Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан бері көпвекторлы саясатқа иек артатынын, жаһандық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты ту етіп ұстайтынын төрткүл дүниеге мәлімдеген еді. Содан бері «тоғызыншы территория» әлемдік аренада осы ұстанымға берік екенін сан рет дәлелдеді. Қазақстан көтерген бастамалар халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланып, қызу қолдауға ие болып келеді. Мұның бәрі, әлбетте Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізген сындарлы саясатқа байланысты екені анық.
Ядролық қарудан азат әлем
Қазақстанның Тұңғыш Президентінің жаһандық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша көтерген, сондай-ақ іске асырған бастамалары аз емес. Соның ішіндегі бірегейі әрі елеулісі – Ядролық қарудан өз еркімен бас тарту. Бұл бастама сынақ алаңына айналған қазақтар үшін ғана емес, шартараптың түкпір-түкпірінде шешім қабылдауға әсер етті.
Елбасы 1991 жылы Қазақстан әлеуеті бойынша әлемде төртінші орында тұрған ядролық қару арсеналынан өз еркімен бас тартты. Бұл күтпеген қадам еді. Халықаралық ұйымдар бұрын-соңды тарихта болмаған мұндай іс-әрекет тың және батыл бастама деп мойындады. Тіпті, ядролық қаруы бар алпауыт елдердің өзі бұған қайран қалғаны есімізде. Нәтижесінде, «тоғызыншы территорияның» бейбітсүйгіш бастамасы халықаралық қоғамдастық тарапынан қолдау тауып, ядролық арсеналы бар ірі елдер – АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Францияның ядролық сынақтарға мораторий жариялауына себеп болды.
Ядролық сынақтан бас тарту және жаппай қырып-жою қаруларын таратпау бағытындағы Елбасы бастамалары мұнымен бітпек емес. БҰҰ 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялағаны белгілі. Яғни, айтулы датаның Н.Назарбаевтың Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қоюымен тұспа-тұс келуі бекер емес. Мұны Қазақстанның ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау мәселесіндегі маңызды рөлінің мойындалуы деп бағалаған жөн.
Сондай-ақ 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында қабылданған Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларациясына да Қазақстан елеулі үлес қосты. 2016 жылы Тұңғыш Президент Н.Назарбаев төрткүл дүниенің төрелері жиылған ядролық қауіпсіздік жөніндегі төртінші саммит шеңберінде «Әлем. XXI ғасыр» манифестін жариялап, ядролық қарумен қатар жаппай қырып-жоятын қарудың басқа да түрлеріне, оның ішінде БҰҰ-да жаппай қырып-жоятын қаруды жасау және оны жетілдіруге арналған ғылыми жаңалықтарды есепке алу реестрі арқылы тыйым салуды ұсынды.
2018 жылы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық еткенде де жаһандық қауіпсіздіктің әлі де күн тәртібінде екенін тағы еске салып өтті. Нью-Йоркте Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» тақырыбындағы өзекті іс-шарада әлемдік қауіпсіздік пен тұрақтылық жан-жақты талқыланды.
Өңірлік даму – негізгі міндет
Еліміз халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді. Бұл тұрғыда Қазақстан мен Елбасының бастамашы болуымен іске қосылған ұйымдардың орны ерекше. Осы орайда, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) құру және Шанхай ынтымақтастық ұйымын құруға Қазақстанның белсене қатысқанын айта кеткен жөн. Ал мұндай қадамның әлемдік аренадағы «тоғызыншы территория» беделін арттыратыны айтпаса да түсінікті.
«Қазақстан Қытаймен шекараға қатысты аумақтық мәселелерін шешіп жатқан бес республиканың қатарында ұйымды құрудың бастамашыларының бірі ретінде оның бастауында тұрды. Қазіргі басым бағытының бірі экономикалық ынтымақтастықты дамыту болып саналатын біздің ұйым экономикалық және саяси жағынан маңызды әлемдік ойыншыға айналды» деп еске алған-ды Елбасы Н.Назарбаев 2016 жылы Ташкентте өткен ШЫҰ саммитінде.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы кейінгі кезде аймақтық деңгейде ғана емес, дүниежүзілік ауқымда серпінді түрде дамыған көп салалы, жетекші ынтымақтастық ұйымдардың біріне айналды. Қазіргі таңда ШЫҰ саяси дипломатиялық сипатына сәйкес, тұрақты түрде нығайып келеді.
