Қырғыз Республикасының жақында сайланған президенті Садыр Жапаровты ұлықтау рәсімі өтті. Қырғыздың ұлттық филармония ғимаратына 1 200-ге жуық кісі келген. Салтанатты жиынға Роза Отынбаева, Сооронбай Жээнбеков секілді экс-президенттер, соңғы президент сайлауында бақ сынаған кандидаттар, депутаттар қатысқан. Бар билікті қолына жиып, саяси реформаларды бастап кеткен Садыр Жапаров өзінің ізашарларынан қалған салт-дәстүрлерді орындады. Тек билік штандарттарын қабылдап қана қойған жоқ, қарсыластарына қылмыстық іс қозғай бастады.
10 қаңтарда өткен Қырғыз Республикасының президент сайлауына 63 адам өтініш берді. Ал сайлауға қатысу үшін үміткерлер 1 млн қырғыз сомын төлеп, 30 мың жақтасының қолын жинауы тиіс еді. Бұл талапты тек 18 адам ғана орындады. Мемлекет басшысын анықтайтын додада Мекенчил партиясының атынан қатысқан Садыр Жапаров 79,8 пайыз дауыс жинап, жеңімпаз атанды. Кейінгі орынды Бутун Қыргызстан партиясының өкілі Адахан Мадумаров алды. Ол бар-жоғы 6,7 пайыз дауысқа ие болды. Кейінгілері одан да аз. Осы көрсеткіштен-ақ Жапаров о бастан фаворит болғанын көреміз. 10 қаңтарда, сондай-ақ Қырғыз Республикасын парламенттік басқарудан президенттік басқару формасына қайтарған референдум өтті. Осылайша, 2020 жылдың қазан айына дейін түрмеде отырған Садыр Жапаровтың өз елінің билігін бағындырып қана қоймай, саяси және әкімшілік ресурстарды жұдырығына қысқа уақытта жинап алғанын байқадық. Енді басқару формасы өзгерген соң ол экс-президенттер секілді маңызды заңдарды қабылдату үшін әр партиямен, парламенттегі фракциялармен күресіп отырмайтыны белгілі. Ұлықтау рәсімінде президент Жапаров өзінің жоспарын жариялады. Оның сөзінше, ең бірінші ол елін қазіргі экономикалық дағдарыстан шығарып, сыртқы қарызды өтеумен айналысады. 30 жыл бойы қырғыз елі шетелдерден 5 млрд доллар қарыз алып үлгеріпті. Сондай-ақ республиканың қазіргі энергетикалық секторының да ахуалы мүшкіл екен. Бұл саладағы қарыз 137 млрд сомды құрайды. Президент оны да шешуге уәде берді. Өз сөзінде ол сыртқы саясат мәселесін де көтерді. Қазанда ішкі саяси дағдарысты шешуге атсалысқаны үшін Ресейге, пандемия барысында көмек қолын созған Өзбекстан мен Қазақстанға алғысын айтты. Бәлкім, осы арқылы ол өзінің сыртқы саясаттағы басым бағыттарын белгілеген болар. Оның алғашқы шетелдік ресми сапары Ресейден басталатын болды. – Садыр Жапаров сөз еткен ел экономикасының қазіргі жағдайы шынында ауыр. ЖІӨ 598 млрд сомды құрады, бұл былтырмен салыстырғанда 8,6 пайызға кем. Мұндай көрсеткіш 1994 жылдан бері алғаш рет тіркеліп отыр. Құрылыс пен өндіріс саласы 15-16 пайызға кеміді. Ал азық-түлік бағасы 17 пайызға қымбаттады. Бюджет тапшылығы 50 млрд сомды құрады. Мұның барлығы коронавирус пандемиясы мен былтырғы қазан айында болған саяси төңкерістің салдары, – дейді сарапшылар. Жалпы, кеше ғана түрмеден шығып, бірден билік олимпіне өрмелеген азаматты қырғыз халқы не үшін қолдағанын түсінуге болады. Ел күздегі саяси дағдарысты, коронавирус қиыншылығын, кедейлікті еңсеретін тұлғаны іздегендей. Енді Жапаров бұл сенімді ақтай ма, әлде билікті өз мүддесіне қолданатын авторитарға айнала ма, оны уақыт көрсетеді. Бірақ қырғыз саясаткерлеріне тән «салтты» ұстануды ұмытпапты. Ол да қарсыластарын түрмеге тоғытып, саяси аренаны тазалауға көшті.