Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан қаласының облыс орталығы болғанына бір жылдан аса уақыт өтті. Тарихи Жарлықтан соң Түркістан күннен-күнге түлеп, көркейіп жатыр. Бүгінде қала құрылысы қарқынды жүріп жатқан алып шаһарға айналған. Қалада заманауи құрылыс нысандарының еңсесі бой көтеріп, алды жақын күндері пайдалануға берілуге де дайын тұр. Міне, осындай жанданып, жаңарып жатқан қаланы дамытуда еліміздің маңдайалды алып компанияларының бірегейі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның қолтаңбасы қалып жатыр.
«Самұрық-Қазына» киелі шаһардың дамуына атсалысты
Облыс орталығының Түркістанға көшірілуінде үлкен мән бар. Біріншіден, Түркістан ғасырлар бойы Қазақ хандығының астанасы болды. Екіншіден, қала тоғыз жолдың торабында орналасқан. Ежелгі Ұлы Жібек жолының бойында қоныс тебуінің өзі бұл шаһардың стратегиялық маңызы зор екенін білдіреді. Сол себепті Түркістанды Түркі әлемінің рухани әрі мәдени астанасына айналдыру мүмкіндігі мол. Атап айтқанда, киелі қала облыс орталығы ғана емес, халықаралық дәрежеде танымал қалаға, Түркі әлемінің ғылымы мен мәдениетінің ірі орталығына айналады.
Тарихи Түркістанды қайта түлетуді ғасырдың ең жағымды жаңалығына санаған жұрт Елбасының бұл шешімін дер кезінде қолға алынды деп, оған қолдау көрсетуде. Сол себепті Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен Түркістанды дамыту мақсатында бүгінде қыруар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы тұрғыда Елбасы еліміздің Үкіметінен бастап барлық басқарушы компанияларға Түркістанды дамытуға атсалысып, жұмыла кірісу қажеттігін айтып, тапсырма берген еді. Осыған орай, әрбір өңірлер мен ірі компаниялар Түркістанда құрылыс жұмыстарын бастап кеткен болатын. Сол сәттен бастап «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ да өз үлесін қосып жатыр.
Құрылыс жұмыстарымен танысуға келген қордың басқарма төрағасы Ахметжан Смағұлұлы тарихи Түркістанның дамуы үшін салып жатқан ірі жобаларды аралап көрді. Атап айтсақ, қор Түркістанда Оқушылар сарайын, 7 000 орындық стадионды, Конгресс орталығын, Қ.Ясауи мұражайы мен амфитеатрды салып жатыр. Қордың пәрменімен салынып жатқан барлық нысан Түркістан үшін өте маңызды.
Сол сапар барысында Ахметжан Есімов пен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Оған Түркістан облысын газдандыру, энергетика кешені мен электронды сауда мен пошта желісін дамыту, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, Smart City дамыту және облыста әлеуметтік нысандарды салу сияқты 9 бағыт кіреді. Жоба ақылды қала (Smart City) Арыс және Түркістан қалаларын сервистік үлгі бойынша дамытуға арналған. Осы бағдарлама аясында қор Түркістан облысындағы 97 мектеп пен ауруханаға дейін талшықты-оптиалық байланыс желісін және радиожелілерді салуды және Арыс қаласындағы 12 мектепте, 2 ауруханада, 2 балабақшада 400 бейнебақылау камераларын және 50 WiFi нүктесін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ алдағы уақытта қуаты 220кВ жаңа қосалқы стансаның құрылысы да жүзеге аспақ, оған кернеуі 110 кВ жергілікті тарату электр желісі қосылатын болады.
«Қазіргі таңда Түркістанда қор компанияларында 19 мыңнан аса қызметкері бар 20 кәсіпорын мен филиал жұмыс істейді. Электроэнергетика, газ, пошта, ақпараттық коммуникация және экономиканың басқа да салалары бойынша қор бірнеше жобаларды жүзеге асыруда», – деді қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов екі тараптың кездесуінде.
Меморандумның басым бөлігі сатып алу мәселесіне, атап айтқанда импорт алмастыру және жергілікті қамтуды дамытуға арналды. Қор ұзақмерзімді келісімшарттар жасасу арқылы Түркістан облысында жаңа өндірістерді құруды көздейтін жобаларға қолдау көрсетеді және жәрдем көрсетеді. Әкімдік өз тарапынан жаңа өндірістер құру бойынша жобаларды іріктеуді қамтамасыз етеді, соның ішінде МЖС арқылы қамтамасыз етіледі.