Мәселен, ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы тауар айналымы жылдан жылға артып келеді. Қытай сауда министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2017 жылы Қытай мен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттермен сауда айналымы 214,6 миллиард долларды құраған. Ал 2001 жылы бұл небәрі 12 миллиард долларға әрең жететін. Қырғыз елінің сыртқы сауда-экономикалық байланысының 71 пайызы дәл осы ұйымға мүше мемлекеттерге тиесілі.
Сондай-ақ ұйымның географиялық ауқымы кеңейіп, ШЫҰ-ға мүшелікке өтуге ынта білдіргендер саны да артып отыр. Екі жыл бұрын елордада өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысында Үндістан мен Пәкістан ресми түрде ұйымға кірді. Ауғанстан, Беларусь, Иран және Моңғолия байқаушы мемлекеттер болса, ал Әзірбайжан, Армения, Камбоджа, Непал, Беларусь, Шри-Ланка және Түркия диалог бойынша әріптес елдер ретінде ШЫҰ саммитіне қатысады.
Елбасы Н.Назарбаевтың тағы бір жаһандық бастамасы ретінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құру ұсынысын атап өткен абзал. Бұл маңызды әрі дер кезінде жасалған қадам еді. Н.Назарбаев осы ұйымды құру туралы ұсынысын 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында көтерген-тұғын. Бастама Азия өңіріндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың жаңа форматын қалыптастыруға соны серпін берді.
Тұңғыш Президент кеңестің маңызын атап көрсетіп, оны биполярлы жүйенің құлауынан кейінгі күштер теңгерімінің өзгеруімен, жаңа елдер мен жаңа саяси субөңір – Орталық Азияның пайда болып, сондай-ақ жалғасып жатқан өңіраралық және жергілікті шиеленістер аясындағы дәстүрлі емес қауіптер мен қатерлердің күшеюімен түсіндірді.
Уақыт АӨСШК процесінің өзектілігін көрсетті. Оның аясында саяси диалогті институттандыру және азиялық мемлекеттерді жаңа саяси жағдайға бейімдеу жүргізіледі. Қазақстан және АӨСШК процесін қолдаған мемлекеттер осындай тетік құрудың күрделілігін айқын түсінді. Елбасы атап өткендей, бүгінгі күні АӨСШК – тыңға түрен салған, түрлі жағдайға дайын бірегей форум.
Қазақстан өңірде жалпыазиялық ортақ қауіпсіздік құрылымын құру бойынша өзінің мақсатты жұмысын жүргізіп келеді. Тұңғыш Президенттің басшылығымен көптеген жұмыс атқарылды. Соның нәтижесінде, АӨСШК идеядан практикалық және нақты жұмыс істейтін құрылымға айналды.
Ұйымның негізін салған мемлекет ретінде Қазақстан алдағы уақытта «сары құрлықтағы» қауіпсіздік пен тұрақты даму жолында АӨСШК-нің барлық негізгі бағыттары бойынша ынтымақтастықты дамыта бермек. Себебі мұның бәрі Елбасы айқындап берген сыртқы саяси басымдықтарды қамтиды.
Ынтымақтастың жаңа көкжиегі
Көршілес елдер интеграциялық құрылымдар ұйымдастырғанда ғана экономика өрістейтіні белгілі. Бұл өзара ықпалдастықты дамытып қана қоймай, елдің әлеуетін арттыруға зор үлес қосады. Мәселен, Еуропалық одақ секілді ұйымдар осы мақсатта құрылғаны белгілі. Кеңес үкіметі тарағаннан кейін Елбасы Н.Назарбаев Еуразия құрлығын қамтитын алпауыт ұйым құру қажетін жете түсінді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылғы 29 наурызда М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде тәуелсіз мемлекеттердің көпжақты тең құқылы ынтымақтастығы форматында еуразиялық интеграция идеясын жария етті.
