Сенаторлар өңірлерді зерттеуге аттанады

Сенаторлар өңірлерді зерттеуге аттанады

Дариға Назарбаеваның төрағалығымен болған Се­наттың жылжабар отырысы қызу өтті. Жоғарғы палата депутаттары күн тәртібіне шығарылған 11 мәселені қа­­рады. Ата заңда берілген құзырларына сәйкес, сена­торлар Жоғарғы соттың бір­неше судьясын отстав­ка­ға жіберіп, жаңа судьяла­рын сайлады.

Қорытынды сөзінде палата төрағасы Д.Назарбаева Сенат қыз­меті биыл мазмұнды оқиға­лар­ға толы болғанына назар аудартты.

– Көп жұмыс жасалды. Соңғы 2 ай ішінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың сайлауалды тұғырна­масын және Жолдауын жүзеге асыруға бағытталған 30 маңызды заң қабылдадық. Президент ұсын­ған «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» қағидасын ұстана оты­рып, «Мәслихат» порталында се­на­торлар мен жергілікті мәс­лихаттар арасында тәжірибе мен пікір алмасуға арналған жұмыс алаңын құрдық. Енді аймақтар­дағы жағдайды жақсырақ түсініп, жаңа заң жобаларының өзектілігін олардан тікелей біле аламыз, – деді спикер.

Оның байламынша, палата жанындағы екі жаңа кеңестің жұмысы ұрпақтар сабақтастығын жолға қоймақ: жақында Сена­тор­лар кеңесі құрылды, оның аясын­да ұзақ жылдар бойы сенатор бол­ған белгілі тұлғалар қазіргі әріп­тестерімен өздерінің құнды тәжірибесін және ақылын бөлі­седі. Ал жуырда іске кірісетін Жас­тар кеңесі «жас мемлеке­ті­міз­дің болашақ жетістіктерінің дауы­сына» айналуы тиіс.

– Құрметті депутаттар! 2020 жыл­дың басында аймақтарға ісса­пар­ға шығасыздар. Сіздерге қа­зақ­стандықтармен кездесіп, олардың ұсыныстарын тыңдап, жағдайларын біліп, мүдделері мен үміттерін қолдау жүктелген. Мін­деттеріңіз – халыққа Парламент қабылдаған соңғы заңдар күшіне енгенде, яғни 1 қаңтардан бастап қандай оң өзгерістер болатынын қарапайым тілде түсіндіру. Бұл әлеуметтік төлемдер мен мем­лекеттік арнайы жәрдемақыларға, кепілді әлеуметтік пакеттер мен көмектерге қатысты. Жаңа жыл­дан бастап міндетті медициналық сақтандыру да іске қосылады, – деді Дариға Нұрсұлтанқызы.

Ол әріптестерінен іссапар ке­зінде бірнеше маңызды мәселеге баса мән беруді өтінді. Біріншіден, сенаторлар тірек және спутникті елді мекендер тізіміне кірмей қал­ған ауылдар ахуалын білуі, тұр­ғындар өмірімен танысуы, келе­шегінен қаншалықты хабардар екенін анықтауы қажет. Екінші­ден, кепілді әлеуметтік топтамаға (КӘТ) сәйкес, әлеуметтік жағда­йы төмен отбасы балаларына азық-түлік, жөргек, киім-кешек, оқу құралдарын беру қарасты­рыл­ған. Жергілікті билік оны қам­та­масыз етуге қаншалықты дайын? Депутаттар осыны да айқындауы керек.

Үшіншіден, ауылдағы меди­цинаға қолжетімділік пен бұл қызметтердің сапасы алаңдатады. Барлық адам медициналық ұйым­дарға тіркелген бе? Оларға нақты қандай көмек көрсетіледі? Сена­торлар осы сауалдарға да жауап іздемек. Төртіншіден, жергілікті өзін-өзі басқару органдары іс жү­зінде қалай жұмыс істеуде, жеке бюджетті басқаруға қаншалықты дайын? Осыны да зерттеуі керек.

Сөз соңында Д.Назарбаева әріп­тестерін келе жатқан 2020 жылмен құттықтап, қызметте та­быс, елге амандық, келешекке ке­мел­дік тіледі.


Елдос СЕНБАЙ