Қарағанды облысындағы лифтілерді тексеру нәтижесінде көпқабатты үйлерде жұмыс істемейтін 361 лифт анықталды. Ал жұмыс істеп тұрған лифтілердің 800-інің пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Бұл туралы облыс әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.
Қарағандыда облыстағы лифт шаруашылығын қайта құру бойынша пилоттық жоба қолға алынған-ды. Жоба бойынша жиырма жыл бұрын жабдықтары істен шыққан үйлерде жаңа лифтілер пайда болады. Көп жылғы проблеманы шешу үшін Қарағанды облысының әкімдігі Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашығын жаңғырту және дамыту орталығымен меморандумға қол қойды. Майқұдық шағын ауданында алғашқы лифт қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді.
– Келесі жылы бұл бастаманы белсенді түрде жалғастырамыз. Қарағанды бойынша 100 лифтіні қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз, оның 70-і Октябрь ауданында орналасқан. Жалпы, тексеріс нәтижелері облыс бойынша көпқабатты үйлерде жұмыс істемейтін 361 лифт анықталды. Бұған қоса қызмет ету мерзімінен асып кеткен 800 лифт жұмыс істеп тұр, - деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.
Қала әкімі Нұрлан Әубәкіровтің айтуынша, бұған дейін жылына он шақты лифті ғана жөндеуден өтетін. Енді бұл қарқынды артады, мәселен желтоқсан айының соңына дейін Қарағандыда тағы 9 лифт орнатылады.
Қарағанды облысының тұрғын үй қорын жаңғырту орталығының директоры Данияр Дүйсембаевтың айтуынша, орталық Қарағанды облысының қалаларындағы лифтілерді қалпына келтіруге 2 млрд теңге көлемінде қарыз береді. Бірінші траншты беріп те үлгеріпті. Бағдарлама облыс орталығынан бөлек, өңірдегі моно және шағын қалаларды да қамтиды.
Бір айта кетерлігі, тұрғындар жабдықтың техникалық параметрлері мен маркасын өздері таңдайды. Мәселен, қарағандылықтар белоруссиялық өндірістің лифтілерін баға мен сапасына қарай отырып таңдапты.
Орташа есеппен алғанда бір лифт 8 млн теңгеге шығады. Пәтер иелері несиені 8 жыл ішінде қайтарады. Бір пәтерден ай сайынғы төлем көлемі баспанасының ауданына байланысты 3 мыңнан 5 мың теңгеге дейін болады.
Бір лифтіні орнату үшін бір айдан астам уақыт қажет. Ескі жабдықты бөлшектеу, шахтаны тазалау және дайындауға осынша уақыт кетеді. Лифтіні нормативтік пайдалану мерзімі – 25 жыл, ал өндіруші үш жылға кепілдік береді.