Өзбекстанға жұмыс сапарымен барған Елбасы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті. Келіссөздер барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті мен Өзбекстан президенті Орталық Азия елдері арасындағы қазіргі жағдай мен ынтымақтастықты кеңейтудің перспективаларын талқылады. Сонымен қатар тараптар халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі мәселелер туралы пікір алмасты.
Кейін Елбасы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының екінші Консультативтік кездесуіне қатысты. Шағын құрамдағы кездесу қорытындысы бойынша төрт елдің басшылары Нұрсұлтан Назарбаевқа Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік жиналысының құрметті төрағасы мәртебесін беру туралы шешім қабылдады.
Шағын құрамдағы кездесуден кейін делегация басшылары кеңейтілген форматта кездесу өткізді. Консультативтік кездесуде сөйлеген сөзінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті жоғары деңгейдегі шараға қатысуға шақырғаны үшін Шавкат Мирзиёевке ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы Қазақстанның астанасында бастау алған диалог Орталық Азия тарихының жаңа парағын ашқанын атап өтті.
Сөз арасында Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықтың даму тарихы туралы да айтты. Кездесуге қатысушы мемлекеттердің әлеуетін біріктіре отырып, барлық елдің әл-ауқатын арттыру мақсатымен Қазақстанның Тұңғыш Президенті «ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы тату көршілік және ынтымақтастық туралы келісім» жасауды ұсынды.
– Бұл саяси құжат біздің өзара іс-қимылымыздың негізгі принциптері мен мақсаттарын көрсетуі керек. Келісімге елдеріміздің егемендігі, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын өзара құрметтеу туралы ережелер енеді, – деді Н.Назарбаев.
Басқосу барысында Елбасы өңірдегі қауіпсіздікті нығайту үшін келесі жылы Орталық Азия елдерінің Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының кездесуін өткізуді ұсынып, қатысушы елдердің үкіметтерін демографиялық дамудың жоғары қарқынына байланысты туындаған проблемаларға назар аудару керек екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ Елбасы барлық мемлекет басшыларын 15 наурызда жаңа мереке – Орталық Азия күнін атап өтуге шақырды.
Кездесуде мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды. Осы бағытта Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ең үздік жоғары оқу орындарында әр елдің студенттеріне 10 гранттан бөлуді ұсынды.
– Түркі әлемінің бесігі – Түркістан қаласы қазір қайта өркендеуді бастан кешіруде. Десе де ол өзінің мәдени, тарихи және рухани өзегін сақтайтыны сөзсіз. Өз кезегінде қала баршамыздың ортақ мақтанышымыз болатын керемет мегаполиске айналмақ. Осыған орай Орталық Азияның бауырлас мемлекеттерінің басшыларын келесі күзде осы көне қалаға шақырамын, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Сөз соңында Елбасы Орталық Азия елдерінің мұралары аясын кеңейту және тереңдету қажет екеніне тоқталды. Консультативтік кездесуден соң Елбасы «Көксарай» резиденциясының Құрметті қонақтар аллеясында Орталық Азия елдерінің көшбасшыларымен бірге ағаш егу рәсіміне қатысты және Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің монументіне гүл шоқтарын қойды.
Абылайхан ЖАСАН