Адамның жеке мәліметі, өміріндегі өзгеріс, жұмысындағы жаңалық қоғамға әп-сәтте мәлім болатын бүгінгі ақпараттық заманда анонимдік сақтау оңай шаруа емес. Алайда тек өзінің бет-әлпетін ғана емес, шынайы есімін де жасырып, туындысы әлемге танымал болған бір шығармашыл тұлға бар. Ол – ағылшынның Бристол қаласынан шыққан стрит-арт шебері Бэнкси.
Бэнкси Англияның көптеген қаласында көше қабырғаларына граффити салып, танымал болды. Ол салған суреттердің көпшілігінің саяси не әлеуметтік астарлы мәні бар. Кейде танымал тұлғаларды не қоғамдағы кейбір құбылыстарды әзілмен сынға алады. Әрине, тек граффити арқылы. Осы себепті де оның шығармашылығы жұртқа қызық. Ал қанша уақыт өтсе де, оның шын есімі, бет әлпеті құпия болуы – оның стрит-арт жанрындағы туындыларының танымалдығын арттыра түсуде. Оның ең соңғы граффитилерінің бірі Порт Толбот қаласындағы экологиялық мәселеге арналған. Себебі Уэльстің осы шаһарында Еуропадағы ең ірі болат зауыты орналасқан. Граффитиде жас қыз аузын ашып, қар жұтып тұр. Ал қабырғаның екінші жағында контейнерде от жануда. Қыздың қар дегені — күл.
Оның туындыларын Брэд Пит, Анджелина Джоли және Кристина Агилера сияқты танымал кино, сахна жұлдыздары сатып алған. Бүгінде Бэнкси кім болуы мүмкін деген сұрақтың үш нұсқасы бар. Олар: Роберт Бэнкс, Робин Каннингем немесе Роберт Дель Ная. Дель Ная – Бристол қаласынан шыққан Massive Attack тобының әншісі. Себебі аталған топ өнер көрсеткен қалаларда Бэнксидің граффитилері салынатын болған. Бірақ әнші Бэнксиге қатысы жоқ екенін айтқан. Бұдан бөлек, Бэнксидің туындылары суретшілер тобының жұмысы деген де болжам бар. Алайда Бэнксидің Instagram-да жеке аккаунты бар. Сол жерден Бэнкси салған граффитилерді көруге болады. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, саяси, әлеуметтік тақырыпта кез келген адам көше қабырғаларына сурет сала алады. Ал Instagram-дағы аккаунт арқылы тек Бэнкси қолынан шыққан туындыларды бақылауға болады.
Бэнксидің ерекшелігі тек саяси, әлеуметтік тақырыпқа граффити салуында ғана емес, ол көкейіндегі ойын еркін жеткізеді. Шектеулерді бұзудан аяқ тартпайды. Көп жағдайда оның ойлары қоғамда ашық айтылмаса да, кең таралған пікірмен сәйкес келеді. Мәселен, 2004 жылы 10 фунттық банкноталарды басып, ондағы Елизавета II патшайымның орнына ханшайым Диананың суретін салған. Ал ақшадағы әдетте Bank of England деп жазылатын сөздің орнына Banksy of England сөздерін жазған. Бұл Англия халқының Дианаға деген құрметі мен сүйіспеншілігін көрсеткен бір туынды еді.
Жоғарыда айтылғандай, Бэнкси саяси, әлеуметтік мәні бар граффити салуға жақын. Оның суреттерінен соғысқа қарсылық, бейбітшілікке шақыру, саясаткерлерді айыптау, жануарлар құқын қорғау сияқты месседждерді байқауға болады. Бэнкси жақында өз туындысының жанашырларын таңғалдырды. Осы жылдың қазан айында атақты Sotheby’s аукционында Бэнксидің «Шары бар қыз» атты суреті 1,4 млн долларға сатылған мезетте картина өздігінен жойыла бастады. Бэнкси кейін мән-жайды өзінің Instagram-дағы жеке парақшасында түсіндірді. Ол суретті салған кезде-ақ оның ауыр ағаш жақтауларының астына шредерді (қағазды жоюшы аппарат) орнатқан екен. Картина сатылған сәтте шредер автоматты түрде іске қосылған.
Бэнкси алғашқы туындыларының бірін туған қаласы Бристолда салған еді. Граффити жергілікті жыныстық ауытқуы бар науқастарды емдейтін аурухана қабырғасында салынған. Граффитиде күйеуінің көзіне шөп салған әйел, оның ашулы күйеуі және одан жасырынып, терезеге асылып тұрған ашынасы салынған. Аталған суреттің дәл сол ауруханада салынғаны да бекер емес шығар. Әдетте, Бэнксидің туындыларын қала қабырғаларында қалдыру немесе өшіруге қатысты жергілікті тұрғындар мен қала мэрияларының арасында үлкен дау туындайды. Себебі ол граффитилер рұқсат етілмеген сурет әрі вандализм болып қарастырылуы мүмкін. Көп жағдайда граффитилер өшірілмейді.
Бэнкси суреттерін тек Британия жерінде салмайды. Мәселен, Венецияда ол құтқару жилеті мен факелін ұстап тұрған жас қыздың граффитиін салды. Яғни, миграция тақырыбы көтерілді. Ал 2015 жылы Газа секторына барып, Бейт-Ханун қаласындағы бомбыланған қабырғалардың біріне алқызыл бант таққан мысықтың кескінін сызып кетті. Бэнкси осы арқылы Газа секторындағы халықтың мүшкіл жайына әлем назарын аударғысы келген сыңайлы.
Бэнкси граффитилерін 1990 жылдан бері салып келеді. Алайда оның шын есімі, бет-әлпеті әлі күнге дейін құпия. Бәлкім осы жағдай оның суреттерінің құнын арттырып отырған болар? Мүмкін оның беймәлім қала бергені де дұрыс шығар?