Мәселен, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның қолдауымен киелі шаһардың рухани орталығында салынып жатқан құрылысы ағымдағы жылдың ақпан-сәуір айларында басталған Қ.Ясауи мұражайы келер жылдың маусым айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Нысанның аумағы – 3-2 000 шаршы метр.
Бүгінде рухани орталықтың құрылысында 60 құрылысшы жұмыс істеп жатыр. Қазір құрылыс жұмыстарының шамамен 55 пайыздан астамы аяқталыпты.
Жалпы «Қ.Ясауи мұражайы» жобасы Dome Extreme компаниясы орындаған жоба тұжырымдамасына сәйкес әзірленді. Мұражай ғимаратының үлгісі мен дизайны Ясауи бабамыздың өмір-тіршілігінен мағлұмат беретін туынды. Ол ислам дінін терең зерделеп, терең талдап, аса маңызды діни хикметтер мен философиялық мәні бар өлеңдер жазды. Мұражай ғимаратының қасбеті қағбаға қарай бағытталған.
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның тағы бір Түркістанға тамаша тартуының бірі ол жаңа қаланың әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында бой көтеріп жатқан 7 мың адамдық орынға лайықталған стадион.
Болашақта олимпиадалық ойындар деңгейіндегі спорттық жаттығуларға қызмет көрсете алатын мүмкіндігі бар, яғни УЕФА талаптарына жауап беретін 7 мың адамдық орынға лайықталған стадионның құрылысы қызу жүріп жатыр. Жоба осы жылы ақпан айында басталған. Айталық, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан компания Bi Construction Turkestan ЖШС-нің жоба жетекшісінің орынбасары Еркебұлан Әбікеев бүгінде 160 адам жұмыс істеп жатқанын және оның басым бөлігі жергілікті құрылысшылар екенін айтты. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 30 пайыздан астамы аяқталған. Айтуынша, ауа райы құрылыс жұмыстарын жүргізуге ыңғайлы болғандықтан жоба уақытында тапсырылады. Стадионның жалпы аумағы – 8,3 га. Нысан келер жылдың желтоқсан айында ел игілігіне беріледі.
Ал стадионның іргесінде заманауи талапқа сай салынып жатқан Оқушылар сарайы болашақта балаларды қосымша оқытуға және жалпы дамыту мақсатында жұмыстар атқаратын болады. Сарай іске қосылғанда мыналарды қамтиды: зертханалары бар экологиялық-биологиялық мұражай, сәндік-көркем блок үй-жайлары (кескіндеме және сурет шеберханалары, мүсіндер, киім құрастыру, ағаш ою, өнер тарихы кабинеті), киностудия үй-жайлары (түсіру павильондары, грим жасайтын бөлме, студиялар) болады. Ал екінші қабатта бизнес-инкубатордың үй-жайлары, оқу сыныптары (математика, физика, химия, биология, гидропоника, тарих), 400 орындық концерт залы, 40 орындық планетарий, астрономиялық мұражай, музыкамен айналысуға арналған сыныптар орналасады. Үшінші қабатта 3D және радиотехникалық модельдеу кабинеттері, бизнес инкубатор сыныптары, нанотехнологиялар, биотехнологиялар, роботехника кабинеттері, бимен айналысуға арналған бөлмелер болады. Сондай-ақ мұнда обсерватория үй-жайлары орын тебеді.
Бүгінде оқушыларға арналған сарайды салуға 120-150 құрылысшы жұмысқа тартылған. Құрылысты жүргізіп жатқан бас мердігер «СК» Құлагер» ЖШС компаниясының қызметкері Қасымхан Қойшыбаевтың мәліметінше, ағымдағы жылдың наурыз айында басталған құрылыс жұмысы бүгінде қарқын алған және келер жылдың қараша айына дейін бітірмек. Бүгінде 30 пайызға жуық жұмыс жүргізілген.
Түркістан үшін жоғары дәрежедегі саяси, мәдени іс-шараларды ұйымдастырып, өткізу үшін сәулеті жұртты тамсандыратындай келбетті ғимарат керек. Бұл жауапты істі де қор қалт жібермей, қолға алып отыр. Атап айтқанда, әкімшілік-іскерлік аумақта салынып жатқан Түркістан облысындағы жалғыз көпфункционалды кешен – Конгресс орталығы. Яғни, жобаның негізгі мақсаты – музыкалық-эстетикалық тәрбие беру, жоғары көркем шығармашылық бағдарламалар мен нөмірлерді жасау үшін жағдай жасау, кәсіби көркем ұжымдар мен жеке орындаушылардың концерттерін ұйымдастыру, музыкалық-ағартушылық қызметті жүзеге асыру, форумдар, конгрестер мен event-туризмдік шараларды өткізу платформасы.
