Қазақстанда электронды жүйелер істен шыққан сайын жауапты басшылардың орынбасарлары жазалануы мүмкін. Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин ақпараттық жүйеде ақау болдырмау үшін жауапты органдар бірінші басшысының салаға жетекшілік ететін орынбасарының дербес жауапкершілігін бекітуді жүктеді.
Үкімет жетекшісінің мәліметінше, биыл «Электронды Үкімет» порталында меморгандар шамамен 130 рет жүйенің істен шығуына жол беріпті.
– Бұл азаматтардың әділетті сынын және көңіл толмастығын туғызды. Ақаулардың негізгі үлесі Ішкі істер министрлігінің, сондай-ақ Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті еншісінде. Ведомстволық жүйелердің тұрақты жұмыс істеуін бақылау мен мониторингтеуді күшейту мақсатында әр уәкілетті орган деңгейінде бірінші басшының осы мәселеге жетекшілік ететін орынбасарын дербес жауапты етіп белгілеуді тапсырамын, – деді А.Мамин.
Заманауи технологияларды тиімді енгізу мақсатында 2018 жылы 5 министрлікте, яғни денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік-еңбек саласы, цифрлық даму мен салық-кедендік қызметінде «цифрлы» вице-министрлер тағайындалды. Енді Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика және Ішкі істер министрліктерінде де «цифрлы» вице-министрді тағайындау жоспарлануда.
Негізі арнайы жоспарға сәйкес, 2020 жылы барлық министрліктің бүкіл базалары өзара кірігуге тиіс. Яғни, келесі жылы өзара интеграциялау үдерісі аяқталуы керек. Бірақ қағаз жүзіндегі міндетке шенеуніктердің іс жүзіндегі іс-қимылы сай емес.
– Ақпараттық жүйелерді интеграциялау жоспары барлық мемлекеттік органдарға қатысты. Алайда биылға жоспарланған жұмыстардың тек жартысы ғана орындалған. Ал кіріктіру жұмыстарының қалған 50%-ы бюджеттің сапасыз жоспарлануы кесірінен ұзаққа созылып кетті. Қаржы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика, Экология, Білім және ғылым, Ішкі істер министрліктері жұмысты жандандырып, жыл соңына дейін жоспардың 100% орындалуын қамтамасыз етуі қажет, – деді Үкімет жетекшісі.
Бұған қоса, ол барлық орталық меморгандарға жыл соңына дейін интернет ресурстарын Бірыңғай платформаға көшіруді аяқтауды жүктеді.
– Ақпараттық жүйелерді интеграциялау және бизнес-процестерді автоматтандыру арқасында кез келген халыққа қызмет көрсету орталығы қызметтердің барлық түрін бір жерден әрі кешенді түрде көрсете бастауы тиіс. Сондықтан Цифрлық даму және Ішкі істер министрліктеріне цифрлы және миграциялық ХҚКО-лардың жұмыс форматын қолданыстағы басқа барлық ХҚКО-ларға тарату жұмысын пысықтауды тапсырамын, – деді ол.
«Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясына цифрлы технологияларды қолдана отырып, шағын қалалар мен ауылдардағы азаматтарды қашықтан оқытудың құралдарын және тәсілдерін пысықтау жүктелді. Себебі мамандар қияндағы ауылға барғысы келмейді. Тұрғыны шамалы елді мекенде жеке ХҚКО ашу орынсыз делінді. Осыған орай, ондай ауыл-қалашықтағы жұртшылықтың жаппай компьютерлік сауатын ашу, содан кейін маманы жоқ, тек кеңесшісі ғана бар цифрлы ХҚКО құрып, мемлекеттік қызметті сол орталық арқылы ұсыну жөн деп танылды.
– Жалпы, бұл шаралар сұранысқа ие қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын және электрондық сервистің тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік бермек, – деп түйді Асқар Мамин.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтің мәліметінше, 2020 жылы қазақстандықтардың цифрлы сауаттылығының көрсеткіші 80%-ға дейін жетпек.
Қызметтерді электронды форматқа ауыстыру қазірдің өзінде құжат айналымын 70 млн құжатқа қысқартты. Жалпы алғанда, мұның 8 млрд теңгеден аса жанама экономикалық әсері бар екен.
– Жыл соңына дейін электрондық қызметтердің үлесі 80%-ға дейін (723 қызметтің 580-і) жеткізіледі. 2020 жылы мемлекеттік қызметтердің 90%-ы автоматтандырылады, – деді министр.
Елдос СЕНБАЙ