Әлем АҚШ-тағы ереуілдер жайлы шулап жатқанымен, посткеңестік елдердің бірінде былтырдан тағы бір «мұра» қалып қойды. Ол – Беларусьтегі наразылық акциялары. Белорустар жаңа 2021 жылғы наразылық акциясын 3 қаңтар күні ұйымдастырды. Сөйтіп, елдегі наразылық акциялары 2020 жылдың 9 тамызынан бері тоқтаған жоқ. Ал бұл оқиғалардан ең алдымен елдің экономикасы зардап шегіп жатса керек.
Негізі, Беларусьтегі шерулердің нақты қаншалықты экономикалық зардабы болғанын толық есептеген ешкім жоқ. Тек бірқатар сарапшы алдын ала есеп-қисап жасаған. Әсіресе, шерулердің алғашқы кезеңдерінде шығынды есептегендер көп болып еді. Мәселен, экономист Олжас Төлеуов былтыр тамызда наразылық акцияларынан Беларусь экономикасы жарты миллиард доллар шығын көргенін жазды. «Дегенмен көрсеткіш жедел өсіп, 1 млрд долларға жетуі де мүмкін. Бұл дегеніңіз – елдің жалпы ішкі өнімінің 1,6 пайызына жетуі мүмкін» деген еді сарапшы. Сонымен қатар мамандар былтырдың өзінде Беларусьтің өңдеу өнеркәсібі көп зиян шегетінін айтқан. Өйткені Беларусьте өңдеу өнеркәсібінің жалпы экономикадағы үлесі 21 пайыз. Демек, жаздан бері жалғасып жатқан ереуілдер кезінде толыққанды жұмыс істей алмаған ірі өнеркәсіптер зиян шеккені сөзсіз. Кейбір мәліметтерге қарағанда, наразылық шараларын елдегі 30-дан астам ірі кәсіпорынды шарпыған. Ал олардың табысы елдің жалпы ішкі өнімінің 27 пайызын құрайды. Одан бөлек, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Беларусь бюджетінің дефициті 2 млдр 47 млн долларға жетіпті. Оған мемлекеттің сыртқы қарызының 27 пайызға өскенін де қосыңыз. Ресми Минск жыл соңына қарай Ресейден 1 млрд доллар қарыз алды. 500 млн-ын Мәскеу бірден аударса, қалған 500 млн доллар қаржы 2021 жылдың ішінде аударылуы керек. Бұл өз кезегінде елдің сыртқы күштерге әбден кіріптар болғанына бір дәлел. Одан бөлек, ел валютасының құлдырап бара жатқаны тағы бар. Еуропалық одақтың Беларусьтің бірқатар компаниясы мен жеке тұлғаларына қарсы санкция салғаны да есте. Санкцияның бір емес, үш пакеті әзірленген болатын. Бәрі де президент А.Лукашенконы мұқатуды көздегені белгілі. Алайда санкциялар мен экономиканың әлсіреуінен бірінші кезекте бұқара халық, одан соң тіпті наразы топтың өзі зардап шегері сөзсіз. Өйткені баға өсіп, табыс азайса, ірі шенеуніктер мен қаржысы мол бай-бағландар емес, алдымен қарапайым халық зиян көреді. Сондықтан Беларусьтегі наразылық акцияларының демократиядан бөлек қыры да бар екенін назарда ұстаған дұрыс. Жалпы, 2020 жылы посткеңестік елдерде болған саяси шиеленістер мен наразылық акцияларының барлығы дерлік ірі державалардың өзара текетіресінің құралына айналғанын көруге болады. Шамасы, батыс мемлекеттері Ресейдің ықпал ету аймағын тарылту үшін барын салып жатқанға ұқсайды. Бірақ ресми Мәскеудің де қарап қалмасы белгілі. Ал ортада дүрмекке ілесіп, «атқа қонған» қарапайым жұрт зардап шегеді. Біз сөз етіп отырған Беларусьтегі митингтер де осы сөзімізге дәлел. Рас, шеруге шыққандар әу баста күш құрылымдары сарбаздарымен қақтығысып қалғаны болмаса, кейін шерулер кезінде төтенше жағдай тіркеле қойған жоқ. Украинадағыдай, Қырғыз еліндегідей оқиғалар қайталанбады. Сырт көз белорустар «мәдениетті түрде наразылық жасайтын халық» дескен. Бірақ іс жүзінде шерушілер бірнеше ай бойы көшеге шығу арқылы қалалардағы тұрмыс-тіршілікке кедергі жасады. Зауыттардың жұмыстары да тежелді. Халықаралық ұйымдар мен агенттіктердің елдің қаржы құрылымдарының рейтингін төмендетуі, төлем қабілетін нашар деп бағалауы шерушілердің «артық қыламын деп тыртық қылғанының» көрінісі болса керек. Қаржыгерлер мен ірі бизнес ел билігін қыспаққа алуға бекініп, санкциялар сала бастағанда ортада зардап шегентіндер қарапайым халық екенін ешқашан ескерген емес. Осы жолы да солай болды. Соның салдарынан наразылық акцияларының пайдасынан зияны басым болып тұр. Мәселен, наразылық акциялары кезінде елде интернетті бұғаттаудың кесірінен келген шығын көлемі 336,4 млн долларға жетіпті. Былтыр шерулерге байланысты елде интернет 218 сағат бұғатталып, одан 7,9 млн адам зиян шеккен. Біреулер тиісті хат-хабарын жолдай алмаса, біреулер онлайн төлем, сауда-саттық жасау, банктердегі несиелерді жабу мүмкіндігінен айырылды. Тек интернетті бұғаттаудың өзі қаншама зиян шектіріп жатыр. Тағы бір мысал, наразылық акциялары кезінде 30 мыңнан астам адам тұтқындалған. Төрт айда. Әрине, олардың барлығы қазір түрмеде отырған жоқ, бірақ тергеу изоляторына қамалып, кейіннен босатылғандардың көбі моральдық қысым көргені анық. Кім түрмеге отырғанымен мақтанар дейсіз?! Қысқасы, Беларусьтегі наразылық шерулерінің түрлі қыры бар. Дегенмен ең алдымен ұзаққа созылған шерулер елді әлсіреткеннен басқа ештеңеге жараған жоқ. Тіпті, ел ішін жайлаған мұндай наразы көңіл күй биліктің саяси реформалар жасауына да кедергі келтіруі ғажап емес. Одан бөлек, бұрын КСРО құрамында болған мемлекеттерде халық шеруге бір рет шықса, «дәнігіп» алатындай көрінеді. Мәселенің барлығын шерулермен шешуді қалайтын «шеру романтикасы» қалыптасатындай көрінеді. Ал іс жүзінде әлемде наразылық шерулерінің «сәннен» қалып бара жатқанын байқау қиын емес. ХХІ ғасырдың шерулері бірден вандализм мен анархияға апаратын жол тәрізді. Әсіресе, демократиялық дәстүрі енді қалыптаса бастаған елдер үшін солай. Беларусь елі соның нақты мысалы болады. Айлап, жылдап көшеге шығудан ұтқандар өзгелер де, халық тек ұтылумен келеді.Ардагелді БЕКЖАН