Сенген компаниям сен болсаң...

Сенген компаниям сен болсаң...

Түркістан облысында сенімгерлік басқаруға берілген колледждер өгей баланың күйін кешіп отыр.  Себебі колледждер білім беру ұйымдарының жабдықтарын жаңғыртуға бағытталған «Жас маман» мемлекеттік бағдар­ламасы аясында бөлінген қаржыдан қағылды.

Далада қалған колледждер

Мән-жайды толығырақ баяндасақ, Түр­кістан облысындағы  Жоғары аграрлық,  ин­дустриалды-құрылыс және  «№16 кол­леджі» мемлекеттік ком­муналдық қазына­шылық мекемелері өткен жылдың соңында мемлекеттік-жекешелік серіктестік шең­берінде өңірдегі DALA-CONSTRUCTION.KZ ЖШС, DALA-FRUIT.KZ ЖШС және «Хамит» әлеуметтік кәсіпкерлік кор­порациясына 10 жылға сатып алу құқы­ғынсыз сенімгерлік басқаруға берілген. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап мекемелер толық сенімді басқару аясында жұмыс істейді. Бірақ осынау мекемелер то­лықтай мемлекет меншігінде. Себебі ба­лалар 100 пайыз мемлекет есебінен оқып, шәкіртақы алады. Мұғалімдер де сол баяғы жалақысын мемлекеттен алып отыр. Еш­нәрсе де өзгермеген.  Түркістан ин­дустриалды-құрылыс колледжінің заңгері Сұлтанбек Қаратаевтың айтуынша, сенімді басқаруға өткендегі жарғыда колледждің толық мемлекет меншігінде екені жа­зылған. «Сенімгерлік басқарушылар оқу ор­нының оқу процесіне араласа алмайды. Алайда мүмкіндігіне қарай материалдық ба­засын жаңғырта алады» делінген. Әри­не, «мүмкіндігіне қарай деп тұр» және мұн­да ешқандай нақты баға көрсетілмеген. Бізді сенімді басқаруға алған DALA-CONSTRUCTION.KZ компаниясы негізінен балаларды құрылыс компаниясында тә­жірибеден өткізіп,   жоғары білікті маман бо­лып шығуына мүмкіндік жасайды. Осылай­ша, еңбек нарығына қажетті кадр­лар дайындап, олардың жұмыспен қам­тылуын, тәжірибеден өтуін өз міндетіне ала­ды.  Жалпы, біз дуальды оқуға кіріс­кенбіз. Ол дегеніміз – 40 пайыз теория бол­са, 60 пайыз тәжірибеден өтуге басым ба­ғыт берілген. Біртіндеп тәжірибені 80 па­йызға жеткізу жоспарда бар», – дейді ол. Ал колледж директоры Нұрсұлу Қалие­­ва: «Елбасының неғұрлым көп талап етіл­етін 100 кәсіп бойынша 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнын жаңғырту және ма­ман­дар дайындаудың халықаралық тә­жірибесін енгізу» жөніндегі тапсырмасы ая­сында колледж сенімгерлік басқаруға берілмей тұрып, «Жас маман» жобасына қа­тысып, республикалық комиссияның шешімімен іріктеуден өткенін айтады. Жо­бада өндіріске аса қажетті 100 мамандықты таңдау қарастырылған. Индустриалды-құрылыс колледжі бұл бағытта «экскаватор-машинист», «ағаш ұстасы-құрылысшы» ма­мандығы бойынша бірінен 16, екін­шісінен 22 балл жинап, 2019 жылдың 30 қа­занында бағдарламаға қатысушылар тізіміне кіріп, 404 млн теңгені ұтып алған. Осы қаржыға жаб­дықтар сатып алу көз­делген.  «Сенімгерлік компаниямен келісе отырып, барлық маманды жұмыл­дырып, 6 ай бойы жұмыс істеп, алатын жабдығымызды дайындап та қойғанбыз. Міне, енді соңғы сәтте 2020 жылғы 23 қазан күні Білім және ғылым министрлігі бізді, яғни сенімгерлік басқаруға өткен 4 колледжді (оның 3-еуі Түркістан облысына қарасты) жобадан шығарып отыр. Уәжі «жоғарыда айтылған 404 млн теңгені сенімгерлік басқару компаниясы берсін», – дейді. Ал сенімгерлік басқарушымыз «Сіздер толықтай мемлекет мен­шігін­десіздер. Бізге 10 жылға сатып алу құ­қығынсыз өткенсіздер. Ондай қаржыны беруге мүмкіндігіміз жоқ» деп отыр. Егер мәселеміз шешіліп қайта орнына келетін болса, жаңа, заманауи жабдықтар алып, шәкірттеріміз қазіргі құрылыс ком­пания­ларында пайдаланылып жүрген жаб­дық­тарды көріп, ұстап, пайдаланып үйренер еді» деп шырылдайды Нұрсұлу Әб­деш­қызы. Дәл осындай жобадан қағылып отырған кәсіптік-техникалық оқу орындарының бірі – №16 колледж. Директор Закирхан Талбидин ми­нистрліктің барлық шарты  бітіп, соңғы сатыда жобадан шығарып тастағанына қынжылады. «Министрлік осы бағыттағы наразылық хатымызға түсініксіздеу жауап жолдапты. Онда бұл мәселе өңірлік комиссияның шешімімен айқын­далатыны айтылған. Ал жуырда облыстық Адами әлеуетті дамыту бас­қармасы басшысының төрағалығымен өткен өңірлік комиссия отырысының ше­шімімен министрліктің бұйрығын өзгеріссіз қалдырып отыр. Яғни, сенім­герлік басқаруға берілген колледждер жобадан алынып тасталды. Демек, об­лыстық басқарма өзінің қара­мағындағы 3 колледжге материалдық-тех­никалық базаны жетілдіру үшін рес­публикалық бюджеттен бөлінетін 2 млрд 200 мың теңгеден бас тартып отыр.  Біз өңірлік комиссияның шешіміне қарсымыз. «Жас маман» бағдарламасы бойынша жобаны одан әрі жалғастыруды сұраймыз. Бізді сенімгерлік басқаруға алған «Хамит» ӘКК-і  колледжге ағымдағы жөндеу жұ­мыс­тарын, балаларға қажетті компьютер, смартфон алып беру жұмыстарына көмек­тесуде. Алайда 404 млн теңгеге аламыз деп отырған заманауи, қазіргі өндірісте пайдаланып жүрген жаб­дықтарды алып беруге мүмкіндігі жоқ екенін, ондай міндет жүктелмегенін айтып отыр. Мә­селен, бітірушілеріміз заманауи құрыл­ғылармен жұмыс істеуді білмейді. Сон­дықтан жұмыс­қа орналасу кезінде де қиындықтар туын­дап жата­ды», – дейді директор. Түркістан жоғары аграрлық кол­леджінің басшысы Наржан Әліпбеков болса, қазіргі өтіп жатқан сабақтың барлығы тікелей өндіріспен байланысты екенін,  бұрын осынау алып компания­ларға тәжірибеден өтуге, олардың қымбат техникаларын пайдалануға қолы жет­пегенімен, қазір оған үлкен мүмкіндік туғанын жеткізді.

