Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Аталмыш шараға министрмен бірге тергеу, жеке қауіпсіздік департаменттері басшылары, Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары және Nur Otan партиясының өкілдері қатысты.
Қабылдауға Нұр-Сұлтанда тұратын 50-ге жуық тұрғын жазылды. Одан бөлек, тікелей бейнебайланыс арқылы өңірлерден шағымданушылар хабарласты.
– Мен тағы да сіздің көмегіңізге жүгінуге мәжбүрмін. Тамыз айында алаяқтық ісі жөнінде сіздің жеке қабылдауыңызда болдым. Істі 2 рет тоқтатты. Екі тергеуші де шығарған қаулысы үшін жазаланды. Сіз комиссия тағайындадыңыз. Бірақ ешқандай тұжырымдама мен хабарлама алған жоқпын. Қанша уақыт өтсе де, бас тарту түріндегі жауап алып келемін, – деді Шымкент қаласынан хабарласқан Лилия Ахметова.
– Сіздің мәселеңіз бойынша Бас прокуратураға 2 рет өтінішхат жібердік. Бұл айғақтарыңыз қосымша тергеуді қажет етеді. Алайда Бас прокуратура істі қараудан ресми түрде бас тартты. Жазбаша хабарлама бар, – деп түсіндірді ІІМ Тергеу департаментінің басшысы.
Өз кезегінде министр Бас прокурордың атына өтініш жазуға кеңес берді.
– Сіздің қылмыстық ісіңіз бойынша тергеушілер жазаланды. Барлық кедергі жойылды, тергеу жүргізілді. Енді жеке тұлға ретінде Бас прокурордың атына өтініш жазуды ұсынамын. Өтінішіңізді қолдаймын. Бұл – тығырықтан шығатын жалғыз жол, өйткені қаулының күшін жоймай, заң бойынша тергеу жүргізілмейді. Шымкенттің полиция департаменті арыз жазуға және оны рәсімдеуге көмектеседі, – деді Ерлан Тұрғымбаев.
Қабылдауға полиция қызметкерлерінің әрекетіне, қылмыстық істің жабылуына немесе қылмыстық істің нәтижесіне көңілі толмау сынды түрлі сипатта арыз-шағымдар айтылды. Сонымен бірге кешірім сұрау немесе жазаны ауыстыру, қылмыстық істің тоқтатылуы жөнінде де өтініштер қаралды.