«Педагог мәртебесі туралы» заң әлі бекіген жоқ. Мұғалімдердің мәртебесі әлі күнге «жыр» болып тұр. Екіге жарылған екінші тармақтың жайы тағы белгілі. Оған енді мұғалімдерді даярлайтын ЖОО санының қысқаруы қосылды.
Әдетте кез келген реформаға үркіп қарайтынымыз бар. ЖОО-ны оңтайландыру мәселесі соншалықты қорқынышты болмауы да мүмкін. Бір жағынан мұғалім беделін арттыруға мұның да себебі тиюі ғажап емес.
Министр өзінің Facebook парақшасында: «Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкіміне сәйкес Үкімет жанынан жоғары оқу орындарын оңтайландыру комиссиясы құрылды. Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарына қойылатын біліктілік талаптарын да күшейтудеміз. Әсіресе, лицензияларында педагогтарды даярлауға арналған қосымшалары бар жоғары оқу орындарына қосымша талаптар дайындауда. Олардың саны – 85. Бүгінде көпбейінді университеттің барлығы мұғалімдерді даярлайды. Алайда олардың сапасы сын көтермейтіндіктен, қойылатын талаптарды күшейту арқылы мұғалімдерді даярлайтын ЖОО санын 85-тен 20-25-ке дейін қысқарту жоспарланып отыр» деп жазды.
Аймағамбетов ЖОО басқа бағыттар бойынша мамандар даярлай беретінін, ал педагогика саласы бойынша лицензиялары қайтарылып алынуы мүмкін екенін айтады.
Осыған дейін «мұғалім мамандығын кім таңдайды? Гуманитарлық салаға қызығушылық неге азайды? ҰБТ-дан төмен балл жинаған түлек мұғалім болуға неге дайын тұрады? Педагогтың беделін түсірген не?» деген сияқты сан сауалға жауап іздеп те көргенбіз. Сонда оның нақты шешімі – ЖОО-ны оңтайландыру болғаны ма? Тағы да министрдің пікіріне сүйенсек. «Шамамен алғанда әр аймақта мұғалімдерді даярлайтын 1 мықты ЖОО және Алматыда бірнеше оқу орны болмақ. Нашар сабақ үлгерімі үшін оқудан шығарылғандардың бәрін қабылдай беру есебінен кейбір жоғары оқу орнына 100 адам түсіп, 800-ге жуық түлек бітіретінін атап өткім келеді. Тағы бір жайт, биыл 37 мың студент таяу шетелдің ЖОО-да бір семестр немесе бір жыл оқыған соң қазақстандық шағын ЖОО-ға ауысып келді. Ақпаратқа сүйенсек, ҰБТ сертификатының талап етілуін айналып өту үшін талапкерлер құжаттарын шетелдік ЖОО-ға жіберіп, бір семестр немесе бір жылдан кейін виртуалды түрде қазақстандық университетке ауысып алатын тенденция да бар» дейді министр Асхат Аймағамбетов.
Министрдің бұл сөзінің жаны бар. ҰБТ тапсырғысы келмеген түлек те, оқу орнынан шығып қалған студент те мұғалімдікті айналсоқтайды. Адамнан айла артылған ба? Жаратылыстану бағыты бойынша оқуға түскен түлек те оқу үлгерімі нашарлап, оқи алмайтын халге жетсе, педагогика саласын таңдап кетеді. Әрі түсуі оңай әрі диплом алып шығуға да таптырмайтын мүмкіндік. Сол себепті әр аймақта мұғалімдер даярлайтын 1 мықты ЖОО болса, онда бұл мамандықтың да бәсі артар еді.
«20-23 мыңға дейін студент оқитын және олардың көпшілігі әдетте сабаққа да бармайтын кейбір өңірлік ЖОО-да бар. Сондықтан да министрлік осындай жағдайлар мен жауапкершілігі төмен ЖОО-ға қатысты қатаң саясат жүргізуде. Әлбетте, бұл шаралар барлығына бірдей ұнай бермейтіні анық. Дегенмен Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, министрлік жоғары білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету саясатын одан ары жалғастырады» дейді министр.
