AERC ұйымы жуырда Қазақстандағы ауыл әйелдерінің бүгінгі хал-ахуалына зерттеу жүргізді. Нақтырақ айтсақ, олардың экономикалық жағдайы, қаржылық мүмкіндігі қарастырылған. Сауалнамаға 1 424 азаматша қатысқан. Ауыл әйелдерінің арасында өзге өңірге қоныс аударғысы келетіні, қазір қалаға барып, нәпақасын табатындары және қариялардың жалғыз зейнетақысына қарап отырғандары аз емес екен.
Қараша айында Қазақстандағы орташа жалақы 191 мың теңге екені белгілі болды. Әрине, елімізде бұл еңбекақыдан 3-4 есе көбірек және сонша есе азырақ табыс табатын азамат жетерлік. Сондықтан 191 мың теңге қоғамдағы «алтын ортаны» көрсетіп тұр. 30 күн еңбек етіп, 50-60 мыңға жан бағатындар ауылды жерлерде және негізінен оңтүстік өңірлерде тұратынын ресми мәліметтер көрсетіп отыр. Мәселен, Түркістан облысында орташа жалақы 122 мың теңге, республика бойынша ең төменгі көрсеткіш.
Қазақ қоғамында патриархалды жүйе қалыптасқан. Нан табушы, отбасын бағушы – еркек. Бұл түсінік, әсіресе ауылды жерлерде тереңінен сіңген. Әйел үй шаруасында. Бірақ 90-жылдардағы дағдарыс, жұмыссыздық, нарықтың дамуы, бизнестің келуі аталған дәстүрлі ұғымды өзгертіп келе жатқанына 30 жылға жақындап қалды. Алайда әлі де болса ауылдағы әйел – тәуелді тұлға, егер ол түрлі себеппен бала-шағасымен жалғыз қалса, оның әлеуметтік жағдайы қиындайтыны анық. Көпшілігінің тұрақты табыс көзі жоқ. Оны төмендегі сандар айғақтап тұр.
Ауыл тұрмысы. Зерттеу барысында сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі (49%) өзінің сатып алу қабілетін орташа деп бағаласа, осы шамалас әйелдер отбасындағы бір адамға шаққандағы орташа табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінен де аз екенін айтқан. Бір сөзбен айтса, отбасының әлеуметтік халі ауыр. Бұдан бөлек, сауалнама барысында көпшілік халық жағдайымыз орташа деп жауап қайырған. Дегенмен өзі тұрып жатқан ауылдың тұрмысы нашар болғандықтан, олармен өзін салыстыра отырып, табысым «орташа» деген. Түптеп келгенде, оның «орташасы» республикалық деңгеймен салыстырғанда табысы төмендердің тобына кіруі мүмкін.
Соңғы 2 жылдағы зерттеулер отандастарымыз өз табысының 46-54% үлесін тек тамаққа жұмсайтынын көрсетті. Салыстыра кетсек, Ұлыбритания жұрты тоңазытқышты толтыруға жалақысының бар болғаны 10 пайызын бөледі екен. AERC ұйымының сауалнамасы да бұл сөзімізді қуаттады. Ауыл халқының тең жартысы қолындағы ақшасы тек азық-түлікке, киімге жететінін айтса, 25 пайызы киім алуда таршылық көремін деген. Ал 4 пайызы тамақ та сатып ала алмайды екен.
Ауыл тұрғындарының тек 14 пайызы өздерінің сатып алу қабілетін өте жоғары деп бағалаған. Дәлел ретінде олар қымбат тауардан басқаның барлығына дәрменім жетеді деген. Ал көлік пен үйді сауалнамаға қатысушылардың тек 3,2 пайызы ғана кез келген уақытта сатып ала алады. Жалпы алғанда, сауалнамаға қатысқан барлық ауыл әйелдерінің 64 пайызы өзінің тұрмыстық жағдайына көңілі толмайды екен. Көріп отырғанымыздай, зерттеуге қатысқан ауыл әйелдерінің әлеуметтік жағдайы жоғары емес. Сондықтан олардың экономикалық мүмкіндігі де шектеулі. Әрине, бұл тұрмыс сапасына, денсаулыққа, халықтың өзін-өзі бақытты сезіну деңгейіне, тіпті баланың біліміне де кері әсер етуі мүмкін.
