Жыл сайын әлем елдерінің арасында ең таза, ең бақытты, ең дамыған және басқа да ең, ең деген мемлекеттерді анықтайтын рейтингтер жарияланады. Әдетте сол тізімдердің көшін Норвегия, Швеция, Дания, Финляндия бастайды. Еуропаның суық солтүстігіне жайғасса да, әйелдің құқығын тең қорғайтын, жемқорлықтан ада, халқы бақуат елдер қай жол, қай бағытпен жүріп қазіргі жағдайына жетті екен деген сауал қызықтырады. Енді өзіміз қойған сұрақтың жауабын іздеп көрейік.
Скандинав елдерінің мемлекеттік даму моделі соңғы ірі сынақтарда өзінің төзімділігін көрсетіп келеді. 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы кезінде, былтырғы коронавирус пандемиясынан туған экономикалық дағдарыста аталған мемлекеттер пәлендей шығын көрмеді. Мәселен, эпидемия барысында Норвегия үкіметі өзінің мұнай қорынан 38 млрд еуро жұмсады, ал биыл мұнай бағасы құлдырауына байланысты қор 18 млрд еуро шығын көрді. Сырттай қарасаңыз, норвегтердің жиғаны босап қалғандай. Бірақ бұл цифрлар Норвегия қорының мұртын да шаппады, себебі онда бұған дейін 1 трлн доллар жинақталған. Жалпы, Норвегия, Швеция, Дания, Финляндия қазіргі даму деңгейіне ХХ ғасырдың бел ортасынан бастап бет бұрды. ХІХ ғасырда бұл елдер кедей, жемқорлыққа белшесінен батқандардың бірі еді. Мәселен, ХІХ ғасырда Швеция тұрғындары жайлы өмір іздеп, жаппай АҚШ-қа көше бастаған. Аталған елде 1940 жылдары билікке социал-демократтар келді. Олар бастапқыда аса үлкен жетістікке қол жеткізбеді. Тек 1960 жылдары Улоф Пальме Швецияда премьер-министр атанған соң салық жүйесі өзгерді. Кейде салық мөлшерлемесі 75 пайызға дейін жетті. Көптеген елдің ЖІӨ-нің негізгі бөлігін экспорт, сыртқы сауда құраса, 1990 жылдары Швецияда ЖІӨ-нің 52 пайызы халықтың салығынан құралды. Бұл күндері аталған салық пайызы азайған (Швеция – 45,8% , Норвегия мен Финляндия – 43,6%, Дания – 49%). Дегенмен салықтың үлесі әлі де экономикада, әлеуметтік салада елеулі рөл атқарады. Азаматтар өз табысының тең жартысын аузынан жырып, үкіметке қалай өткізеді? Наразы емес пе деген заңды сауал туындайтын шығар. Жоқ, қоғамның көпшілігі аталған салық мөлшерлемесін төлеп, билікпен бөлісуге даяр. Қалайша? Өйткені үкіметке сенім жоғары. Үкімет осыншама салықтан жиналған қаражатты кешенді әлеуметтік саясатқа айналдырады. Басқаша айтса, сапалы жол, мектеп, аурухана, жоғары жалақы, жәрдемақы, зейнетақы ретінде қоғамның өзіне қайтып оралады. Яғни, халық өз салығын өзіне инвестиция ретінде құяды. Бұл жердегі басты мәселе – үкіметке сенім факторы. Салық ешбір шендінің қалтасына кетпейтініне сенім. Скандинав елдерінің жабайы капитализм жолына түспеуінің келесі бір себебі – салық саясаты арқылы бай мен кедей арасын барынша алшақтатпау ұстанымы. Мәселен, Швецияда ең бақуат 20 пайыз азаматтың табысы қоғамдағы табысы ең төмен 20 пайыз адамның табысынан 4 есе жоғары. Бір қарағанда, айырмашылық айтарлықтай. Алайда бұл өзге елдердегідей байлары миллиардер, ал кедейлері жеуге нан таппайтын жағдайда емес. Мәселен, Ресейдің ең бай 10 пайыз азаматы өз елінің 80 пайыз байлығына иелік етеді екен. Швеция мұның алдын алған. Ал бұған қалайша қол жеткізді? Бірден-бір себеп – халықтың