейбітшілікті нығайту үшін атқарған еңбегін ерекше атап өтер едім. Түркі әлемінде бауырлас елдердің рухани, мәдени, экономикалық ынтымақтастығын нығайтуға барын салды. ТҮРКСОЙ, Түркі кеңесі, Түркі академиясы, ТүркПА және Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры да тікелей Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған.
Түркі әлемінде бірлік пен ынтымақты сақтауда Назарбаевтың маңызды рөл атқаратынын атап өткім келеді. Кейінгі 30 жыл ішінде түркітілдес елдер арасындағы қарым-қатынастың нығаюына қозғаушы күш болды. Тәуелсіздік алған елдер үшін сындарлы кезеңдерде көрегенділік танытты. Оның ішінде, Түркі кеңесін құру арқылы бауырлас елдердегі түйткілді мәселелер оңтайлы шешімін тапты. Баршамызға ортақ кеңестің жұмысын жүйелеуде, жандандыруда Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор. Оның бастамаларымен іске асып жатқан тарихи, мәдени байланыстардың құндылығы келешек ұрпақ үшін маңызды қадам екені анық. Түркі дүниесі үшін қажымай, талмай еңбек еткенін ерекше айтып өткен жөн. Ол ‒ 1992 жылдан бері түркітілдес елдердің басшылары жиналған барлық саммитке қатысқан жалғыз қайраткер. Келелі кеңес, ұтымды ұсыныстар түркі дүниесінің саяси, рухани, мәдени байланысының нығаюына жол нұсқады. Түрік әлеміне тың серпін берді. Оның ішінде, бауырлас Өзбекстанның Түркі кеңесіне ресми мүше болғаны тарихи оқиға еді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі тәуелсіз Қазақстанның тарихында алтын әріппен жазылары анық. Меніңше, Түркияның мемлекет ретінде қалыптасу мен гүлденуінің басында Мұстафа Кемал Ататүрік тұрса, Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаев деп айтар едім. Оның табандылығы мен қайраткерлігі Шарль де Голль, Ли Куан Юдің еңбегіндей жоғары бағалануы тиіс. Қазақстан егемендік алып, экономикасы құлдырап, халық күйзелген шақта елін дағдарыстан шығарған еңбегін ұмытпаймыз. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевтың қайраткерлігі әлемде жоғары бағаланады. Оның озық ойы, тың бастамалары – Еуразия кеңістігінің батысы пен шығысын жалғайтын алтын көпір.
Сонымен қатар Қазақстан мен Түркия өзара білім саласында қоғамның сұранысына сай білікті кадр дайындауды бірлесіп жүйелі жүзеге асырып келеді. Бірлескен тәжірибе түркітілдес елдердің білім саласына жаңашылдық екені анық. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстанда жаңаша бағытта білім беретін оқу орындары ашылды. Бауырлас Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін кадр даярлауға көп көңіл бөлді. Әсіресе, Қазақстан егемендік алған қиын-қыстау кезеңде шетелде жастарды оқытуды қолға алғаны ерлікпен пара-пар. Жастарды «Болашақ» бағдарламасымен әлемдегі жетекші оқу орындарында білім алуға күш салды. Білімді жастар шет тілін меңгеруге басымдық берді. 1992 жылы Түркістан қаласында Түркия мен Қазақстан бірлесіп, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ашылды. Бүгінде соның нәтижесінде, жаңа заманға сай кадр даярлауда Қазақстан Орта Азияда көш бастады. Өзге елдер оның тәжірибесін үлгі етіп, өз елдерінде қолданысқа енгізді. Мәдени, рухани байланыстың жүйелі дамуы нәтижесінде, Түркістан қаласы түркі әлемінің рухани астанасына айналды. Сондықтан Қазақстанда халықаралық университеттің ашылуы бүкіл түркі әлеміне үлгі.
Тамыры бір, тарихы ұқсас елдер арасында ақпараттық байланысты одан ары дамыту — қажеттілік. Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында Қазақстанда латын әліпбиіне көшу мәселесін көтерген болатын. Қазақстан латын әліпбиіне көшсе, түркітілдес елдер өзара ақпаратты жедел оқуға, тарихи жазбаларды зерделеуге оң ықпал етері анық. Нұрсұлтан Назарбаев өркениеттің дамуында ұлттық мүддені, түркітілдес елдердің тарихын үнемі басты назарда ұстайды. Қазақ елінің тарихына шолу жасасақ, бұған дейін де елде латын әліпбиі қолданылған. Қазіргі әліпбидің ерекшелігі жаңа жетістіктерге қол жеткізуге бастамашы болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге септігін тигізеді. Түркітілдес халықтарға ортақ әліпбидің болуы мәдени, рухани дамуға тың серпін беретіні анық.
Арнайы «Айқын»
газеті үшін профессор
Куршад ЗОРЛУ
(Түркия)