ХХІ ғасырдың 21-жылына аяқ бастық. Әдетте масс-медиа жыл аяқталар тұс пен жаңа жыл басталған кезде өткен-кеткенді шолып, түрлі баға беріп жатады. Биыл да сол үрдіс жалғасты. Әсіресе, өткен жылдың маңызды оқиғаларына шолу жасаған кезде олардың кез келген елде қайталануы мүмкін екенін де есте ұстайтын кезіміз болады.
Былтыр әлемнің бірқатар мемлекетіндегі дүрбелеңдер көбіне сайлау процесінен туындаған. Кейбір оқиғаларға шолу жасағанда ел ішіндегі осындай процестерге белгілі бір мөлшерде байланысы болуы мүмкін екенін де ескеретін жайымыз бар. Айталық, былтыр Қырғыз Республикасында өткен Парламент сайлауының соңы түрлі дүрбелеңге алып келді де, ақыры елде билік дағдарысы қалыптасты. Әрине, қазір Қырғыз елінде президент міндетін атқарушы да, үкімет басшысы да, өзге лауазымды тұлғалар да бар. Тек олардың басым бөлігі уақытша қызмет атқарып отыр. Өйткені алдағы сайлаулардың нәтижесінде тағы да төңкеріс болмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Ал төңкерістерден ұтқан қырғыз жұртын көрмедік. Сонау 2005 жылы А.Ақаевты билігінен тайдырумен басталған «қырғыз төңкерістері» былтыр үшінші рет қайталанды. Ереуілшілер 2010 жылы Қ.Бакиевті биліктен кетірсе, былтыр С.Жээнбеков митингілердің салдарынан отставкаға кеткен еді. Ол елде қан төгілмеуі үшін қызметтен кетуге бел байлаған еді. Әрине, экс-президенттің қан төгіске жол бермегені құптарлық іс. Бірақ посткеңестік елдердің бірқатарында тіркелген төңкерістерден кейін аталған мемлекеттердің ішінде жағдайының оңалғаны сирек. Әсіресе, қырғыз елінде әлеуметтік-экономикалық жағдай оңалмады. Бәлкім, азаматтар өз әрекеттерін демократиямен байланыстыратын шығар, алайда билікті күшпен алмастыру, Үкімет кеңсесін, Парламент ғимаратын тонау демократиядан гөрі вандализмге ұқсап кетеді. Кейде мұндай толқулар кезінде ұлт жадындағы мемлекет, билік, рәміз тәрізді құндылықтар да шайылып кететіндей көрінеді. Мәселен, өткен күзде Бішкекті дүрліктірген толқулар кезінде қырғыз елінің туын аяққа таптаған адамдардың фотолары жарияланған. Бәлкім, батыс елдері үшін тудың қадірі басқа шығар, ал түркілер үшін байрақтың орны бөлек еді. Қырғыздар да бұрын байрақты қадірлеген. Бірақ соңғы оқиғалар қырғыз жастарының санасынан байраққа деген құрметтің өше бастағанын көрсетеді. Демек, түркі халықтарының санасында сақталған «мемлекет-әке» ұғымы да шайылып барады. Әйгілі Мөде қағанның сүйікті тұлпары мен сүйген жары үшін емес, жер үшін атқа қонғаны жайлы тәмсіл де құнын жоғалтты деген сөз. Яғни, мемлекетте қайта-қайта төңкеріс жасау арқылы бауырлас жұрт «Манас» жырында айтылатын құндылықтарға да немқұрайлы қарай бастағанын байқатып алды. Мұны Бішкектегі төңкерістің бірінші һәм ең басты зардабы деп бағалау қажет. Ұлт өзін әлемге паш ететін айрықша құндылығын жоғалта бастады. Екіншіден, төңкерістен соң Қырғыз экономикасы орасан зор зардап шекті. Тек бір түннің ішінде ереуілшілер қаладағы ғимараттарға құны 200 мың доллардан асатындай көлемде