Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында еліміздің Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай салтанатты шара мен «Елін сүйген Елбасы» атты концерт-спектакль өтті.
Мерекелік шара барысында партия қатарына қабылдап, көпбалалы аналарға 20 үй тұрғызып берген меценаттар марапатталды. Бұл күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыныптастары, қатар-құрбылары бас қосып, жылы естеліктерімен бөлісті.
«Тұңғыш Президент күні мерекесі құтты болсын! Біз Елбасымен бір сыныпта оқыдық. Бір инетернатта болдық. Сосын әкесі «Сабағын дұрыс оқысын, алаңдамасын» деп интернаттан алып, туысының үйіне орналастырыпты. Ол кездері телевизор, телефон жоқ. Оқу ісінің меңгерушісі болған Сейітхан Исабеков ағайымыз радиодан тілшілер келгенде «Нұрсұлтан сөйлесін» дейтін. Сосын бәріміз «Біздің Нұрсұлтан радиодан сөйлеп жатыр» деп тыңдайтынбыз. Ол мектептің, мұғалімдердің жайын айтатын. Сол кездің өзінде сөзге шешен, алғыр болатын» дейді Елбасының сыныптасы Галя Жексембаева. Галя апа Елбасының сыныптасы болу, «онымен бірге оқыған» деген сөздің өзі үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтады. «Ортамыздан көшбасшы, еліміздің басшысы шыққанына қуанамыз, мақтанышпен айтамыз және әр кез соған лайықты болып жүруге, өзгелерге үлгі болуға тырысамыз. Жастар ортасына, түрлі мерекелерге шақырады. Біз өз естеліктерімізбен бөлісеміз. Нұрсұлтан барлық сабақтан жақсы болды. Әсіресе математикадан бақылау жұмысы болғанда «бір-біріңе көмектесіңдер» деп айтатын. Колхозда жүгері, картоп жинауға апаратын. Сол кездері «Байқап жүріңдер» деп бізге қамқор болып жүретін» дейді ол. Елбасының қатар-құрбылары оның оқушы күнінен және жастық шақтағы естеліктерін айтты.
Бұл шараны Алатау ауданы әкімшілігі мен Nur Otan партиясының Алатау ауданы филиалы ұйымдастырып отыр. Тұңғыш Президент сыныптастары мен курстастары ұйымы да атсалысуда.
«Бұл ұйымның жұмыс істегеніне біраз уақыт болды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы 1958 жылы мектеп бітірген соң Укараинаға оқуға барды. Днепродзержинск қаласына 67 адам барып, оқу бітірген. Сол кездегі курстастары мен Теміртауда бірге еңбек жолын бастаған жолдастары да бар. Олар қазір жақсы істердің ұйытқысы болып жүр. Барлық облыста орталықтар жұмыс істейді. Мектептерде оқушылармен кездесіп, Елбасының балалық шағы туралы естеліктер айтып береді. Студенттермен де кездесулер ұйымдастырылады. Елбасымыздың өмірі жайлы естеліктерден тұратын кітаптар шығарып, тәрбиелік маңызы бар істермен айналысып келеміз. Кейінгі жастар Елбасының қатар-құрбылары арқылы оның адами болмысын тани түседі» дейді Елбасы курстастары қоғамдық қорының вице-президенті Бақытжан Сертеков.
«Елін сүйген Елбасы» атты концерт-спектальде Елбасының бала кездегі арманынан бастап, мемлекет қайраткері болғанға дейінгі өмір кезеңдері сахналанды. Сонымен қатар шара барысында театр өнерпаздары «Алатау» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің сүйемелдеуімен дәстүрлі және халықтық ән-күйлерді тарту етті.