Қандастар қоныстанатын жерін өзі таңдайтын жағдай жасауымыз керек

Қандастар қоныстанатын жерін өзі таңдайтын жағдай жасауымыз керек

Қандастар қоныстанатын жерін өз еркімен таңдайтындай жағдай жасаған жөн. Азаматтық алу мәселесінде ешқандай шектеу де, мерзім де болмауы тиіс. Бұл туралы сайлауалды үгіт аясында «Ауыл» партиясынан Парламент Мәжілісіне ұсынылған кандидат Бахаргүл Төлеген мәлімдеді.

Айта кетейік, бүгін «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының тізімімен Парламент Мәжілісіне ұсынылған кандидат Б.Төлеген, А.Көкеева, Нұр-Сұлтан қаласы маслихатына үміткер Ф. Энгишев пен А.Елубаева Нұр-Сұлтан қаласының қолөнер шеберлерімен кездесті. «Ауыл» партиясының кандидаттарымен кездесуге этно-дизайнер, Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі, Қазақ Ұлттық дизайн академиясының академигі Қазипа Қалиқызы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Ақмола облысы филиалының басшысы, графикалық жарнама дизайнері Алтынгүл Мәденқызы қатысты. Мәжіліс депутаттыға үміткер Бахаргүл Төлегеннің айтуынша, қазіргі кезде қандастарға мемлекет тарапынан жеңілдетілген, кепілсіз несие қарастырылмаған. Жаңадан қоныс аударғандардың 90 пайызы әлеуметтік көмекке зәру, кепілдікке беретін мүлкі жоқ. Үкіметтен берілетін бірреттік жәрдемақы өте төмен және жеткіліксіз. Көші-қон квоталарын орнатудың тіпті керегі жоқ. «Қандастар қоныстанатын жерін өз еркімен таңдайтындай жағдай жасаған жөн. Азаматтық алу мәселесінде ешқандай шектеу де, мерзім де болмауы тиіс. Сонымен қатар, қандастардың жаңа әлеуметтік ортаға тез бейімделуіне және кірігуіне ықпалдасатын арнайы бағдарлама жасау керек», – деді ол.

Тұмар МЫРЗА