Жыл жағымды халықаралық жаңалықтан басталды: араб елдері ақыры татуласты. Нәтижесінде, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн мен Мысыр Қатарға қарсы блокаданы алып тастайтын болды. Өңірдегі бес мемлекет басшылары Сауд Арабияның әл-Улаа провинциясында өткен саммитте өзара байланыстарын қалыпқа келтіруді қарастыратын «Ынтымақтастық пен тұрақтылық декларациясын» бекітті.
Осылайша, Қатар әмірі Тамим бен Хамад Әл Тани Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің саммитіне 2017 жылдан бері алғаш рет қатысты. Құрылтайда 3,5 жылдан бері созылып келе жатқан шиеленіс реттелді. Бес елді бітістіру бастамасын Кувейт көтерген-тін. Сонымен бірге өзін «араб әлемінің досы» ретінде көрсететін Ресей емес, АҚШ осы іске араағайын болды. Мысалы, келісімді бекітуге АҚШ-тың іс басындағы президенті Дональд Трамптың аға кеңесшісі және күйеу баласы Джаред Кушнер жәрдемдескен. Келісімге қол қою рәсіміне де сол қатысты. Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Роберт О'Брайен бес араб мемлекеті арасындағы шиеленісті АҚШ 70 күн ішінде – 2021 жылғы 20 қаңтардағы АҚШ-тың жаңа президенті Джо Байденнің инаугурациясына дейін шешуге тырысатынын хабарлады. Ал осы аптаның басында Сауд Арабиясы, БАӘ, Бахрейн және Египет Қатарға қатысты блокададан бас тартатынын мәлімдеп те үлгерді. Америка өз кезегінде Доханы осы елдерге қарсы халықаралық шағым-талаптардан, айыптаулардан бас тартуға көндіре алды. Трамп әкімшілігі бес араб елін кикілжіңді тоқтатып, Иранмен тізе қоса күресуге үгіттеді. Ал блокаданың не себепті қойылғанына келсек, 2017 жылдың жазында Сауд Арабиясы, БАӘ, Бахрейн және Мысыр ресми Доханы «терроризмді қолдап, көршілерінің ішкі ісіне араласып отыр» деп айыптап, онымен барлық дипломатиялық қатынастарын үзді. Сонымен бірге Қатармен арадағы экономикалық ынтымақтастықты доғарды, осы әмірлікке баратын барлық жолды жауып, көлік қозғалысына тоспа қойды. Бірақ Қатар өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды. Сарапшылар араб елдері арасындағы бұл дағдарыс 2019 жылы тоқтайды деп күткен: мемлекеттер өзара белсенді келіссөздер жүргізді. Алайда сонда да саяси ерік-жігер табылмағанға ұқсайды: Қатар әмірі Тамим бен Хамад Әл Тани Эр-Риядтағы кездесуге бармай қалды. 2020 жылдың желтоқсанында Кувейт СІМ-інің басшысы Парсы шығанағындағы осы елдер шиеленісті реттеу бойынша өнімді келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеп, жаңа үміт сыйлады. Осы ақпаратты растаған Сауд Арабиясының сыртқы саясат ведомствосының басшысы Файсал бен Фархан Әл Сауд «айтарлықтай ілгері жылжу» барын айтты. Мұны Қатар сыртқы істер министрі Мұхаммед бен Абдеррахман Әл Тани мойындады. Енді, міне жыл басында маңызды декларацияға қол қойылып отыр.Татуласу тараптардың бірқатар шартты орындауын қарастырады. Мысалы, төрт ел әуе және басқа да блокадаларын жоюы, катарлықтарға осы елдерге еркін сапарлауына жол ашуы тиіс. Кувейттің сыртқы істер министрі Ахмед Нассер ас-Сабах Сауд Арабиясының Қатармен арадағы құрлық, әуе және теңіз шекарасын ашу туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Бұл Катар үшін аса маңызды: онда 2,6 миллион адам тұрады, алайда оның тек 300 мыңдайы – әмірліктің азаматтары. Өз кезегінде Қатар өз телеарналарында Сауд Арабиясы мен БАӘ-ні қатал сынауын тоқтатуы шарт. Өзге талаптар арасында Бахрейнге сұйытылған табиғи газ жеткізу де бар көрінеді. BBC сараптауынша, осы бес ел арасындағы кикілжіңнің идеологиялық астары бар, бірақ бұл шиттер мен сүнниттер немесе демократия мен монархия арасындағы қақтығыс емес. Қатар мен Түркия өңірдегі ұстамды, яғни демократия мен шариғатты үйлестіруге тырысатын исламдық партияларды қолдайды. Ал «араб көктемі» деп аталатын діни негізі бар революцияларға сезікпен қарайтын Мысыр, Сауд Арабиясы және БАӘ ондай партияларды террорист санап, күрес жүргізуде.«Қазіргі кез бізден өңірлік мәселелерді шешуде, туындап жатқан жаңа проблемалармен күресте күш біріктіруді талап етеді. Әсіресе, Иранның ядролық бағдарламасынан және оның баллистикалық зымырандар әзірлеу бағдарламасынан қауіп-қатер туындауда» деп түсіндірді Саудияның тақ мұрагері саналатын ханзада Мұхаммед бен Сальман.
Мысалы, Қатар – Парсы шығанағындағы «Мұсылман бауырларды» және саяси исламды қолдайтын жалғыз монархия. Бұл ретте катарлық атақты «Әл-Жазира» мемлекеттік телеарнасы араб елдеріндегі наразылық акцияларын белсенді көрсетті. Араб сарапшылары ислам әлеміндегі революцияларды да осы беделді телеарна шабыттандырады деп есептейді. Кейбір мәселеде Қатардың шииттік Иран жағына шығатыны да өзге араб елдеріне ұнамайтын. Енді Қатарға біраз мәселеде аяғын тарта басуға тура келетінге ұқсайды.
Елдос СЕНБАЙ