Нұрсұлтан Назарбаев профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттер алдында оқыған дәрісінде «Еуразиялық экономикалық одақ – құлаған Кеңес Одағын көксеу емес, бұл – Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің нақты ұстанымы. Саяси тәуелсіздік сақталады және оған ешкім қол сұқпайды» деген болатын.
Осылайша, қазіргі Еуразиялық экономикалық одақтың іргетасы қалана бастады. Бұл бағыттағы жұмысты жетілдіру үшін 2000 жылғы 10 қазанда елордада өткен саммитте Қазақстан, Беларусь, Ресей, Тәжікстан және Қырғызстан мемлекеттерінің басшылары Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) құру жөніндегі келісімге қол қойған-тұғын. Аталған құжатта сауда-экономикалық ынтымақтастықты тығыз әрі тиімді жүргізудің тұжырымдамасы бекітілді.
2006 жылы Минскіде болған саммитте мемлекет басшылары ЕурАзЭҚ-тың базасында Біртұтас экономикалық кеңістік жобасының шеңберінде Кеден одағын құру туралы келісім жасады. Оған ЕурАзЭҚ-қа енетін бес мемлекеттің үшеуі, яғни Қазақстан, Беларусь және Ресей кіруге келісім берді. Соған сәйкес, болашақ интеграцияның жол картасы қамтылып, Еуразиялық экономикалық комиссияның және 2012 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс істей бастаған Еуразиялық экономикалық кеңістік негізі қаланды.
Қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық одақ 184 миллион тұрғыны бар алып аумақты қамтитын, өмірлік маңызы бар сауда-экономикалық дәлізге айналды. Ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы сауда айналымы 750 млрд АҚШ долларынан асқан, кіріктірілген ішкі жалпы өнім бағасы 2 млрд долларды еңсерген. Бұл – Елбасы ұсынған бастамадан түсе бастаған көл-көсір қаржының көзі, бастауы.
Беделді ұйымдарға төрелік ету
Әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің бірден-бір жолы – татулық пен өзара келісім орнату. Бұл бағыттағы Қазақстанның дінаралық және өркениетаралық диалог өрбітудегі маңызды бастамасы – 2003 жылдан бері шақырылып келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі. Өз жерінде түрлі этностар мен дін өкілдері бейбіт өмір сүріп жатқан Қазақстан Нұр-Сұлтанда бір үстелдің басында мұсылман, христиан, буддизм, иудаизм және басқа да діндердің қайраткерлерін жинап, өзекті халықаралық мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын талқылауға мүмкіндік жасады.
Бұдан бөлек, Қазақстанның жаһандық ұйымдарға төрелік етуі де Елбасы есімімен тығыз байланысты. Мысалы, 2010 жылғы ЕҚЫҰ саммитінің елордада өтуі де «кәрі құрлықтағы» бірқатар мәселенің шешімін тауып берді.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде енуі мен аталған ұйымға төрағалық етуі Қазақстанның жер-жаһанның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына ерекше көңіл бөлетінін айғақтайды. Сондай-ақ Сириядағы жағдай бойынша «Астана келіссөздері» Шам еліндегі ахуалды жақсартуға септесті.
2010 жылдың желтоқсан айында Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның саммиті бірегей саяси оқиғаға айналды. ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің басшылары 1999 жылғы Ыстамбұл саммитінен кейін 11 жыл өткен соң алғаш рет ұйымның күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға және алдағы жылдарға арналған жұмыс бағыттарын айқындауға мүмкіндік алды. Елбасы Н.Назарбаевтың ұсынысы бойынша «Болашақтың энергиясы» деген тақырыпта елордада өткен EXPO – 2017 көрмесі энергияның экологиялық таза және жаңартылатын көздерін дамыту жөніндегі әлем ғалымдарының күш-жігерін біріктіруге күш салды.
Қысқасын айтқанда, Елбасы Н.Назарбаевтың жаһандық деңгейдегі бастамалары халықаралық қоғамдастық тарапынан қолдау тауып, әлемдік аренада еліміздің абыройын асқақтатты. Тұңғыш Президенттің ерен еңбегінің нәтижесінде Қазақстан төрткүл дүние мойындайтын мемлекетке айналып, тәуелсіздік тұғыры берік, керегесі кең, болашағы жарқын елге айналды.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