Қолайсыз ауа райын байланысты еліміздің тағы бірнеше өңірінде жол жабылды,– деп хабарлайды ҚазАқпарат. «ҚазАвтоЖол» кәсіпорнының мәліметі бойынша, Ақмола облысында «Екатеринбург-Алматы» автожолының 1291-1353 шақырымы жабылған. Бұл - Жалтыркөл ауылынан бастап Қарағанды облысының шекарасына дейінгі аралық. Сонымен бірге «Нұр-Сұлтан-Петропавл» жолының 18-231 шақырымы, яғни елордадан Щучинск қаласына дейінгі жол жабық. Қарағанды облысында да қатты аязға байланысты 2 қаңтар кешкі 18:00 бастап «Екатеринбург-Алматы» тасжолының 1353-1425 шақырымында, атап айтқанда Ақмола облысы шекарасынан Теміртау қаласына дейін дизель қолданатын көліктің жүруіне рұқсат жоқ. Дәл осындай шектеу «Нұр-Сұлтан-Қабанбай батыр-Нұра-Теміртау» жолының 51-104 шақырымында да енгізіліп отыр. Одан бөлек, «Қызылорда-Павлодар» автожолының 1066-1135 шақырымы - Молодежный елдімекенінен Павлодар облысының шекарасына дейінгі аралық жабылды. Алматы облысында да осындай жағдай. Бүгін сағат 17:00 бастап «Алматы-Өскемен» тасжолының 558-615 шақырымында, Үшарал қаласынан Шығыс Қазақстан облысының шекарасына дейін дизельмен жүретін және қоғамдық көліктің қозғалысына шектеу қойылған. Сондай-ақ Павлодар облысында 2 қаңтар кешкі 18:00 бастап барлық бағыттағы жолдарда дизель қолданатын көліктер мен автобустардың жүруіне тыйым салынды. Сонымен қатар Қостанай мен Шығыс Қазақстанда да көлік қозғалысына шектеу қойылған.