Алматыдағы курсант қайтыс болған ІІМ академиясына министр Ерлан Тұрғымбаев барды

Алматыдағы курсант қайтыс болған ІІМ академиясына министр Ерлан Тұрғымбаев барды

Бұл туралы Polisia.kz жазды.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ІІМ-нің Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясына барды. Оқу орнында курсанттың қазасынан кейін кешенді тексеру жүргізіліп жатыр. Министрге тексеру нәтижесі туралы арнайы топтың басшысы – ІІМ Кадр саясаты департаментінің бастығы Айдар Сайтбеков баяндаған. Ол оқу орнының тек тұрмыстық жағдайы, материалдық-техникалық жабдықталуы, оқытушылар мен курсанттар арасындағы моральдық-психологиялық ахуал туралы айтқан. Айдар Сайтбековтің сөзінше, жүйелі түрде заңсыз ақша жинау фактілері расталмаған. Бірақ курсанттарға қысым көрсетуге қатысты ақпарат тексеріліп жатыр.

«Студенттер арасында әлеуметтік-психологиялық зерттеу жүргізу барысында өзіне қол жұмсаған курсанттың әртүрлі сылтаулармен туыстарынан үнемі ақша сұрайтындығы анықталды. Сондай-ақ өзге курсанттардан қарызға ақша алып, оның көпшілігін қайтармаған. Курсанттардың айтуы бойынша, ол соңғы кезде интернет-казино мен букмекерлік кеңселерге салымдар салумен айналысқан. Курсант Саламат Өтегенов туысқандары мен таныстарынан түрлі сомаларды осы мақсатқа алып отырды ма деген болжам бар. Сонымен қатар қылмыстық істі тергеу кезінде болған оқиғаның барлық нұсқасы тексерілуде», – деп баяндады Ішкі істер министріне Айдар Сайтбеков.

Оқу орнын аралау барысында Ерлан Тұрғымбаев оқу үдерісін ұйымдастыру мәселелерімен, сондай-ақ курсанттардың казармадағы жағдайымен танысты. Министр сондай-ақ академияның оқытушылары, курсанттары және курсанттардың ата-аналарымен кездесті. Академияға жуырда жаңа басшы тағайындалады. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бұл қайғылы оқиға тәрбие жұмысында проблема бар екенін көрсеткенін айтты.

«Біз болашақ полицейлерді дайындау бағдарламасына өзгерістер енгізуіміз керек. Үнемі психологиялық мониторинг жүргізу қажет», – деді министр.

Министр тергеу барысын жеке бақылауына алып, нәтижесі туралы тұрақты баяндауды тапсырды.