Шенеуніктерге шетелден есепшот ашуға тыйым салынды

Шенеуніктерге шетелден есепшот ашуға тыйым салынды

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Анар Жарова айтты.

Биыл 19 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

«Шетелдік банктерде шоттар ашуға тыйым салу мемлекеттік қызметшілер, Парламент депутаттары мен судьяларға енгізілген. Мұнда мемлекеттік қызметтің бірқатар шектеулер қабылдайтын қызметтің ерекше түрі екенін түсіну қажет. Аталған түзетулерді әзірлеу кезінде халық мүддесі үшін қызмет ету идеологиясы бірінші орында. Қоғамда "Ақшасын шетелдік банктерде сақтайтын шенеуніктерге сену қажет пе, бұл шоттар сыбайлас жемқорлық схемаларымен және капиталды шетелге шығарумен байланысты емес пе?.." деген сұрақтар туындауы мүмкін. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасын орындалды», – деді Анар Жарова.

Оның айтуынша, енді мемлекеттік қызметшілерді қызметке тағайындауда оларға шетелдік шоттарын жабу үшін 6 айлық мерзім беріледі. Жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілерге заң қолданысқа енген күннен бастап, Қазақстаннан тыс орналасқан шетелдік банктердегі шоттарын жабуға 6 ай уақыт беріледі.

«Заңда мемлекеттік қызметшілерге шетелдік банктерде шот ашуға рұқсат беру жағдайлары да айқындалған.Оның ішінде, шетелде жұмыс істеу, оқу, тағылымдама, іссапар немесе емделу немесе кәмелетке толмаған баланың заңды өкілі ретінде шетелде болу. Бұл жағдайлар тоқтатылған соң (мысалы, шетелдік іссапардан, оқудан және т.б. оралған күннен бастап) мемлекеттік қызметші 6 ай ішінде шетелдік банктегі құндылықтары мен қаражатын сақтауды тоқтатуға міндетті. Дәл осы талап пен мерзім мұраны қабылдау жағдайларына да қолданылады. Егер мемлекеттік қызметші шетелдік банктегі шотты жапқысы келмесе және мемлекеттік қызметтен кетуге ниет білдірсе, онда ол өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш беруге құқылы», – дейді Анар Жарова.