Карикатура деген не? Мағынасы қандай? Түбірі қайдан шыққан? Бұл итальян сөзі. Екі езуге күлкі үйіре отырып қағазға бейнелейтін қалжың сурет. Оны оқи алмайсың, көресің. Көріп отырып шектен шыққандарды шенегінін білесің. Білесің де күлесің. Түбін қазбай-ақ түйіп айтсақ, сайқымазақ суретті карикатура дейді. Ендеше, сайқымазақ сурет те сатираның бір түрі. «Медиа орда» қоғамдық қоры Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен «Бюджет мол – мәселе сол» атты республикалық карикатурашылар байқауын жариялаған болатын. Мақсаты не? Қоғамдағы түйткілді мәселелердің түйінін тарқату үшін жыл сайын мемлекеттік бюджеттен қыруар қаражат бөлінеді. Әйтсе де өте өзекті әлеуметтік проблемалар шешімін табар емес: бюджетті игеру, жоспарлау және т.б. жайттар реттелмей отыр. Жемқорлық өз алдына. Еліміздегі кәсіби және әуесқой карикатурашылар осы тақырып аясындағы, республика көлеміндегі немесе өңірлердегі маңызды мәселелерді карикатура тілімен сөйлету. «Медиа орда» қоғамдық қорының жетекшісі Асқар Беков: «Байқауды ұйымдастырудағы мақсатымыз – еліміздегі карикатура жанрының жандануына тиіттей де болсын өз үлесімізді қосу болды. Карикатура – бағзыдан бері әлеуметтің өзекті мәселелерін көтере білетін, оны қалың көпшілікке көрсете алатын бірден бір құрал. Бұл жанрдың халықаралық деңгейде өзіндік орны бар. Өкінішке қарай, осы жобаны жүзеге асыру барысында елімізде кәсіби карикатурашылардың көп емес екенін байқалдық. Десек те, бұл жанрдың түп-тамырымен жоғалып кетпеуіне септігін тигізіп жүрген кәсіби суретшілер бар. Сол «қыршаңқы» қылқалам шеберлеріне қолдау көрсету мақсатында осындай байқау ұйымдастырдық», – дейді. Байқауға 28 cуретшінің 113 өнер туындысы қазылар алқасының бағалауына жолданды. Жалпы жүлде қоры 1 миллион 350 мың теңге.
«Бюджет мол – мәселе сол» атты байқаудың қорытындысы шықты. Жеңімпаздары:
І орын (300 000 теңге) – «Құрақ көрпе» жұмысы, авторы – Қайрат Жәйірбек (Нұр-Cұлтан); ІІ орын (200 000 теңге) – «ЛРТ-стоунхендж» жұмысы, авторы – Талғат Жеңісұлы (Талдықорған); ІІІ орын (100 000 теңге) – «Бюджетті басқару» жұмысы, авторы – Мұрат Ділманов (Алматы) ІІІ орын (100 000 теңге) – «Ақбұлақ 2011-2020» жұмысы, авторы – Павел Уколов (Семей); ІІІ орын (100 000 теңге) – «ЛРТ: көзден бұлбұл ұшты» жұмысы, авторы – Әділ Закенов (Алматы).