Бір ауыл. Түрлі мүмкіндік. Зерттеушілер ауылдағы әйелдердің ұлттық ерекшелігіне де назар аударған. Мәселен, басқаларға қарағанда қазақ әйелдерінің ауылда өз баспанасына қол жеткізуге сенімі төменірек екен. Сондай-ақ қазақ әйелдері экономикалық жағдай туралы сұрақтарда көбіне «жауап жоқ» деген нұсқаны таңдаған. Бұл екі сауал ауылдағы қаракөз әйелдердің шалқып жүрмегенін және қаржылық сауатталығы да жоғары болмай тұрғанын көрсетіп тұр. Есесіне, орыс ұлтының өкілдері өздерінің сатып алу қабілетін орташа немесе орташадан жоғары деп жиі бағалаған. Бірақ сол орыс және басқа да ұлыс өкілдері ауылда әйелдердің жұмысқа орналасуында белгілі кедергілер бар деп есептейді. Бәлкім мемлекеттік тілді меңгермеуі бюджеттік мекемеге орналасуына тосқауыл шығар?
Жауаптардағы айырмашылық тек ұлттық ерекшелікте ғана емес, өңірлерге де байланысты екен. Ол түсінікті де. Кейбір аудардарда кәсіпкерлік пен өндіріс қатар дамыса, басқалары әлі де республикалық бюджеттің дотациясында отыр. Сәйкесінше, ол аймақтарда ахуал кісі қуанарлықтай жағдайда емес. Мәселен, орталық және шығыс өңірлердің тұрғындары ауыл әйелдерінің жұмыспен қамтылуында қиындықтар бар десе, солтүстік және батыс облыстарда ауыл әйелдерінің қаржылық табысқа жетудегі мүмкіндіктері жоғарырақ деп есептейді.
Табыс көлемі. Сауалнамаға қатысқан ауыл әйелдерінің 25 пайызында табыс көлемі отбасында бір адамға шаққанда 31 мың мен 50 мың теңге арасында екен. 13 пайызында отбасындағы әлгі көрсеткіш 50 мыңнан 100 мың теңгеге дейін. Тек 1,6 пайызында кіріс көлемі адам басына шаққанда 100 мың теңгеден жоғары. Яғни, сырттай жобалап алсақ, ауылдағы отбасының табысы 50-60 мың теңгенің шамасы. Азық-түлік бағасы еселеп өсіп жатқанда бұл қаражат бір шаңырақтың бар қажетін өтей ме, жоқ па, есептей беріңіз.
Ал ауылда үйге табысты кім әкеледі? Сауалнамаға қатысқан әйелдердің сөзіне сенсек, 37 пайызында – ер азамат. Әдетте, бұл көпбалалы қазақ отбасы, әйел орта білімді және үй шаруасында, балалары кәмелет жасқа толмаған. 20 пайызында ерлі зайыптылар қатар қызмет етсе, қалған 20 пайыз жағдайда үйге табыс әкелуші – әйел адам. Сұраққа жауап берген әйелдердің 11,5 пайызы «жалғыз табыс көзі – менің зейнетақым не жәрдемақым» деп жауап берген. Басқаша айтқанда, ауылдағы отбасылардың тең жартысында әйел адам табыс табушы рөлде.
Көшсем деп едім. Ауылдағы жағдайға көңілі толмай, өзге өңірлерге немесе елдерге қоныс ауыстырғысы келетіндер де бар. Олардың үлесі 64 пайыз. Яғни, тым жоғары әрі алаңдатарлық көрсеткіш. Мүмкіндік туса, мекенжайын өзгерткісі келетіндер көбіне Жамбыл, Павлодар және Батыс Қазақстан облысында жиі кездеседі. Ал миграция мәселесін мүлде қарастырмайтын әйелдер (85%) Түркістан облысында тұрады. Ауыл әйелдері негізінен Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына көшуді құп көреді. Ресейге бет алуды да жоспарлап жүргендер бар. Мекен ауыстыру көбінің көңіліндегі ой болса да, нақты шешім қабылдағандар аздау. Көшетіндер – негізінен жастар. Ал отбасылы, бюджеттік мекемеде қызмет ететіндер әзірге түйіншегін даярлап отырған жоқ.
