Әрбір мерекенің өзіндік қоғамдық-саяси және дәстүрлік-рәсімдік маңызы бар. Соның ішінде, жалпы халық болып тойлайтын, ел тарихында маңызды рөл атқарған, бұл күнді асыға күтетін, алдын ала дайындалатын, ерекше маңызы бар оқиғаға арналған мемлекеттік мерекенің орны ерекше. Сондай мерекенің бірі – 2011 жылы Парламент депутаттарының бастамасы бойынша қабылданған «1 желтоқсан – Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні» мерекесі.
Осы заңды қабылдау барысында депутаттар: «Аталған заң 1 желтоқсанда аталып өтілетін – Қазақстанның Тұңғыш Президенті күнін белгілеу мақсатында әзірленді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің бірлігін, Конституциясын, адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандығын қамтамасыз еткен жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы болып табылады. Осыған орай, қабылданған заң мемлекетіміздің азаматтарының отаншылдық рухын арттыра түсетін болады» деп атап көрсеткен болатын.
Тәуелсіздік тарихының парақтарын ақтарып көрсек те, еліміздегі президенттік басқарудың тиімді болғанын, президенттік басқарудың арқасында ғана жаппай ыдыраудың алдында тұрған, алғашқыда тәуелсіздігіміз сөз жүзінде ғана болған, яғни терең құздың тұсына келген елді қазіргідей деңгейге жеткізу мүмкін болғандығы әбден дәлелденді. Сондықтан да президенттік басқаруға алғашқы жол салған, сол күні бүкіл халық болып ел тізгінін өзінің Тұңғыш Президентіне сеніп тапсырғаны ел тарихындағы маңызды оқиғаға айналды. Бұл күн осынысымен де тарихи маңызға ие болды.
1991 жылы 1 желтоқсанда қазақстандықтар өздерінің Тұңғыш Президентін сайлады, оған ел тәуелсіздігін аманат етті, сенім артты, жауапкершілік жүгін арқалатты. Халық өздерінің көшбасшысынан не істеу керектігін білетініне, елді адастырмайтынына, тура жолға бастайтынына сенді.
10 желтоқсанда ант беру рәсімінен кейін тебірене сөйлеген Елбасы Н.Назарбаев: «Бүгінгі күн – қазақ елінің шежіресіне мәңгі енетін күн. Тарихтың талай бұралаң белесінен өтіп, бұл күнге де жетіп отырмыз. Бәрін де көрген халықпыз, бәріне көнген халықпыз. Ежелден еркіндікті аңсап, азаттықты көксеп келе жатқан еліміздің басына талай рет бақ та орнап, бағы да тайып, сағы да сынған, қилы кезең, зар заманға да талай ұшыраған. Айқайлап жүріп ашаршылыққа ұрынып, ұрандап жүріп ұлт мүддесін ұмытқанымыз да ақиқат. Шүкір, кештеу болса да ес жинап, еңсе көтеріп, егеменді елдің туын тіге бастадық. Қазақ Республикасының Президентін бүкіл халық сайлағаны – осы жолдағы ең биік белестің бірі. Елдің қамын ойлайды, намысын жібермейді деп бірауыздан сенім артқандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды айтамын. Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын. Бұл жолда ең алдымен дана халқыма, дарқан еліме, ата-бабамның аруағына сүйенемін» деп ағынан жарылды. Тарихтың сол бір бұлтарысты кезеңінде өз Көшбасшысын дұрыс таңдай білген қазақстандықтар да өздері сенім артқан ердің елді адастырмай дұрыс бағытқа жетелегеніне бүгінгі күні көздері жетіп отыр. Халықтың басым көпшілігінің сол кезеңде қателеспегеніне қазір шүкіршілік етеміз.
Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет басшылығындағы айрықша бір өзгешелігі халықаралық, ұлтаралық мәселелердің шиеленісін, шешуін асығыстыққа салмай, арандататын пікірлердің ығы мен ырғағына жығылмай, әліптің аяғын баға отырып, сабырмен, уақыттың талабына, қазақстандық жолдың ерекшелігіне үйлестіре, жан-жақты мүдделердің түйісу нүктесін таба біліп шешуінде болды. Елбасы өзінің жетсем-ау деген саяси және ұлттық биік мақсаттарын әрдайым есінен шығармағанымен, соған жету үшін жалаң ұранды жамылып, жақсы атақ алуға қызықпады, қолдан келетін нақты мүмкіндіктерді ғана түгел пайдаланып, эволюциялық жолмен тұрақты жылжи бергенді дұрыс көрді, дамудың қазақстандық жолын іздестіріп, сол бағытта жүруді таңдады. Бірақ қазақстандық жол басқа жолдардың ешқайсысын жоққа шығармайды, керек етсе қажетін алады.
Дамудың өзіндік жолы таңдалса да мемлекет тәуелсіздігі өзімен бірге шешілуі қиын мәселелердің тұтас тобын да ала келді. Жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолындағы басты кедергі тоталитарлық өткен күннің кернеуі кете қоймағандығы болатын. Ол мемлекет пен қоғам өмірінің көптеген қырларын белгілі бір дәрежеде айқындап жатты. Мұның өзі шаруашылық жүргізу мен басқарудың ескі тәсілдеріне бой ұрушылықтан ғана емес, халықтың басым бөлігінің бойға біткен енжарлығынан, өкімет асырайды ғой дейтін сенімінен де танылып жатты. Көзге көріне бермейтін бұл кедергілерді еңсеруге де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың байсалды саясатының арқасында қол жеткізілді.
Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің бетбұрысты кезеңдерінде Мемлекет басшысы ретінде біліксіздікке, әсіресе экономикалық және саяси дамудың үлгілерін талдау мәселесіндегі біліксіздікке қатаң қарсы тұра алды, бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ өміршең маңызы бар шешімді қабылдауға қол жеткізді. Елбасының өз сөзімен айтсақ, «кейде адамдарды еркінен тыс қазір барғысы келмейтін, бірақ объективті түрде баруға тиіс жаққа жетелеуге тура келді». Яғни, Елбасы Н.Назарбаев билік үшін күрестегі батылдық пен билік басындағы батылдықтың екі басқа екендігін өз ісімен дәлелдей білді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев тәуелсіз ел тарихында, оның өркенді дамуы жолында өте ауыр тиетін реформаларды тиімді жүргізді, қажет болған кезде қолайсыз төтенше шараларға дейін барды. Елбасының мұндай ұстанымына қарсы шыққандар да, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп орынсыз сынағандар да болды. Бірақ ол өзіне сенім артқан, жауапкершілік жүгін артқан халқына сенді, тек халықты ғана бас сарапшы деп таныды, ең қиын сәттерде тек халыққа ғана жүгінді, өзінің қызметтестеріне: «Сынға назар аудармаңдар! Егер біз табысқа жетер болсақ, халық бізге баға береді, сол кезде барлық сын бос сөз болып қалады да, біз үстем болып шығамыз. Табысқа сеніп жұмыс істейік, табыс сонда келеді» деп айтудан шаршамады.
Елбасының әлемдік деңгейдегі қабілетіне, саяси іс-қимылына, тиянақты шешіміне, құрдымға кете бастаған экономиканы алға жылжыту жолындағы тиімді саясатына, уақыт талабына қарай ойластырылған әдіс-тәсілдеріне, стратегиялық ұстанымдарына қапысыз сенген қазақстандықтар өзінің Тұңғыш Президентіне, тізгін ұстаған ел басшысына әрқашан қолдау білдірді, қолдау білдіріп те келе жатыр. Тізгіннің сенімді қолға тиюінің арқасында ел жаңарды, дәулетіміз толыса түсті.
Мемлекеттің, оның басшылығының қандай саясат жүргізуіне, қандай бағыт және жол таңдағанына сәйкес саяси құрылым, саяси жүйе, саяси билік түрі орнайды. Аталған саяси жүйе мен билік түрі және елдің саяси бағыты жаңадан тәуелсіздік алған елдердің таңдаған даму үдерісіне және сол елдің басшылығының жүргізген саясатына байланысты қалыптасады. Сол сияқты тәуелсіздік алғанына 20 жыл толған Қазақстанның да жаңа мемлекеттілікті қалыптастырудан бастап өзіндік мемлекеттік құрылыстағы, әлеуметтік-экономикалық дамудағы, елдің қоғамдық өмірінің кезең-кезеңімен демократияландыру бағытындағы қазақстандық жолы қалыптасты.
