Қоғамдық қабылдау – халық пен билік арасын жақындату бағытында қолға алынған үздік жоба. Мұнда партия халықты ашық форматта қабылдайды және бірінші кезекте тұрғындардың өтініші мен құқықтары басты назарға алынады. Сондықтан арнайы қоғамдық қабылдау бөлмелерінде тұрғындардың талап-тілегі тыңдалып, арыз-шағымы, өтініштері бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді.
Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде осы кезге дейін бірнеше қабылдау өтті. Лауазымды тұлғалар, атап айтқанда, министрлер, депутаттар, басқарма басшылары тұрғындарды тұрақты түрде қабылдап, бірқатар мәселелер оң шешімін тапты. Тұрғындарды толғандырған түйткілді мәселе мен олардың тарапынан айтылған өтініш-тілектердің, сондай-ақ қабылдауға келген тұрғындардың да есебінде шек жоқ. Осы орайда, қоғамдық қабылдаудың жыл бойы атқарған қызметін білу мақсатында 2019 жылдың 10 айының қорытындысын алған болатынбыз.
Есепті кезеңде қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 166 мың адам жүгінген. «Электрондық құжат айналымы» ақпараттық жүйесінде 84 мыңға жуық өтініш тіркелді. Оның 38%-ы (32,2 мың) оң шешімін тауып, 54%-ы (45 мың) нақтыланды. Сондай-ақ науқандар, тақырыптық және көшпелі қабылдаулар кезінде 58 мың азамат өтініш білдірген. Жалпы, партияның Call-орталығына 23 мыңға жуық қоңырау келіп түскен. Сұраныстардың көпшілігі Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне тиесілі – 9,3 мың (11%). Қостанай – 7,1 мың, ал Алматы облыстарында 6,4 мың өтініш жасалған.
Белгілі болғандай, елордадағы Республикалық қоғамдық қабылдауда көтерілген ең өзекті мәселелердің 30%-ы әлеуметтік қамсыздандыру, 18%-ы тұрғын үймен қамтамасыз ету және жеке тұрғын үй құрылысына жер бөлу, 15%-ы еңбек дауы және жалақы төлемеу, 12%-ы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері болған. Бүгінге дейін 35 мың қабылдау өткізіліпті. Оған 93,5 мың адам қатысқан екен. Ал Саяси кеңес бюросы мүшелерінің қабылдауына 24 адам жазылып, талап-тілегі тыңдалды. Сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың басшылары да 64 қабылдау өткізіп, 701 адамды қабылдады. Қабылдау нәтижелері бойынша 312 мәселе оң шешімін тауып, 276-ы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде партиялық фракция мүшелері – Мәжіліс депутаттары 51 қабылдау өткізіп, 431 адамның мәселесін тыңдады. Оның ішінде 131 мәселе (31%) шешіліп, 187-сі нақтыланды. Қабылдау кезінде көтерілген өзекті мәселелер: тұрғын үймен қамтамасыз ету және жеке тұрғын үйге жер учаскелерін бөлу, қарыздарды өтеу, қаржылай көмек және т.б. мәселелер. Ал облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының әкімдері осы жылдың басынан бастап партия филиалдарында 81 кездесу ұйымдастырып, 351 адамды қабылдады. Нәтижесінде, 227 мәселенің күрмеуі тарқатылды.
– Nur Otan партиясы адамның беделі мен құқығы, игілігі мен заңды мүдделерін басты құндылық деп есептейді. Партияның бүкіл іс-әрекеті халықтың мүддесін қорғауға бағытталған. Ал қоғамдық қабылдау – халықтың әр алуан мәселелерін шешуге арналған алаң. Бізге көп азамат түрлі мәселелермен хабарласады. Біздің міндетіміз – атқарушы және құқық қорғау органдарын тарта отырып, азаматтардың мәселелерін оңтайлы шешуге көмектесу. Сондықтан орталықта азаматтардың өтініш-тілегі, ұсынысы егжей-тегжейлі қарастырылады. Аталған жұмыс осы жылы күшейе түсті. Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың таяуда Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасы аясында бірқатар ауқымды жұмыс атқарылды. Осы уақыт аралығында Премьер-Министр Асқар Мамин мен Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева азаматтарды қабылдады. Nur Otan партиясы қоғамдық қабылдауының негізгі артықшылығы – тұрғындарды мемлекеттік органдардың бірінші басшыларымен бетпе-бет жүздесіп, талабын, тілегін айта алады. Өтініш айтып келген адам риза болып, қуанып қайтса, бұл бізді екі есе қуанышқа бөлейді. Осы арқылы өз жұмысымызға баға береміз, – дейді Республикалық қоғамдық қабылдау консультанты Бауыржан Қасабеков.
