Nur Otan партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың шешілуін өзінің тікелей бақылауына алды. Қабылдауға қала тұрғындарынан бөлек, Сырдария, Жалағаш аудандарынан барлығы 12 азамат келіп, өтініштерін білдірді.
Көтерілген мәселелерге тоқталсақ, қала тұрғыны А.Ермағанбетова мүгедек баласының сырқатына байланысты медициналық препарат алып беруге көмек сұрады. Аталған препараттың бағасы қомақты қаржыны талап ететіндіктен, бұл мәселені демеушілер арқылы шешу керек екені айтылды.
Науқас қызының еміне квота қарастыру мәселесі бойынша қабылдауға келген Г.Алибаеваның өтініші де №2 емхана арқылы оң шешілетін болды. Ал азаматша К.Айбакованың Чернобыль апатына қатысқан күйеуі А.Курбановтың пәтер кезегінде біраз жыл тізімде тұрғанымен, әлі күнге дейін баспаналы бола алмай жүргені туралы шағымы бойынша арнайы комиссиямен тексеру жүргізілетіні ескертілді.
Сондай-ақ баласын емдету, баспанамен қамтамасыз ету, еңбек дауы, қаржылай көмек беру, жұмысқа орналастыруға ықпал ету жайлы өтініштерімен қабылдауда болған 6 азаматтың талап-тілегі назарға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілетін болды. Жазбаша өтініштерге жазбаша түрде жауап берілді.