Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев азаматтарды қабылдады.
Қабылдауға Nur Otan партиясының елордалық филиалы басшысының бiрiншi орынбасары Ерлан Қаналимов, Nur Otan партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Сақтаған Сәдуақасов, Nur Otan партиясы жанындағы Балалар құқықтарын қорғау кеңесі төрағасының орынбасары Динара Закиева қатысты.
Азаматтар кездесу барысында емделуге көмек көрсету, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, кәсіп ашу, оған берілетін көмек түрлері мен жеңілдіктер туралы және басқа да мәселелер бойынша өтініш-тілегін айтты. Қабылдауға өтінішпен келгендерден бөлек, Елбасына сыйлық әкелгендер де болды. Атап айтқанда, Айгүл Саитова Тұңғыш Президент Н.Назарбаевқа арнап салған суретін, ал Сұлтан Картоев бірнеше кітабын сыйға тартты.
Орталыққа келген Мәдина Айтбаева соңғы кездері денсаулығының сыр бергенін, көзіне 3 ай ішінде операция жасау керегін айтты.
– Көзім 3 жылдан бері ауырады. Дәрігерлерге бірнеше рет қаралдым. «Көзіңізге тез арада ем жасалмаса соқыр болып қалуыңыз мүмкін» деді дәрігерлер. 300 мың теңге тұратын дәріні көзіме бірнеше рет егу керек. Оған менің жағдайым жетпейді. Соған жәрдемдессеңіздер екен, – деді ол.
Өтініш иесінің әңгімесіне Әсет Исекешев Nur Otan партиясының елордалық филиалы басшысының бiрiншi орынбасары Ерлан Қаналимовқа осы мәселені жақын арада шешуге және жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды.
Қабылдауға жазылған Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Нұрбол Серіков өз кезегінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директорына Елбасымен өткен форумда барлық облыстарда үлкен спорт кешендерін салу туралы ұсыныс айтқанын жеткізді. Самбодан әлем чемпионы атанған Нұрбол қазақ спортының дамуы үшін бірінші кезекте өңірлерге спорттық нысандардың көптеп тұрғызылуы, спорттық үйірмелердің ашылуы керек деп есептейді. Осы орайда, ол Орал қаласына 1 500-2 000 адамдық спорт кешенін салса деген тілегін білдірді.
– БҚО әкімдігіне жобаңды көрсетіп, ұсынысыңды жеткіземін. Алдағы уақытта бұл мәселе бойынша өзіңмен жеке кездеседі, – деп жауап берді Әсет Исекешев.
Қабылдаудың тағы бір қонағы армрестлингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 6 дүркін әлем чемпионы Еркін Әлімжанов әлем чемпионаттарын жеңіп алғаны үшін ақшалай ынталандырудың төленбегенін айтып шағымданды. Ол, сондай-ақ ынталандырудың Үкіметтің қаулысымен қарастырылғанын баяндады. Ал Балжан Тәтібекова перинаталды патологиядан кейінгі балалардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша ұсынысын ортаға салды. Атап айтқанда, перзентханаларда бақылау орталығын енгізу, созылмалы патологиясы бар балаларды бақылау туралы ойымен бөлісті.
Әсет Өрентайұлымен кездесу барысында Мәдина Қарымбаева екі мәселені сөз етті. Бірі – Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларында «Алтын батыр» бишілер тобының жұмысын жалғастыруға, екіншісі – көпбалалы аналарға арналған «Кәсіпкер ана» әлеуметтік жобасын дамытуға көмек сұрай келіпті. Ләйлә Мұхамеджанова да жеке шығармашылық мәселесі бойынша қабылдауда болды. Наталья Теміржанова фитнес-орталықтың «Life +» стартап-жобасын жүзеге асыру, Нұргүл Балтабайқызы аутизм диагнозы бойынша оқулық шығару туралы айтты. Өз кезегінде Ақан Зенулла спортты дамыту туралы ұсынысын білдірсе, Гүлжан Жақсылықова ұлының еміне қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алу үшін көмек сұрады.
Қоғамдық қабылдау бөлмесінде 2,5 сағат бойы тұрғындардың барлық өтініш-тілегі мен ұсыныстарын тапжылмай тыңдаған, әр мәселеге жіті назар аударған Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев тиімді ұсыныстар мен орынды өтініштер бойынша тапсырмалар берілетінін, олардың бәрі бақылауға алынатынын жеткізді.