Ел тәуелсіздігінің баянды болуы мен болашақ ұрпақтың бақыты үшін Тұңғыш Президентке артылар жүк те ауыр болды. Артылған жүкті абыроймен көтеру, халық сенімін ақтау, тәуелсіздікті тұғырлы ету, әлемдік қауымдастыққа терезесі тең елдер қатарында болуды жүзеге асыру одан да қиынырақ істерді атқаруды, батыл шешімдер қабылдауды қажет етті. Осы аталған аса маңызды мақсат-міндетті шешу тұрғысында Елбасы Н.Назарбаев бірден-бір дұрыс қадам жасай алды. Бұл қадам – тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен қалана бастаған Қазақстанның өзіндік даму жолы еді.
Қазір тәуелсіз қазақ елінің тарихы жасалды. Бірақ оны қазақ елінің Көшбасшысы бола алған Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылы бүкіл халықтық сайлаудан кейін қолға алған басшылық қызметінсіз көзге елестету мүмкін емес. Өйткені тәуелсіздік қарсаңындағы және тәуелсіздіктің сан қырлы соқпақты жылдарындағы оның тізгінін ұстаған Мемлекет басшысы, оның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқарған қызметінсіз тәуелсіз ел тарихының парақтарын жазып шығу мүмкін емес. Өйткені бұл тарихта тәуелсіз еліміздің іргетасын қалап, керегесін керіп, оның әрбір уығын шаншып, шаңырағын көтерген, бар-жоғын түгендеп, іргесін кеңейткен, оны әлем елдері мойындаған мемлекетке айналдырған, онымен санасуға мәжбүр еткен Қазақстанның Президенті, оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасы, қабылдаған тарихи шешімдері, ұстанған саясаты, саяси қызметі, өзіндік дара жолы жатыр.
Тәуелсіздіктің бастауында болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел ертеңін айқындады. Елбасы. Ел тәуелсіздігі. Ел ертеңі. Үш сөз. Бір-біріне етене жақын, бір-бірін толықтыратын, өзара сабақтас сөздер. Тәуелсіздік десек, ең алдымен оның бастауында болған, оны нық сеніммен алға апарған, тәуелсіз ел мемлекеттілігінің негізін қалаған Елбасы ойға келеді. Елбасы десек, қиын-қыстау кезеңде ел басқарып, оны бар қиыншылықтан алып шығып, бүгінгі өркенді дамуға жеткізген Елбасы мен ел ертеңі тағы да алдымыздан шығады. Ел ертеңі де өз халқы Елбасы деп атаған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басшылығын сабақтастық үрдісімен байланыстырады.
Мемлекеттік мереке ретінде аталып өтілетін «1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні» қарсаңында бұл мерекенің маңыздылығы мен оның тікелей себепкері Тұңғыш Президентіміздің мемлекет алдында сіңірген орасан зор еңбегін атап өту өте орынды болмақ.
Президент күні мерекесі басқа елдерде де бар. Оның тамыры 1782 жылдың ақпан айынан басталды. Осы жылы 22 ақпанда Вирджиния штатының Ричмон қаласының тұрғындары алғаш рет ресми түрде АҚШ-тың тұңғыш Президенті Джордж Вашингтонның туған күнін атап өтті. ХІХ ғасырдың басына дейін бұл күн ерекше ұйымдастырылған балл мен жиындарда атап өтілді, көрнекті тұлғалар сөз сөйледі. Ал қарапайым тұрғындар көшелер мен барларда тойлады. Бұл күні сауда-саттық та қарқынды жүрді. 1885 жылы бұл күн ресми түрде жалпыұлттық мереке болып жарияланды.
Кейбір елде император күні де тойланады. Мысалы, Жапонияда іс басындағы императордың туған күні мемлекеттік мереке ретінде тойланады. Бұл халықтың императорға деген құрметінен туған. Мұндай мерекелерді басқа да елдердің тарихынан кездестіруге болады.
Қорыта айтқанда, «1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні» ел тарихындағы маңызды оқиғаны білдіретін мереке ретінде тойланады. Бұл біздің Тұңғыш Президентімізге, ел тарихына және тәуелсіздігімізге деген құрметіміз болмақ.