Түркістан облысындағы Төлеби ауданына қарасты жолдардың сапасы нашар болып шықты. Асфальт-бетон жамылғысында жол төсемінің тегістігі сапасыз, жол жиегі үгітіліп, жол төсемі қосылған жерлер біркелкі емес екені анықталған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті мәлімдеді.
«Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің «Сапалы жол – адалдық алаңы» аясында Төлеби ауданына қарасты Ленгер қаласындағы аудандық маңызы бар КХТЛ-33 «КХТЛ-31-КХ35 – Ақайдар Екпінді» көшесі және КХТЛ-31 «Ленгер КХ-82 Шымкент – Сайрам – Қасқасу – Шымкент» көшелерінде жалпы ұзындығы 9,3 шақырым болатын жолдан сынама алынып, мемлекет бюджеті есебінен салынған жолдардың сапасы тексерілді.
Мониторинг жұмыстарына аталған жобалық кеңсенің менеджері Е.Тұңғышбаев пен облыстық «Ұлттық жол активтері сапасы орталығының» мамандары, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Н.Оспанов және «Мир Строй и Компания» ЖШС техникалық қадағалаушысы Т.Сүлейменов, аудандық мәслихат депутаты, Nur Otan партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Р.Сайлауұлы, мәслихат депутаты Н.Құлышев пен арнайы мониторинг топ мүшесі Ж.Амангелдиев, сондай-ақ аудан әкімінің баспасөз хатшысы А.Айнабаев пен мердігер компанияның басшылары қатысты.
Төлеби ауданына жүргізілген мониторингтік бақылау жұмысының нәтижесінде асфальт-бетон жамылғысында жол төсемінің тегістігі сапасыз екені және жол жиектері үгітіліп, бүгінгі күні жол төсемінің қосылған жерлерінде біркелкілік жоқ екені анықталды. Кемшіліктерді тез арада жою үшін тиісті мердігер мекемелерге ескерту жасалып, сапасыз салынған жолдардың құрылысы бойынша нақты тапсырмалар берілді.
«Алдағы уақытта облысқа қарасты барлық аудан, қалалардың жолдары бақылауға алынып, мониторинг жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетін болады», – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі.
Түркістан облысы