«Сайлау қыста өтсе, қалың куртка мен шапка алатын едік дейтінбіз» – Тұрсынбек Қабатов

«Сайлау қыста өтсе, қалың куртка мен шапка алатын едік дейтінбіз» – Тұрсынбек Қабатов

Кездесу Каспийдің жағалауында өтті. Жастармен кездесуге Бауыржан Байбекпен бірге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Қабатов та арнайы барды.

Актер жастармен әңгімелескенде еңбекқор адам жетістікке жететінін айтты. Сөз арасында әзіл-шыны аралас студент шағында да сайлауға атсалысқанын тілге тиек етті.

«Бұрын сайлау тек жазда болатын. Күн ыстықта кепка мен футболка тарататын еді (Актердің сөйлеген сөзі қаз-қалпында берілдіред.). Сол кезде жастар «Сайлау қыста өтсе, қалың куртка мен шапка алып алатын едік дейтінбіз. Ең бастысы, куртка, шапка киіп, ұрандатып тұрғанда емес, патриотизм жүректе болуы керек», – деді Тұрсынбек Қабатов.

Кездесуде жастар арасында жиі кездесетін олқылықтар жайында да ой қозғады.

«Қазір кейбір жастар тамақ ішіп, тәуір киім киіп, кафе, ресторанға барғанына мәз болып жүр. Кафеде Instagram-дағы парақшасына жариялайтын бір фотоға түсіп алса, бір жұмысты тындырып келгендей болып отырады. Жастайынан елдің болашағы үшін алға мақсат қойып, еңбек еткен жөн. Қазір еңбекқорға істейтін жұмыс көп. Ал жалқау дайын жұмысты істемейді. Еліміз біз еңбекқор болсақ ғана дамиды.

Қазір елдің болшағына сенбейтін жастар көп. Не өзіне сенбейді. Өзіне сенбейтін адам өзгеге де сенбейді. Борат Туымызды келеке еткенде, өзгелер кең-байтақ жерімізге көз алартқанда ғана шырылдамай, әрдайым бірлігіміз бекем болса, мықты елге айналамыз» деген ойын айтты.

Тұрсынбек Қабатов қазақта «біткен іске сыншы көп» екенін де қалжыңмен қағытты.

«Өзі бізде үй салсақ та білгіштер көп. Бәрі ақыл айтуға шебер. Мысалы, үй салсақ та ақылшысымақтар көп. Бірақ олар үйдің іргетасын, кірпішін қалап жатқанда көмектеспейді. Әупірімдеп жүріп үйді тұрғызып, айналасын шарбақпен қоршап, шаршап-шалдығып баспаналы боласың. Жаңа үйіңді көрсету үшін қуанып қонақ шақырасың... Ер-азаматтар өзара әңгімелесіп, үйді сыртынан қарап тұрып, жаңа салынған үйден де мін табады. Дым таппаса «Есікті мына жақтан шығаруың керек еді» деп «ақыл» айтады. Шатырын черепица емес, шифермен жабуың керек еді. «Черепица ыстық тартады» деп «кеңес» айтады. Әрбір бастаманы қолға алсаң, сол сияқтылар ел ішінде де көп. Елбасымыз ел шекарасын айқындап, шегелеп үй салғандай етсе де, «есікті мына жақтан шығарып, шатырын черепица емес, шифермен жабу керек еді?..» дейтін білгіштер жетіп артылады. Ал 90-жылдары ел боламыз деп егемендікке ұмтылғанда жанашырлар жоқтың қасы еді», – дейді актер.