жұмыспен қамтылуы. Бұл елде 15 пен 64 жас аралығындағы азаматтардың 77 пайызы бос емес, қызметте. Халқының 1 пайызы ғана қажетті мөлшерден көбірек істейді. Бұл нені білдіреді? Жалақы жеткілікті, сондықтан да отбасымды асыраймын деп аптасына 7 күн сабылып, түнгі кезекшілікке шығып, мереке күндері де жұмыста отыратындар тым аз деген сөз. Бұдан басқа Скандинав елдері мамандардың кәсіби дайындығына ерекше назар аударады, яғни адам ресурсына салынатын инвестиция жоғары. Үкімет шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдайды, бұл салада аталған елдерде кооператив секторы жақсы дамыған. Сондай-ақ инновацияға құйылатын қаржы көлемі мол. Мәселен, The Global Innovation Index 2020 әлемдік инновацияны дамыту рейтингінде Швеция 2-орында. Дания 6, Финляндия 7-орында. Аталған дерек бұл елдердің жаңа технологияларға, инфрақұрылымға қаншалықты көңіл, инвестиция бөлетінін көрсетіп тұр. Скандинав елдері өзге де көрсеткіштер бойынша дүниежүзінде өзге елдерден оқ бойы озып тұрады. Мәселен, адамның бұл өмірдегі бірден-бір мақсаты – бақытты болу. БҰҰ жыл сайын World Happiness Report атты есеп жариялайды. Бұл зерттеуде жан басына шаққандағы ЖІӨ, адамның орташа өмір сүру жасы, азаматтық бостандық деңгейі, қауіпсіздік пен ертеңге сенім сезімі, жемқорлық деңгейі сынды қоғам дамуының басты көрсеткіштері ескерілген. Міне, осындай маңызды рейтингте былтыр Скандинав елдері алғашқы 7 орынды толығымен иеленді. Финляндия – 1-орын, Дания – 2-орын, Исландия – 4-орын, Норвегия – 5-орын, Швеция – 7-орын. Бұдан бөлек, Адам даму индексі бойынша да Солтүстік Еуропа елдері өзгелерден көш ілгері кеткен. Бұл зерттеуде азаматтардың сауаты, білім, өмір сүру деңгейі, орташа өмір сүру жасы есепке алынған. Бұл индекс дамыған және дамушы елдердің айырмашылығын көрсетуге де бағытталған. Былтыр жарияланған сол есепте де Норегия 173 ел арасында топ бастап тұрды. Исландия 2, Швеция 7, Дания мен Финляндия 10 және 11-орындарды бөліп тұр. Жоғарыда аталған және өзге де рейтингтерде Скандинав елдері алға шығып, мемлекеттерінің жан-жақты дамығанын, бұл даму қоғамның барлық дерлік саласын қамтығанын дәлелдейді. Басқаша айтқанда, тек ЖІӨ-нің көрсеткішін көтеріп немесе миллиардерлер санын арттырып, «жылтырақ экономика» үлгісін қалыптастырған жоқ. Қымбат салық, инновациялық даму, кешенді әлеуметтік қорғау, гендерлік теңдік, құқықтық теңдік, жемқорлықтан таза ортаның оң әсерін азаматтар күнделікті сезінеді. Бәлкім, осы себепті де олар ең бақытты мемлекеттердің қатарында шығар. Әрине, мұндай жетістіктің сырын кейбір зерттеушілер халықтың діні, табиғатынан іздейді. Негізінен, адал еңбекті насихаттайтын лютерандық бағыт Солтүстік Еуропа халқына оң ықпал етті дейтін болжам бар. Бұдан бөлек, лагом түсінігін өмірінің, күнделікті тұрмысының діңгегі етіп алған шведтер қанағатшыл деген де ұғым бар. Лагом – көп те емес, аз да емес, қажетті мөлшерде дегенді білдіретін термин. Бұл принциптің белгісі шведтердің тұрмысынан есіп тұрады. Айталық, шведтің атақты IKEA жиһаз бренді люкс класынан емес, сондай-ақ жұпыны да көрінбейді. Орташа. Нағыз лагом түсінігіне негізделген өнім.Нұрмұхамед БАЙҒАРА