15 желтоқсанда Қазақстан Республикасының аумағына Израиль, Ұлыбритания, Германия, Франция, Оңтүстік Корея, Мальдив Республикасы, Мысыр, Түркия, БАӘ, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан 13 халықаралық әуе рейсі келіп қонды, деп хабарлайды ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі. 13 халықаралық әуе рейсімен Қазақстанға барлығы 1 612 жолаушы ұшып келген. Олардың ішінде ПТР-тестілеудің теріс нәтижесі бар анықтамамен 1 465 адам, анықтамасыз 147 адам (ҚР азаматтары) келген.
«Анықтамасыз келген Қазақстан азаматтары келген жері бойынша COVID-19-ға ПТР-талдау әдісімен тестілеуден өтті. Карантиндік стационарларда өз нәтижелерін күтіп жатыр. Бір күн бұрын, 2020 жылдың 14 желтоқсанында анықтамасыз келген 81 адамның ПТР-талдау нәтижелері бойынша Ыстанбұл – Алматы рейсімен ұшып келген Қазақстанның 2 азаматынан коронавирус инфекциясы анықталды», - делінген хабарламада.Сонымен қатар, Түркиядан ұшып келген Шри-Ланка мен Қырғызстан азаматтарында коронавирусқа тест анықтамаларының мерзімі өтуіне байланысты олар Алматы қаласының әуежайынан депортацияланды.