Сарапшылар «таяуда тарихи оқиға болды» дейді. Өйткені Қазақстан мен Әзірбайжан Шығыс пен Батыс арасындағы цифрлы телекоммуникациялық дәліздің іргесін қалады. Каспий түбінде төселетін талшықты-оптикалық желімен енді Қытайдан Еуропаға және кері бағытта интернет трафик тасқындайды. Бірақ екі ел мұнда бірқатар қиындыққа да кезігуі мүмкін.
Сонымен, қандай оқиға болды? Қазақ елі теңіз түбінде төл телекоммуникациялық алып магистралі және соны төсеу мен күтіп ұстау тәжірибесі бар әлемдегі санаулы елдер қатарына қосылмақ. 2019 жылғы 19 қарашада Қазақстан Үкіметінің басшысы Асқар Мамин және Әзірбайжан премьер-министрі Али Асадов Ақтау қаласында Каспий теңізінің түбінде жүретін талшықты-оптикалық желі құрылысын салтанатты түрде бастап берді. Діні бір көрші елдер арасындағы бұл желі Trans Caspian Fiber Optic (TCFO) деген атау алып отыр.
Жоба трансконтиненталдық сипатқа ие және Еуропа мен Азия арасындағы цифрлы телекоммуникациялық дәлізді ашады.
Цифрлы «әл-ауқат»
Жобаның қызықты деректеріне тоқталсақ. Каспий табанындағы құбырлы кабельдің ұзындығы 380-400 шақырымға дейін созылып жатпақ. Оның деректер өткізу сыйымдылығы ең кемі 4-6 терабит/секундқа дейін жетеді.
Бұл нені білдіреді? Адамдар мұнайдың 1 баррелі 1 бөшке екенін, яғни шамамен 158,988 литр немесе 16 шелекке тең болатынын біледі. Ал мемлекеттер өз активін сақтайтын стандартты алтын құймасының көлемі кірпіштей, салмағы 11 000-13 300 грамм екені белгілі. Сондықтан әлгі ақпарат ағынын үйреншікті өлшемдерге салып көрсек: қарапайым тілмен айтқанда, бұл «сымның» бойымен небәрі бір секундта ғана 3 миллион кітапқа, mp4 форматтағы 200 мыңдай өлеңге пара-пар ақпарат өтеді. Егер осы бір секундтағы ақпаратты қағазға басып шығарса, 37 мыңнан астам ағашты кесуге тура келмек.
Теңіз түбінде талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмыстарын қазақстандық «Транстелеком», KazTransCom компаниялары және әзірбайжандық AzerTelecom байланыс операторы жүзеге асырады. Желі 2021 жылдың соңына қарай пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
– Әзірбайжан – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Мемлекетіміз арасындағы достық пен өзара тиімді ынтымақтастықтың іргесін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, әзірбайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Алиев және одан кейін ел тізгінін ұстаған президент Ильхам Алиев қалап нығайтты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының сыртқы саяси бағдарын жалғастыра отырып, Әзірбайжанмен екіжақты қарым-қатынасты өркендетуге және тереңдетуге ерекше көңіл бөледі, – деді салтанатты рәсімде Үкімет жетекшісі Асқар Мамин.
Ол Trans Caspian Fiber Optic жобасы республикамызға деректі берудің жылдамдығы жоғары және жақсы қорғалған инфрақұрылымын дамытудың шыңына шығуға, озық Еуропа–Азия магистралды бағдарлары қатарына кіруге және әлемдік деректер транзитінде лайықты орын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бұл бірлескен жоба – қарым-қатынастарының төркіні тарихтың терең қатпарларынан, сонау сақ-ғұн дәуірлерінен тамыр тартатын екі елдің бірлескен кең ауқымды халықаралық бастамаларының бірі. Осы арқылы қос халық адамзат өмірінің бар саласын қамтып, түрлендіріп жатқан жаһандық цифрлы трансформацияға қол ұстаса аяқ басады. Дүниежүзілік қауымдастықтың алдыңғы қатарлы бөлігі мойынсұнған цифрлы өркениетке дендей енеді.
Бұл инвестицияға – қуатты серпін, жаңа экономиканың өркендеуіне – тың өріс. Нәтижесінде, Қазақстанда цифрлы технологиялармен жұмыс істейтін бизнес түрлері дамиды. Магистралдық байланыс желілері өрістесе, Smart city, IoT (internet of things немесе заттар интернеті), Big Data, 5G-да қарқынды ілгерілейді.