Қазақта «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөз бар. Білікті де білімді ұстаз тұтас ұрпақты тәрбиелейді. Мемлекет педагог мәртебесін заң жүзінде ғана емес, іс жүзінде де биіктетуге күш салып жатыр. Осы орайда, педагог кадрларды даярлау ісі – мемлекеттік маңызы бар мәселе.
«Сан бар жерде сапа болады» деген сөздің күні өткен. Саны көбейген сайын сапасы да төмендеп жатқанын көз көріп жүр. Сондықтан «жауапкершілігі төмен ЖОО-ға қатысты қатаң саясат ұстанған жөн» деген министр пікіріне келіспеске амал жоқ. Алайда таяқтың бір ұшы ата-анаға тиетін секілді. Кей ата-ана баласының бойындағы құдай берген қабілет-қарымын екшемей, жаны қаламаған мамандықты оқуға мәжбүр етеді. Педагог болуды армандамаған, әйтеуір «диплом алсақ болды, өйтіп-бүйтіп мектепке ілігемін ғой» деген ұстаныммен жүрген түлек көп.
Педагогика ғылымдарының кандидаты Роза Қасымова «педагогикалық мамандарды даярлайтын ЖОО-ны оңтайландыру қажет» деген пікірде. «Өйткені экономиканы өркендететін білімді мамандар. Білім бар жерде ғылым дамиды. Сапасыз кадр көбейгені керек пе, әлде сапалы білікті маман әзірлеген дұрыс па? Қазір жекеменшік оқу орны көп. Ондай университеттер қандай маман тәрбиелеп шығарып жатыр? Осы тұрғыдан келгенде, белгілі бір ЖОО-да педагогтарды даярлаған дұрыс деп есептеймін» дейді ғалым.
Солтүстік өңірде маман тапшылығы тағы бар. Оңтайландыру арқылы кадр тапшылығына жол бермейміз бе? «Мектеп – қоғамның кішкентай моделі» деген қағида бар. Демек, қоғамдағы бар келеңсіздік мектепте де көрініс табады. Білім басқармаларын тікелей министрлікке бағындырмай, келеңсіздік жойылмайды» деген пікірді алға тартты қоғам белсендісі, тарих пәнінің мұғалімі Өмір Шыныбекұлы.
Білім саласына реформа керек-ақ. Бірақ ол реформа қалай жасалуы керек? Бұл мәселеде «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», жүйелі жұмыс істей аламыз ба? Нашар сабақ үлгерімі үшін оқудан шығарылғандардың кейбірі жекеменшік ЖОО-ға барып паналайды. Одан бөлек, сол оқу орнын бітіріп, диплом алып шығып жатқан түлек көп. Олар не істемек?
Қысқартқан да, қысқарған да дұрыс шығар. Бірақ көкейде неге педагогика деген сауал қылаң береді. Педагогика қысқарғанымен, ЖОО азаймайтыны белгілі. Сонда қоғамдағы ең керексіз мамандық иесі педагог болғаны ма? Сапалы білім беретін оқу орнын қалдыру мақсат болса, педагогика саласы бойынша лицензияны қайтарып алумен мәселе шешілмейді. Оңтайландыру барлық салада жүргізілуі тиіс. Мықты білімді мамандар мықты білікті ЖОО-дан шықпай ма? Кез келген салада біліктілік қажет. Біліксіздік тек педагогикамен өлшенбейді. «Соққының ауырын мұғалімдер қабылдай бере ме?» деген де пікірлер естіліп қалып жатыр. Оңтайландырудың педагогикадан басталғанын құп көреміз бе, жоқ па, ойланатын-ақ шаруа!
Қазақта «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөз бар. Білікті де білімді ұстаз тұтас ұрпақты тәрбиелейді. Мемлекет педагог мәртебесін заң жүзінде ғана емес, іс жүзінде де биіктетуге күш салып жатыр. Осы орайда, педагог кадрларды даярлау ісі – мемлекеттік маңызы бар мәселе. Жоғары оқу орындарын ықшамдап, базасы мықты, дәстүрі берік оқу ордаларын ғана қалдырып, қалған қаптаған жекеменшік оқу орындарын оңтайландыру ұстаздар құрамының сапалық қырын күшейтетін болса, бұл реформаның қайыры болғаны. Нәтиже қалай болады, оны ұлы мәртебелі уақыт көрсетеді.