Пайдалануға бергенде Конгресс орталықта концерт залы (қоғамдық-саяси және мәдени ойын-сауық іс-шаралары үшін) 1 000 адамдық, 400 орындық банкет залы, және 1 900м2 көрме алаңдары болады. Сондай-ақ туризм саласын дамытуға да бұл орталықтың пайдасы шаш етектен.
Конгресс орталығындағы құрылыс жұмыстарды құрылыс саласында әлемдік деңгейдегі компания және елімізде ең ірі ғимараттарды салып жүрген B&S contractors ЖШС компаниясы жүзеге асырып жатыр. Бүгінде жұмыстың 50 пайыздан астамы аяқталған. 160 құрылысшы жұмыс істеп жатқан бұл нысан келер жылы маусым айында пайдалануға берілмек. Мұнда негізінен халыққа тікелей қызмет атқаратын болғандықтан, келбетіне ерекше мән берілуде. Айталық, әсіресе сырт көрінісі жақсы болу үшін сапалы құрылыс материалдары пайдаланылады.
Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның тағы бір тартуы Отырар шағынауданындағы 160 кварталда жалпы аумағы 1,2 гектар жерге салынып жатқан сандық жүйеде жұмыс істейтін «Қазпошта» ғимараты. Бұл нысанда «Қазпошта» АҚ Түркістан облыстық филиалының әкімшілік қызметкерлері орналасатын болады. Бірінші қабатта ауданы 50 шаршы метр «сандық кеңсе», орталық операциялық аумақ (клиенттерге қызмет көрсету), поштамен жіберу супермаркеті (халыққа пошта арқылы зат алу бойынша өзіне-өзі қызмет көрсету), пошта жөнелтімдерін сұрыптау, облыстық филиалдың бас кассасы орналасады. Екінші және үшінші қабатта облыстық филиалдың әкімшілік қызметкерлері болады.
«Жаңа – Арна Құрылыс» ЖШС құрылысын жүргізіп жатқан Қазпоштаның құрылысы ағымдағы жылдың мамыр айында басталып, аяқталуы келер жылы қазан айына жоспарланған. 3 600 шаршы метрді құрайтын ғимаратта бүгінде 100 шақты адам құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ал қордың тарапынан салынып, бүгінде пайдалануға дайын тұрған Амфитеатрдың ғимараты қаланың нағыз тарихи орталығы, яғни ЮНЭСКО-ның тарапынан қатаң күзетілетін Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қорық аймағына жақын орналасқан. Бұл ғимарат түрлі ойын-сауық іс-шараларын, концерттер, фестивальдер мен ашық аспан астында конкурстар өткізуге мүмкіндік береді. Амфитеатр ғимаратының Қожа Ахмет Ясауи мешітінің тарихи ескерткішіне жақындығы ғимараттың сыртқы келбетіне әсер береді. Яғни, қабырғалардың әрлеуінде мешіт қабырғаларымен сынасатын табиғи тас, пішіні мен түсі бойынша пайдаланылды. Жоспардағы амфитеатрдың ғимараты спираль тәрізді сопақ пішінді болады. Ғимарат нысаны мен оның қызықты толқын тәрізді шатыры спиральға айналатын ракушканы еске түсіреді. Өйткені ежелгі аңыздар бойынша Оңтүстік-Батыс Қазақстан аумағы миллиондаған жыл бұрын ежелгі әлемдік мұхиттың түбі болды.
Құрылыс жұмыстары тез аяқталып, пайдалануға дайын Амфитеатрдың құрылысына Маңғыстау облысы әкімдігі және Samruk-Kazyna Construction АҚ жауапты. Жобаның жұмысы осы жылдың сәуір айында басталған. Пайдалануға осы жылдың 1 желтоқсанында беріледі деп жоспарланып отыр.
Бұл жұмыстар тарихи Түркістанымыздың дамуы мен көркеюіне жасалып жатыр. Түркістан иісі мұсылман елдері үшін ғана емес, дүниежүзі халқы үшін де қадірлі мекенге айналған. Мұнда жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен еліміздің әр аймағынан 700 мыңнан астам қонақ келеді екен. Бүгінгі таңда қор атынан жаңадан салынып жатқан бес нысан тарихи Түркістанымыздың болашақта алып қала болуына, орталықта туризм саласының дамуына зор үлесін қосары анық.
Түркістан облысы