Кешегі күн әлем чемпионы Геннадий Головкин мен әлемдік футбол жұлдызы Криштиану Роналдудың кездесуімен есте қалды. 191 миллион жазылушысы бар Роналдудың Instagram парақшасындағы Головкинмен селфиі бір сағаттың ішінде миллионнан аса лайк жинады. Қызығы, португал футболшысы Головкинді әлеуметтік желіде бұрыннан белгілейді. Ал Геннадий болса Криштиануды өзінің ең сүйікті ойыншысы екенін айтып жүр.
Олардың кездесуінің басты себебі – DAZN платформасымен ынтымақтастық аясында бірлескен жоба. Олар Италияның Турин қаласында түсірілімге қатысты. Бұған дәлел, Криштианудың жазбасы: «Өзінің көңілімде алар орны бөлек досыммен бірге DAZN үшін қызық жобада жұмыс істеп жатырмыз. Көріскеніме қуаныштымын, GGG» деген. Тіпті, оған еліміздің мақтанышы «Көріскенше, дос!» деп жауап берген.
Еске салар болсақ, Геннадий Головкин биыл наурыз айында DAZN платформасымен 3 жылдық келісімшартқа отырды. Сол аралықта боксшы 6 кездесу өткізеді. Бүгінде оның екеуі өтіп кетті. Соңғы кездесуін украиналық боксшы Сергей Деревянченкоға қарсы өткізіп, екі бірдей титулға ие болды. Ал Роналду платформаға осыдан бір жыл бұрын кірген. Ол DAZN жобасы аясында Турин тұрғындарымен кездесіп, сұхбаттасып, өткен ойындағы әсерімен бөліседі.
Кездесу кезінде португалиялық футболшы «Чемпионға жылы лебізбен!» деп қолтаңбасын қойып, оның аты-жөні жазылған «Ювентустың» жейдесін Головкинге сыйға тартты. Ал бокстан әлем чемпионы болса «Досым Криштиану Роналдумен кездесіп, уақытты жақсы өткіздік. Жасап жатқан жобамызды көруге асықпын!» деп парақшасында бөліскен. Сөйтіп, чемпионымыз оған өз қолғабын сыйға тартқан.