Ауылдағы әйел. Ол кім? Зерттеуге қатысқан әйел кісілердің жасы да, экономикалық мүмкіндіктері де әртүрлі. 18-24 жастағы азаматшалар әдетте жоғары білімді, екі тілде еркін сөйлейді, олар қаражат тұрғысында өз табысына үміт артады. Ал 35-44 жастағы, жоғары білімді әйелдер күйеуімен қатар табыс табуға мүмкіндігі бар. Бірден-бір себеп – тұңғыш ұл-қызы есейіп, өз қолы өз аузына жетіп қалған.
Ауылда жұмыс аз. Сондықтан сұраққа жауап қатқандардың 15 пайызының отбасында бір адам қалада жұмыс істеп, нәпақасын сонда тауып жүр. Әсіресе, бұл еліміздің Батыс өңіріне тән құбылыс. Бұл ретте жол шығыны табыстың едәуір бөлігін алуы мүмкін. Сауалнамаға қатысқандардың тек 59 пайызы ғана жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі (27%) – бюджеттік саладағы қызметкерлер. Тек ауыл әйелдерінің 17 пайызы жеке салада жұмыс істейді. Ауылдағы нәзік жандылардың шамамен 37%-ы экономикалық тұрғыдан белсенді емес, 25 пайызы үй шаруасындағы әйелдер, 12%-ы зейнеткелер.
Сөз соңында. Ауылда екі қолға бір жұмыс табу қиын, табыс та жоғары емес, тұрмыс ауыр. Бірақ соған қарамай, сауалнамаға қатысқан әйелдердің 83 пайызы өз өміріне риза екен. Оның себептері де бар. Таза ауа, отбасы аман, қаладағыдай күйзеліс, тартыс тіршілік жоқ. Көбіне барға қанағат дейтіндер – 18-24 жас аралығындағы жоғары білімді, қазақтілді азаматшалар. Ал күйбең тіршілікке көңілі толмайтындар – орыстілді, орта білімді әйелдер.
Жалпы, аталған зерттеудің қоғамдық маңызы зор. Себебі ол ауыл әйелінің келбетін, қаражатын, тұрмыс-тіршілігін және жоспарын айқындады. Үңілсек, ол әйелдің табысы төмен, базарда көп сауда жасауға да шамасы жете бермейді, мүмкіндік болса, ауыл мектебінде, әкімшілікте және тағы басқа жерде істейді. Жұмыс табылмаса, үйде бала қарап отыр. Мұндай әйелге үкіметтің бағдарламасына қатыс, грант жеңіп ал, өз ісіңді дөңгелет, жыл сайын скринингтен өтіп, денсаулығыңды түзе, балаң шет тілін үйренсін, үйірмеге бер деу де қиын. Себебі оған жағдай жасалмаған. Ауылдағы инфрақұрылым, адам капиталы, білім де, табыс та сәйкес емес. Бірақ осыған қарамай, екеуден төртеу жасап, ешкімге алақан жаймай, отбасын бағып жүргендер қаншама? Әттеген-ай дейтініміз, олардың саны аз. Егер ауыл әйелінің табысы көтерілмесе, ол қашанда күйеуіне, туыстарына қаржы тұрғысында тәуелді болып қала бермек. Бұл – үлкен тәуекел. Ертең жалғыз бала-шағаны қалай бағам деп, үйдегі зорлық-зомбылық, ұрып-соғудың барлығына төзіп жүре береді. Бұл «шыдамнан» бәрі де зардап шегеді. Немесе ертең түрлі себеппен бала-шағасымен жалғыз қалса, онда оның барар жері, басар тауы да көп емес. Сондықтан ауыл әйелінің білімі де, табысы да жоғары болуы алдымен өзіне, кейін қоғамға пайдалы.