Былтыр болған елеулі халықаралық оқиғалар жайлы сөз еткенде бірден Таулы Қарабақтағы соғыс ойға оралады. Әзербайжан мемлекетінің өзінің оккупацияланған 20 пайыз аумағын кері қайтарып алуына мүмкіндік берген 44 күндік майдан жайлы сарапшылар түрлі ой айтқан-ды. Дегенмен 30 жылға созылған Таулы Қарабақ шиеленісінің өзге де қырлары бар. Өйткені шиеленістің шымылдығының артында өңірде өз ықпалын жүргізген ірі күштер және арандатуды дер кезінде аңғармаған Әзербайжан мен Армения билігінің қателігі тұр. Тіпті, Таулы Қарабақтың оккупациялануында да, азат болуында да түрлі ереуіл мен болашақты болжай алмаған саясаткерлердің ағаттығы зор рөл ойнаған еді.
Жалпы, Таулы Қарабақ пен оның төңірегіндегі 7 ауданы төңірегінде болған соғыстың астарына үңілген адам бірінші кезекте посткеңестік елдерге өз ықпалын жүргізу үшін жаһандық және аймақтық державалардың барын салып жатқанын байқайды. Олардың қажет кезде ел ішіндегі түрлі қозғалыс пен көзқарасты да пайдаланып кететін тұстарын көреміз. Кезінде Таулы Қарабақты армян күштері басып алған сәтте Әзербайжанда саяси тұтастық болған жоқ. Ұлтшылдық идеясын алға тартып, президенттікке жеткен Абулфаз Эличбейге қарсы топтар ерекше белсенділікпен әрекет еткен. Орталық билік пен кейбір қолбасшылардың азаматтық соғысты бастауына аз-ақ қалған кездері де болған. Ел басқарған бірер жыл ішінде қарсы топтың референдум өткізіп, бұқараның президентке сенімсіздік білдіргені бар. Ал сол 1992-1994 жылдары армян тарапы Таулы Қарабақты ғана емес, оған іргелес 7 ауданды басып алған-ды. Ал Әзербайжан мемлекетіндегі ішкі алауыздықтар армян қарулы топтары басып алған аймақтарды қайтарып алудың да мүмкіндігін азайтқан болатын. Сөйтіп, 90-жылдардағы «митингілер мен референдумдар романтикасы» ел тұтастығының бұзылуына да алып келген еді. Әрі мұндай мысал көп. Ал арада 30 жылға жуық уақыт өткенде таразы басы басқа жаққа ауды. Кавказдағы бір мемлекет аумақтық тұтастығын қалпына келтіруге мүмкіндік алса, екіншісі аса ауыр шығынға ұшырады. Ең қызығы, Арменияның жеңілісіне де билікке төңкеріс арқылы қол жеткізген топтың белгілі бір қателіктері себеп болғаны анық. Ең алдымен Арменияда 2015 жылы бірнеше айға созылған ереуілдер нәтижесінде билікке келген Никол Пашинян кезінде өзін жақтап елірген топтың көңілінен шығу үшін ЕҚЫҰ Минск тобы ұсынған әрі ресми Баку келісім берген жобаға пысқырып та қарамады. Баку Минск тобының Таулы Қарабақтың төңірегіндегі 5 ауданның бірден деоккупацияланып, қалған екеуі жайлы келіссөздерді кейінге қалдыру және Таулы Қарабаққа ең жоғарғы мәртебесі бар автономия беру ұсынысына келіскен еді. Бірақ Армения тарапы оған көнбеді. Сөйтіп, митингілер арқылы билікке келген Пашинян айқайға сүрең қосатын топтың дегенінен шыға алмай, өңірде соғыстың тұтатуына жол берді. Нәтижесінде, Әзербайжан өз аумағының оккупанттар басып алған бөлігін түгел қайтарып алды да, Таулы Қарабаққа айрықша статус беруден бас тартты. Одан бөлек, соғыста армян тарапының көп адам шығыны болғаны тағы бар. Кемі 1,5 млрд долларға татитын ұрыс техникасы қиратылды. Бұл өз кезегінде елдің экономикасына зор соққы болары сөзсіз. Демек, охлократияға құмар жұрттың алды-артын ойламайтын қадамы кез келген елдің тұрақтылығы мен дамуына кесірін тигізеді деген сөз. Әдетте охлократия дегенде көне грек ойшылдары айтқан «тобырлар билігі» еске түседі Яғни үкіметке, парламентке ультиматум қойып, мемлекеттік мекемелерді басып алуды, өрт қойып, тонауды көздейтін топтың акциялары охлакратияның белгісі. Оны мамандар демократияның тұрпайы түрі деп атайды. Әзербайжан мен Армения арасындағы шиеленістер кезінде охлакратия көрініс берген кездер аз болмады. Тек Әзербайжан даурыққан топтың билікке жиі талап қойған кездерін ертерек бастан өткерді де, кейін бұқараның жалаң ұранға еріп, даурығуына жол бермеді. Ал Арменияда билікке ұмтылған күштердің бұқараны бірнеше мәрте пайдаланған кездері болды. Қазір де ел премьеріне қарсы ереуілдер ұйымдастырып жүрген топтар елді тіптен тығырыққа тіреуі мүмкін. Ресейлік сарапшы Вадим Муканов Арменияда жағдай бірте-бірте нашарлай беруі ықтимал екенін айтады. «2021 жыл Армения үшін оңай болмайды. Саяси мәселелермен қатар әлеуметтік-экономикалық дағдарыс та тереңдеуі мүмкін. Қарабақтан келген босқындар мен пандемия да бір жағынан соққы болмақ. Наразылық шаралары елді тығырыққа тіреуі мүмкін», – дейді сарапшы. Одан бөлек, елірген топ билікті реваншистік қадамға қарай итермелеуі де мүмкін. Қазірдің өзінде сондай ұран көтеріп жүрген саяси күштер бар Арменияда. Егер олар бұқараның наразылығы арқылы билікті алмастыра алса, Таулы Қарабақ жақта түрлі диверсия мен арандату жасауы да мүмкін. Сөйтіп, өңірде тағы да соғыс шығуы ықтимал. Ал ұрыс бола қалса, әскери қуатын бірнеше есе мығым Баку ресми Ереванмен ешқашан бітімге келмейтіндей қадамға баруға тәуекел етеді. Бұл ереуілдетіп елірген топтың өз елін тіптен тұңғиыққа сүйреуімен бірдей қадам болар еді.Ардагелді БЕКЖАН