Алматы қаласының әкімі, Nur Otan партиясы қалалық филиалының төрағасы Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен партия активінің отырысы өтті.
Актив жұмысына Nur Otan партиясы қалалық филиалы саяси кеңесінің және депутаттық фракциялардың мүшелері, партияның аудандық филиалдары мен бастауыш ұйымдарының басшылары, партиялық бақылау комиссиясының, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің және партияның қалалық филиалы бақылау-тексеру комиссиясының мүшелері қатысты. Бұл басқосудың басты мақсаты – партиялық қайта жаңғырудың барысын талқылау.
Естеріңізде болса, осыдан бірер күн бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясы өңірлік филиалдары өкілдерімен кездесу өткізген болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы дәл сол кезде партияны қайта жаңғырту мәселелеріне тоқталған. Партиялық қайта жаңғырудың маңызды мәселелері, оның ішінде пәрменді электоратты құру, праймериз жүргізу, партиялық жобаларды жүзеге асыру, мәслихаттардың рөлін және депутаттық фракциялардың жұмыстарын күшейту мәселелері қаралды әрі талқыланды.
Бақытжан Сағынтаев партияның қалалық филиалы атқарып отырған жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті. Партиялық қайта жаңғырудың барысына талдау жасады. Маңызды мәселемен келгендерге бүгінде партияның есігі ашық. Бұл күні бастауыш партия ұйымдары мен Jas Otan Жастар қанатының белсенді жұмыс істеп жатқаны айтылды. «Елбасымен болған кеңесте жергілікті жердегі халық жиі келетін сегіз аудандағы біз құрған консультативті орталықтардың жұмыстары атап өтілді» деді Б.Сағынтаев.
Nur Otan партиясы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Станислав Канкуровтың партиялық жаңғыру аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарға жасаған шолуы мен қалалық мәслихаттың, депутаттық фракциялардың, бастауыш партия ұымдарының жұмыстары туралы баяндамалардан атқарылған біраз іске қанықтық.