Студенттерде білім жоқ

Түркістан облысы Кәсіпкерлер па­латасы ұйымдастырған  брифингте ай­тылған колледж басшыларының жанай­қайына сенімгерлік басқаруға алған ком­пания өкілі Қайрат Айтбаев та өз пікірін білдірді. «Бізге колледждерді түп­кілікті басқаруға берген жоқ. 10 жылға са­тып алу құқығынсыз өткізді. Сенім­гер­лік басқару сатып алу құқығын бермей­тіндіктен,  бұл оқу орындары мемлекеттік мекеме болып қала береді. Жарғыда «қазір­гі бағыттарын өзгертпей 10 жылдан соң тура солай қайтарасыңдар» делінген. Мә­селен, ком­панияның еліміз­дің түкпір-түк­пірінде салынып жатқан құрылыс жұ­мыстары бар. 2024 жылға дейін 40 үй салын­бақшы. Әрқайсысына 40 адамнан маман керек. Сонда 1 500 адамды жұмыс­қа алады. Басшылық бола­шақ маман иелеріне келсін, жұмысқа кірсін деп отыр. Тіпті, басшылық түске дейін сабақ оқып, түстен кейін бізге келсін дейді. Тео­рия мен тәжірибені ұш­тастырмақ. Бірақ осында оқып жүрген бала­ларды дәне­керлеуге қойсаң дәнекер­леуді, кір­піш қалауға қойсаң, оны да дұрыс істей ал­майды. Ал ол жердегі мамандар кемі 600 мың теңге айлық ала­ды. Мұндағы бітірушілерді 80 мың теңге жалақымен де ешкім жұмысқа қабыл­дамайды. Біз бұларға өзіміздің компания­ның бүкіл дүниесін, аппаратын көрсетіп, үйретіп жұмысқа да аламыз», – дейді DALA-FRUIT.KZ ЖШС бас­қарушы компания­сының өкілі Қайрат Ташқұл­ұлы. Одан бөлек, басқарушы компанияның өкілі колледждерді сенімгерлік басқаруға алған соң оқу процесін тексеріп, талай заңсыздыққа тап болғанын жеткізді. Колледжде оқып жүрген 1 600 баланың 30 пайызы ғана сабаққа қатысады екен. Қалғаны қағаз жүзінде ғана бар. Студент неғұрлым көп болса, мемлекеттен қаржы соғұрлым көп беріледі. «Келмейтін бала­ларды оқудан шығарып іріктедік. Осы кезде оқу орнында үлкен дау шықты. Бала саны қысқарған соң мұғалімдердің жалақысына да әсер етеді ғой. Қысқарту да болады. Біз іріктеп, жақсы маман даяр­лауды міндетімізге алдық. Барлығын да заңды істеуге кірістік», – дейді ол. Осылайша, колледжердің мәселесі дәл қазір «сен салар да мен салардың...» кебін киіп отыр.  Жиынға қатысушылар бұл мәселені «аяғына дейін жеткіземіз, сотқа дейін шағымданамыз» деп отыр. Ал «Атамекен» ҰКП коллеждер сенімді бас­қаруда бары-жоғына қарамастан мем­лекеттік коллеждерге тең құқық бел­­гілеуді немесе сенімді басқарушы­ларға қосымша талаптарды бекітуді ұсынады. Қаржы мәселесінде туындаған осы даудың салдарынан мемлекеттік меке­мелердегі, оның ішіндегі колледждердегі білім сапасының деңгейі көрінді. Қалай болғанда да, сенімгерлік басқарудың шикі тұсы көп сияқты. Нақты жүйесі жоқ. Мемлекет өз меншігіндегі мекемені итеріп тастай салған, ал сенімгерлікке алғандар бізге түпкілікті жекеменшікке берілген жоқ деп жаны ашымайды.

Назгүл НАЗАРБЕК