зиян келтірген. Одан бөлек, сол күндері тау-кен өнеркәсібінің бірқатар кәсіпорны жұмысын тоқтатып, күніне 50 мың доллар зиян шегіп отырған. Ал Бішкекте бір ай ішінде 44 ереуіл өткенін ескерсек, нақты шығындардың көлемі анық емес деген сөз. Одан бөлек, экономикаға қаржы құятын шетелдік инвесторлардың тартынуы, халықаралық қаржы ұйымдары мен агенттіктердің елдің түрлі рейтингтерін төмендетуі қосылатынын да ескеру керек. Үшіншіден, алғашқы төңкерістен бері Қырғыз Республикасы толыққанды тәуелсіз сыртқы саясат ұстанудан қалды. Елдегі топтардың ірі мемлекеттермен ымыраға келіп, сол арқылы қарсыластарын биліктен тайдыруға ұмтылатыны байқалады. Әсіресе, теріскейдегі алып мемлекеттің Бішкекке ықпалы басым болып кетті. Ол жайлы өткен күзде саясаттанушы Досым Сәтпаев және өзге бірқатар отандық сарапшы да айтқан. Төртіншіден, төңкерістер ел халқының ертеңгі күнге деген сенімін де шайқап жіберген. Мәселен, қырғыз еліндегі әлеуметтанушы Қайратбек Жаманқұлов ереуілдер ең алдымен халықтың тұрмысын нашарлататынын айтады. «Менің әлеуметтану ғылымы бойынша кандидаттық диссертациямның тақырыбы шетелдерге жұмыс істеуге кеткен қырғыздардың әлеуметтік жағдайы мен жаңа ортаға бейімделуі жайлы еді. Зерттеу кезінде қырғыз азаматтарының Ресей, Қазақстан сияқты мемлекеттерге кетіп, жұмыс істеуге құмар екенін байқадым. Бәрі де елдегі әлеуметтік жағдайдың нашарлығынан гастарбайтер болып жүр. Олардың арасында Қазақстан азаматтығын алып, өзін қазақ деп жазғызуға ұмтылатындар да бар. Жөн сұрасаң, Қырғыз Республикасында жағдайдың нашар екенін, елдің әлеуметтік ахуалын түзеуге бағытталған бірде-бір реформа немесе бағдарлама орындалмай қалуы ықтимал екенін айтады. Өйткені ел билігінің тұрақты әрі ұзақмерзімді әлеуметтік-экономикалық саясат жүргізетініне кепілдік жоқ. Тағы бір төңкеріс болса, билік қайта ауысуы мүмкін», – дейді әлеуметтанушы. Сонымен қатар ол әлеуметтік жағдайдың нашарлауы ұлттық бірегейлікке де зиян тигізуі мүмкін екенін айтады. Әйтпесе, «Манаспен» мақтанатын қырғыз азаматтары қазақ атануға құмартпаған болар еді. Қазақстанда қалғысы келетін қырғыз азаматтары бұдан кейінгі тағдырын түбегейлі қазақпен байланыстыруға талпынады. Демек, төңкерістер ел халқының емес, санаулы қаржылық топтардың мүддесіне қызмет етіп жатыр деген сөз. Ал көшеге әдетте делебе қоздырар ұранға еретіндер шығады. Бірақ айғайға сүрең қосып, атойлап көшеге шыққандардың ешқайсының шекесі шылқыған емес. Топтың алдына шығып ұран салғандар кейін сотталып та кетуі мүмкін. Өйткені саясаткерлер қарапайым азаматтарды саяси амбицияның құрбаны ете салудан тартынбайды. Демек, қалың топтың дүрбелең арқылы әділет орнатамыз деуі қисынға келе қоймаса керек. Ереуілдер мен дүрбелеңдер посткеңестік елдер үшін пайда әкеле қоймайтынына осының өзі нақты мысал бола алады. Ал бізге «сабақ үйретіп» жүргендер қазіргі демократияға, заң үстемдігінің орнауына жүздеген жылдардың нәтижесінде қол жеткізген еді.Ардагелді БЕКЖАН