Ресми мәлімет бойынша, TCFO жобасы Еуропа мен Азия арасындағы цифрлы транзитке деген қазіргі барлық қажеттілікті толығымен өтейді.
Ендеше, ол «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен ұштаса отырып, Шығыс пен Батыс арасындағы ХХІ ғасырдағы өзіндік «Ұлы Жібек жолына» айналмақ.
Жобаға Қазақстан тарапынан жетекшілік ететін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Дарын Тұяқов Каспий теңізі түбімен өтетін бұл желіден мемлекетіміз алдағы он жылда 300 миллион доллар (2019 жылғы бағамға сәйкес 115,5 миллиард теңге) табыс таба алатынын айтады.
– Бір қарағанда, TCFO теңіз арқылы Қазақстан мен Әзірбайжан арасын жалғайды. Дегенмен тереңірек үңілсек, осы желі біздің елдер арқылы Қытай мен Еуропа арасындағы трафик транзитін қамтамасыз етпек. Яғни, Гонконг пен Франкфуртты өзара байланыстырғалы тұрмыз! Бұдан Қазақстанға келер пайда қандай? Жобаға шамамен 60 миллион доллар инвестиция құйылады. Ал транзиттен түсер табыс көлемі 10 жыл ішінде шамамен 300 миллион долларды құрайды деп күтілуде. Бұған қоса, осы жоба 150-дей жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, – дейді вице-министр Д.Тұяқов.
Теңіз түбіне
күмән тұна ма?
«Транскаспий фибер-оптикалық магистралінің» ғажайыпқа айналарына шүбә келтіретіндер де жетерлік. Әрине, оларды, әсіресе ресейлік сарапшылар сөзін «көреалмаушылыққа» жатқызып, «ішің күйсе, тұз жала» дей салуға да болар еді. Дегенмен бір медальдің екі жағы болатынын есте сақтап, бірқатарына құлақ түрген абзал.
Кейбір деректер бойынша, TCFO-ның 4-6 терабит/секундтық жобалық мәліметтер беру сыйымдылығы жоба толыққанды пайдалануға берілгенде-ақ ескіріп қалу мүмкін көрінеді. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын Nature Photonics журналы хабарлағандай, АҚШ пен Нидерланд ғалымдары инновациялық, көпарналы оптикалық талшық ойлап тапты, ол секундына 255 терабит ақпарат беруге қабілетті. Рас, ол әзірге сынақтан өтуде және кең өндіріске қойылған жоқ. Әйтсе де, бұл өнертабыстың пайда болуының өзі өзге жетістіктерді көмескі етпек. Айталық, бұған дейінгі әлемдік рекорд бұдан алты есеге кем.
Мәліметтер беру қарқынының барған сайын ұлғаюы – ІТ саласындағы технология дамуының табиғи үрдісі. Себебі қоғам мен экономиканың қажеттіліктері еселеп артуда. Тиісінше, адамзатты барған сайын ұшқыр бола түсетін интернетпен қамту тұрақты түрде технологиялық күн тәртібінде тұрады. Олай болса, бірер уақыттан соң TCFO-ны жаңғырту қажет болуы ықтимал. Ол кезде жоба өзін-өзі ақтап, болжанып отырған табысты әкеліп үлгерсе, дұрыс.
Тағы бір түйткілді Sputnik Азербайджан радиосына осы елдің Мемлекеттік экономикалық университетінің (UNEC) профессоры, экономика ғылымдарының докторы Эльшад Мамедов айтып берді. Ол екі ел бұл жобадан валюталық кіріс таба алатынын жеткізді. Бірақ ол үшін лайықты менеджмент пен мықты маркетингтік саясат қажет. Әйтпесе, қазірден трафик транзиті нарығында әрекет етіп жатқан бәсекелестері оның ілгерілеуіне ырық бермейді.
– Қазақстан мен Әзірбайжанның қатысуымен континентаралық телекоммуникациялық дәліз құру ұлттық экономикамызды әртараптандыруға септеседі. Қос елде қолға алынып жатқан әлеуметтік және экономикалық жаңғырулардың бір мақсаты да – осы. Демек, бұл жоба орынды. Сондай-ақ біз әлемдік экономика жүйесінде өзімізді жоғары технологиялық қызметтер экспорттай алатын мемлекеттер ретінде паш ете аламыз, – деді профессор.
Ол келешекте шығындар мен теріс салдарға жол бермеу үшін идеяның оң жақтарымен қатар, кемшін тұстарын да нұсқаған дұрыс екеніне сенімді.