«Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен ауыл-аймаққа аттанған жас мамандар баспана сатып алу мен үй салу үшін берілген несиені қайтармай жүр. Бір ғана Жамбыл облысында бағдарлама шартына бағынбай, несиесін өтеуден жалтарып жүргендердің саны алты жүзден асып кеткен. Жүзден астам маман бағдарлама бойынша тиісті несиесін алғанымен, ауылдарда жұмыс істеп жүрген жоқ.
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы қабылданған 2009 жылдан бері әлеуметтік жәрдемақыны айтпағанда, 5 миллиард 1 миллион теңге тек баспана алу үшін бөлініпті. Соның арқасында өңірдегі 1 586 жас маман тұрғын үймен қамтылған. Оларға мемлекет тарапынан бағдарлама шарты бойынша 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы да берілді. Сонымен қатар қажеттілігіне қарай тұрғын үй сатып алу немесе салуға 0,01 пайызбен 15 жылға 1 500 АЕК көлемінде жеңілдетілген бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау шараларын көрсетті. Бірақ осы бағдарламаның арқасында бір реттік көтерме жәрдемақы мен баспанаға қол жеткізген жоғары білімді жас мамандардың дені бүгінде үй алуға берілген несие қаржыны шарт бойынша мемлекетке қайтару ниетін ұмытқандай. Оған аталған бағдарлама шартын орындамай, алған несиесін өтеуден жалтарып жүрген бір кездегі жас мамандардың саны бүгінде 627 адамды құрауы дәлел. Қайтарылмаған қарыздың көлемі 106 миллион 385 мың 600 теңге болса, өсімпұл көлемі 44 миллион 17 мың 700 теңгеге жетіпті. Екіншіден, мемлекет тарапынан жастарды ынталандыру мақсатында әлеуметтік қолдау шараларының қызығын көрген 1 786 маманның бүгінде 1 647-сі ғана нақты ауылдық жерде жұмыс істеп жатқан көрінеді. Ауылды түлетеді деп сенім артқан жастарымыздың жайы – осы... Жастардың мемлекетке құятын төлем қаржысы ай сайын 10-15 мың теңге көлемінде ғана. Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға ниеттенген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешені саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шаралары әлі де көрсетіліп келеді. Бұл үшін бөлінетін қаржы көлемі де жыл санап ұлғаюда.
– Жастарға 2017 жылы 800 миллион теңгеден аса тұрғын үйге жеңілдетілген несие, 71,8 миллион теңге көтерме жәрдемақы бөлінсе, ағымдағы жылы несие көлемі 1 миллиард теңгеге жуықтады және 104 миллион теңгеден аса көтерме жәрдемақы бөлінді. Аудандар бөлінісінде 2017-2019 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 2 686,2 миллион теңгеге 767 маманға тұрғын үй сатып алуға несие берілсе, жергілікті бюджет есебінен 1 390 маман 245,1 миллион теңге көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы алды. Ағымдағы жылы 666 маманға 126,7 миллион теңге көтерме жәрдемақы және 256 маманға тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін жеңілдетілген бюджеттік несие беруге 969,6 миллион теңге бөлінді. Бағдарлама бойынша мәселенің туындауына бөлінген қаржының толық қажеттілікті өтей алмауы себеп болуда. Ол үшін облыс әкімдігі тарапынан биылғы республикалық бюджетті нақтылауға Ұлттық экономика министрлігіне қосымша 227 маманға 859,8 миллион теңге бөлуге бюджеттік өтінім жолданды. Алайда тиісті қаражат бөлінбей, мәселе шешімін таппады. Екіншіден, жоба іске асырылғаннан бастап ауылдық елді мекенге жолдама алып, баспанамен қамтылған 1 786 маманның 640-ы осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін алған несиелерін мерзімінде өтемей, борышкер болып тіркеліп, берешек сомасы 116,5 миллион теңгені, өсімпұл сомасы 60,9 миллион теңгені құрап отыр. Жобаны іске асыру бойынша сенімгер агенті «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы болғанымен, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы және аудандық әкімдіктер тарапынан осы берешек қарыздарды өндіру бойынша жұмыс жүргізуде. Қазір 109 борышкерден 11,4 миллион теңге өндірілді, – дейді Гүлдана Әлімжанқызы.
Ал қарызды өндіру мақсатында соттың қарауына 122 маманнан жалпы 188,2 миллион теңге өндіру бойынша талап-арыз беріліпті. Борышкерлер санын азайту мақсатында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» мен Алматы облысының тәжірибесінің негізінде негізгі борыш сомасы толық өтелген жағдайда өсімпұл сомасын есептен шығару туралы акция өткізу ұсынылып отыр екен. Жергілікті атқарушы органдар борышын басқарудың тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Бауыржан Жолымбетов борышкерлердің бюджеттік несие бойынша негізгі қарызды да, өсімпұлды да уақытылы төлеуі жөнінде сенім білдірілген ұйым өкілі және аудан әкімдігі тарапынан жеткілікті деңгейде жұмыс атқарылмағандықтан, мәселе осылай ушығып отырғанын айтады. Бағдарлама аясында баспана алып, оны өтеуден жалтарып жүргендер тізімінде Мойынұм, Сарысу, Шу, Талас аудандары көш бастап тұр. Мойынқұмда 206 адамның 112-сі, Сарысуда 216 маманның 102-сі, Шуда 217 маманнан 93 адам, Талас ауданында 122 маманның ішінде 78 борышкер мемлекетке қарыз. Осылай оңай олжаға кенелгісі келетіндер «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы қолдауға ие болғандар арасында жоқ деп кім айта алады? Себебі осы бағдарлама арқылы ауылға барған жастар әке-шешесінің атындағы үйді өз атына «сатып алды» есебінен аударып алған, үйдің құнын жоғары бағада көрсеткен жайттар болған. Мұны сөз етіп отырған себебіміз, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығында болып тұрғанын атап көрсетіп, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру үшін Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырған болатын. Осы мақсатта облыс тарапынан Ұлттық экономика министрлігіне 2020 жылға – 444 маманға 1,7 миллиард теңгеге, 2021 жылға – 472 маманға 1,9 миллиард теңгеге, 2022 жылға – 512 маманға 2,2 милиард теңгеге бюджеттік өтінім жолданып та қойды. Енді осы бағдарламаға қатысушы жастар үшін заңнама тұрғысынан қаталдық танытып, бақылануы керек-ау.
Жамбыл облысы