Не айтқым келіп еді

Не айтқым келіп еді

Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді, біреу солып секіреді... Байлық не істетпейді адамға? Ақшаның буы адамның көзіне шел қаптатады ма, қайдам? Ақша миллион, миллиардқа жеткенде, адамның миы істемей қалады ма деймін? Әлде, байлар кедейді кемсітіп, ойларына кел­генін істей береді ме? «Өй, маған неғылар дейсің? Іс насырға шауып бара жатқанның өзінде ауыздарды ақшамен ұрып, батыс­қа қарай қисайтып жіберемін!»деп ой­лайды-ау, сірә? Осындайда  мына­дай өлең шығара салғың келеді: Ақшаң болса, қалтаңда, Жас қыздармен талтаңда... Қазір қамауда отырған Ақтөбе қаласының ірі кәсіпкері, облыстық мәслихаттың депутаты Аркадий Ни-дің басына қара бұлт үйіріліп, найзағай жарқылдап, күн күркіреді  десе де болады. Кейбір толық анықталмаған мәліметтерді «майдалап турасақ», әңгіме былай болған сияқты. Ол жесір келін­шекті «сындырыпты», арам ойын былай тындырыпты: – Не ғой... – Не айтқыңыз келеді, айта беріңіз? – Не ғой... – Құлағым сізде? – Мектепте оқитын қызыңыз бар емес пе? – Ия? – Сонымен... пәктігін... Бір миллион теңге беремін. – Ааа? Немене? Сіздің жа­сыңыз алпысқа келсе де ақылыңыз кірмеген бе? – Не ғой? – Немене, не ғой? Жастар сияқты  сыздықдатпай, айта беріңіз! – Менің көңілім жас. – Болса ше? – Бір миллтон теңге аз ақша емес... «Алтын көрсе, періште жолдан таяды»  деген бар емес пе?  Арекең ой–шұңқырлы ойын жүзеге асы­рып­ты–мыс. Бірақ, «Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, тым жас қызбен төсек қатынасында болған–мыс депутаттың одан әрі де тәбеті ашыла түсіпті –мыс. Әр кездесуі үшін елу мың теңгеден беріп тұрыпты дейді білгіштер.  Ой, масқара, мына сұмдық шынымен рас болса, жетіскен екенбіз! Ой, масқара, мына сұмдық шынымен рас болса, оны партиядан неге шығарды? Демек, қоқысты болғаны ғой? Ой, масқара, мына сұмдық шынымен рас болса, бұрынғы депутат неге тергеу изоляторында қамауда отыр? Ой, масқара, мына сұмдық шынымен рас болса, депутаттың дені дүрыс па? Сенбейін десек, атынан ат үркетін миллионердің қамауға алынғанын құзырлы органдар растап отыр. Мына заман жаман дейміз–ау, адамдар қайда бара жатыр? Құлақ естімеген небір сұмдық оқиғаларға етіміз үйреніп кетіп еді, ал мынау... Егер ол рас болса, қызын саудалаған анасын да ат құй­ры­ғына байлап... жо–жоқ, заң көтер­мейді, оны да қамауға алу керек! Ой, масқара...

Жаныстың ЖҮГЕРМЕГІ