Сенат «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын қарап, Мәжіліске кері қайтарды. Алдағы уақытта облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар бюджеттерінің жобалары Сенатқа ұсынылуы мүмкін. Неге? Төменде баяндаймыз.
Үкімет мүшелері қатысқан палата отырысында сенаторлар бюджет жобасын талқылап, еліміздің негізгі қаржы-экономикалық заңына 85 түзету мен толықтыру ұсынған болатын. Оның 44-і қабылданды. Түзетулер, бірінші кезекте аймақтарды дамытуды ынталандыруға және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту шараларына қатысты болды. Мәселен, балаларға, көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге берілетін жәрдемақыны арттыруға, бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын ұлғайтуға, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салуға бөлінетін әлеуметтік сала шығындары 5,7 трлн теңге немесе 45 пайызға жуық болып отыр.
Өңірлерде кезекте тұрғандардың жер телімдерін алуына орай «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының шараларын қаржыландыру аясында инфрақұрылым құрылысына арналған қаржыға байланысты бірқатар түзетулер ұсынылды. Сонымен қатар Жоғарғы палатаның жалпы отырысында шалғайдағы елді мекендерде сумен жабдықтау жүйесін салу және қайта құру, сондай-ақ Аймақтарды дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы шараларды жүзеге асыруға қатысты түзетулер талқыланды. Таратып айтсақ, Түркістан және Жамбыл облыстары, сондай-ақ Шымкентті үш жылда 17,1 млрд теңгеге газдандыру; Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстары мен Жезқазған қаласында 5,2 млрд теңгеге су құбырларын тарту; Нұр-Сұлтандағы Есіл мен Сарыбұлақ өзендерінің арнасын, сондай-ақ келер жылы XVII аймақаралық ынтымақтастық форумын өткізуге дайындық шеңберінде Көкшетауда жылу желісін қалпына келтіруге 1,3 млрд теңге; әл-Фарабидің 1 150 жылдық мерейтойына дайындық жасау мен өткізу үшін Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде «Қазақстан» павильонына экспозиция дайындауға 832 млн теңге бөлуді ұсынды. Депутаттар 2020 жылы бұқаралық ақпарат құралдарында Сенат қызметін ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз етуге қосымша 460,5 млн тенге бөлуді, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі арқылы «Еуразия» телеарнасына қолданыстағы бағдарламаларды жетілдіру, мемлекеттік тілде жаңа бағдарламалар мен фильмдер циклын шығаруға бөлінетін қаржыны 1 млрд теңгеге ұлғайтуды ұсынды. Жалпы алғанда, республикалық бюджеттің шығыстар көлемін 40,8 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға қатысты түзетулер енгізілді, айта кетейік, оның 15 млрд теңгесі 2020 жылға арналған.
Сенат төрағасы Дариға Назарбаева барлық деңгейдегі бюджет шығындарын бақылау үшін Есеп комитетін, өңірлердегі мәслихаттарды және тексеру комиссияларын кадрмен және ұйымдастыру жұмыстарымен қамтамасыз ету қажетін атап өтті. Сонымен бірге Сенатқа облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар бюджетінің жобаларын ұсыну туралы да айтылды. Бұл депутаттардың жергілікті бюджеттің кірісі мен шығысының жалпы көрінісімен танысу үшін қажет екен.
– Республикалық бюджет комиссиясы өтінімдерді өздері қарай береді, ал бюджет комиссиясының жұмыс тобының жалғыз отырысына Парламент депутаттарының қатысуы формальды түрде қатысумен шектеледі. Үкіметтің назарын осы мәселеге аудара отырып, жақын арада тиісті шаралар қабылдауды ұсынамыз, – деді Д.Назарбаева.
Парламент Сенатының жалпы отырысының қорытындысы бойынша депутаттардың республикалық бюджет жобасына енгізген түзетулері Мәжіліске жіберілді. Енді Мәжіліс Жоғарғы палатаның ұсыныстарын өзара талқылап, келісуі керек.
Сенаттың жалпы отырысында еліміздің 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы да талқыға түсті. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, болжам мен бюджеттік параметрлерді қалыптастыру үшін негізге алынған базалық сценарий мұнай бағасы 55 доллар көлемінде болады деп болжайды. Жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 2020 жылы – 4,1 пайыз, ал 2024 жылы 4,7 пайыз деңгейінде болжанып отыр. Орташа жылдық өсу қарқыны 5 жылда 4,4 пайызды құрайды. ЖІӨ өсуі жалпы жинақтың, ішкі тұтынудың және экспорттың өсуі есебінен қамтамасыз етілмек.
Министр мұнай өндіру көлемі келер жылы 90 миллион тоннадан 2024 жылы 100 миллион тоннаға дейін өседі дейді.
«Өндіріс Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындарын кеңейту есебінен болады. Номиналды жалпы ішкі өнім 2020 жылы 75 триллион теңгені, ал 2024 жылы 106 триллион теңгені құрайды. 2020-2021 жылдары инфляцияның жылдық нысаналы дәлізі 4,0-6,0 пайыз деңгейінде сақталады. Ал 2022-2024 жылдары 3,0-5,0 пайыз шегінде болады. Макроэкономикалық болжамның негізінде 2020-2022 жылдарға арналған бюджет параметрлерінің болжамы әзірленген. Соған сәйкес, республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді қоспағанда) болжам бойынша 2020 жылы 8,1 трлн теңгені, 2022 жылы 9,5 трлн теңгені құрайды», – деді министр. 2020 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге қарағанда 2,1 пайыз, 2022 жылы – 1 пайызға дейін төмендейді деген жоспар бар. Осы параметрлер есепке алынып, республикалық бюджеттің шығыстары 2020 жылы – 12,9 трлн теңге, 2022 жылы 13,7 трлн теңге көлемінде айқындалып отыр.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