Жалпы, қоғамдық қабылдау 4 бөлімнен тұрады: бірыңғай үйлестіруші орталық, Call-орталық, тұрғындармен және әлеуметтік желілермен жұмыс істейтін бөлімдер. Орталықта күн сайын әрбір оператор орта есеппен 120 қоңырау қабылдайды. Консультанттар әр минут сайын «Халыққа көмек» жобасы аясында әлеуметтік желілерде сұрақтарға жауап береді. Еліміз бойынша күніне шамамен 500 адам Nur Otan партиясының көмегіне жүгінеді.
Енді сол қоғамдық қабылдау бөлмелерінде шешімін тапқан бірқатар мәселеге нақты мысал келтіре кетейік. Мәдениет және спорт вице-министрі Н.Дәуешовтің қабылдауында болған Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, 11 баланың анасы Зейнеш Алжимбаева балаларын бокс, қазақ күресі спорт түрлерінің тегін секцияларына қабылдау бойынша өтініш білдірді. Көпбалалы ананың тілегін орындау үшін Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасына тапсырма берілді. Мәдениет және спорт басқармасының жауабына сәйкес, 15 жастағы ұлын тамыз айынан бастап «№7 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебі» КММ қазақ күресі бөліміне және 12 жастағы ұлын «№3 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебі» КММ бокс бөліміне қабылдады.
– Екі ұлым да спорттық секцияға қатысып жүр. Жарыстарға қатысып, жүлдегер атанып үлгерді. Маған қолдау білдірген, ұлдарымның жағдайын жасауға жәрдемдескен партиялықтарға алғысым шексіз. 11 баланы асырау да оңай емес екенін білемін. Олардың бәрінің бірдей қалағанын орындай алмайтын кездерім де жиі болады. Сол кезде мен оларға бәрін байыппен түсіндеремін. Құдайға шүкір, осы қабылдаудың арқасында көптеген күрмеулі мәселе шешімін тауып жатыр. Бұл – қоғамдық қабылдаудың игілігі, – дейді Зейнеш Алжимбаева.
Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мәселесі бойынша көмекке жүгінген көпбалалы ана Гүлзар Әшім бұған дейін қалалық әкімдікке АӘК тағайындау туралы өтініш білдірген екен. Бірақ 6 баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты анаға ешқандай көмек көрсетілмеген. Бұл мәселе де Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіндегі қабылдау кезінде шешімін тапты. Қала әкімдігіне хат жолдағаннан кейін өтініш берушіге 139 984 теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Nur Otan партиясының Алматы облысы Талғар аудандық филиалына қабылдауға жазылған Гүлдала ауылының тұрғындары да Талғар ауданының әкіміне балалар алаңын салуға қатысты өтініш білдірген болатын. Аллея құрылысына жергілікті бюджеттің қаражаты есебінен 19 525 000 млн теңге бөлініп, балалар алаңы салынды.
«Мектепке жол» акциясы басталған кезде Ақтөбе облыстық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне өтінішпен барған көпбалалы ана Күнсәуле Жамансариева да партиялықтарға дән риза. «Менің өтінішімді аяқсыз қалдырмай партиялықтар балаларыма мектепке даярлық іс-шарасы аясында киім-кешек, аяқкиім, оқу құрал-жабдығын алып берді. Игі іске қалалық маслихаттағы Nur Otan партиясы депутаттар фракциясының мүшесі А.Қабиев демеушілік жасады» дейді көпбалалы ана.
Үш ай бойы жалақы алмаған ALC Business Service ЖШС-ның 250 қызметкері партияның Маңғыстау облыстық филиалына жүгінді. Нәтижесінде, партия филиалының базасында ALC Business Service ЖШС басшысымен заңгерлердің кездесуі ұйымдастырылды, оның нәтижесі бойынша барлық қызметкерге жалпы сомасы 30 миллион теңге жалақы төленген екен.
Иә, бұл біз келтірген мысалдың бір бөлігі ғана. Қоғамдық қабылдауда мұндай нақты шешімін тапқан мәселелер жетіп артылады. Халықтың басындағы күрмеулі мәселелерді шешіп, елдің алғысын арқалаған партиялықтардың бұл игі бастамасы алдағы уақытта да сәтті жүзеге асады деген ойдамыз.