Осы мақсатта Жұмыспен қамту орталығы белсенді жұмыс атқарып, мемлекеттік және салалық бағдарламалар іске асырылып келеді. Қалалық Кәсіпкерлер палатасы желісі бойынша жеке жұмыс жүргізілуде, оның ішінде қала тұрғындарын бизнес жүргізу дағдыларына үйретуге бағытталған «Бастау Бизнес» жобасы да бар. Биыл Алматы қаласына 1 705 грант бөлінді, оның ішінде 818 грантты 2019 жылғы «Бастау Бизнес» түлектері алды. 2020 жылы осы жоба бойынша 687 қатысушы грант алды. Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өткен қатысушылар 200 грант алды. Биыл наурыз-қыркүйек айлары аралығында «Бастау Бизнес» жобасы аясында Алматыда 2 600 адам оқуды аяқтады. 2 128 тыңдаушыға оқуды аяқтау туралы сертификат 472 тыңдаушыға қатысқаны туралы сертификат берілді. Сонымен бірге, биыл «Бастау Бизнес» жобасының 1 334 түлегі өз кәсіпкерліктерін іске қосқан. Жеке кәсіпкер, «Бастау бизнес» жобасының түлегі Жиенғали Жұмағұлов мемлекеттік бағдарламалар аясында көрсетілетін қолдау шараларының арқасында екі айлық оқудан кейін қоғамдық тамақтану саласында өз ісін қалай ашқанын айтып берді. «Мемлекет тарапынан жастарға көрсетілетін көмек туралы интернеттен білдім. Оқыту барысында бизнес-тренерлер негізгі оқудан басқа, бізге жан-жақты көмек көрсетті. Олар бізге әр кезеңде, бизнесті ашқанға дейін қолдау көрсетіп жүрді. Қаржыландыруды алғаннан кейін, бірден іске кірістім, құрал-жабдықты сатып алып, жұмысты бастадым. Біздің дәмханамызда түрлі тағам түрлері бар, тапсырыспен жеткізіп те береміз. Бұл салада бәсекелестік жоғары, бірақ біздің бағаларымыз қолжетімді және тұрғындар арасында сұраныс та жоғары», – деді ол. Кәсіпкер мемлекет тарапынан шағын бизнесті салықтан босату сияқты шаралар шағын бизнеске айтарлықтай қолдау көрсететінін атап өтті. «Бастапқы ашылған кезде, әрине, қиын болды. Клиенттер біз туралы әлі білмейтін, онымен қоса, өзім екі жұмыста істеп жүрдім және түскен қаржыны өз бизнесіме салдым. Бүгін мен екінші нүктені ашып отырмын. Өз бизнесін бастағандардың бәріне айтарым, қорқудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, көрсеткен қолдауы үшін мемлекетке алғысымды білдіргім келеді», – деді Ж.Жұмағұлов.