Алматы қаласында мейрамханалар түнгі клубтарға қайта бейімделіп, карантин режимін бұзып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Коронавирусқа қарсы ведомствоаралық комиссияның мәліметінше, Алматы қаласында 2020 жылғы 8 қазаннан бері 32 мониторинг тобы жұмыс істеп келеді. 2020 жылдың 8 қазанынан жыл соңына дейін 648 рейд жүргізіліп, 5 464 объекті рейдпен қамтылған. Оның барысында карантинді бұзудың 1100 (20,1%) фактісі анықталған. Мониторинг топтарының тексеру нәтижесі бойынша әкімшілік құқық бұзу туралы 959 хаттама жасалды, оның ішінде заңды тұлғаларға – 48 378 870 теңге сомасына 243 хаттама, жеке тұлғаларға қатысты бетперде режимін бұзғаны үшін 29 835 720 теңге сомасына 716 айыппұл салынды. Бұдан бөлек, 16 материал сотқа беріліп, 5 іс бойынша қызметін тоқтату және 100 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) айыппұл салу туралы шешім қабылданды.