Нұр-Сұлтандағы «Нұр Әлем» сферасының биылғы табысы, тіпті жылдық шығынын да жаппай қалған. Тек ғимараттың коммуналдық және техникалық қызметінің өзі 527 млн теңгеге шыққан. Осының анық-қанығын, жалпы «Астана EXPO – 2017» ұлттық компаниясының қай нысаны өзін-өзі ақтап отырғаны, қайсысын әлі мемлекет қаржыландырып отырғаны туралы Премьер-Министр мәлімет берді.
Жақында ғана «Астана EXPO – 2017» ұлттық компаниясы атауы QazExpoCongress ұлттық компаниясы болып өзгертіліп, Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігіне берілді. Енді онда еліміздегі маңызды мемлекеттік және квазимемлекеттік халықаралық сауда-экономикалық шараның барлығы өткізіледі.
Биылғы қабылданған шешім бойынша Ұлттық компанияда 2015-2024 жылдарға арналған жаңартылған даму стратегиясы бекітіліп, нақты бағыттары айқындалды. 2018 жылдан бастап нысандардың аумағын кеңейтумен бірге, жұмыс істеуге қолайлы ету өзгерісі жүргізілуде. Қазір EXPO нысандарының жалпы ауданы 100 мың шаршы метрге ұлғайтылды. Қайта құру жұмыстары аяқталғаннан кейін «Астана» Халықаралық қаржы орталығы, Астана IT университеті, IT-стартаптардың халықаралық технологиялық паркі, Астана хабы, Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығы және EXPO бизнес орталығы жұмыс істей бастады. Қазіргі уақытта EXPO-ның бизнес орталықтарға толуы 36 пайызға жетті.
Премьер-Министр Асқар Маминнің мәлімдеуінше, стратегия бойынша 2021 жылдан бастап жоспарланған шараларды өткізуде шығынға батуға жол бермейді. Мысалы, өткен жылы компанияға 319,8 млн теңге пайда түскен. Алайда биылдың өзінде «Нұр Әлем» сферасы 325 млн теңге кіріс тапқанымен, шығыны 527 млн теңгеге шыққан.
«Биыл «Нұр Әлем» сферасы шығынын тек 64 пайызға ақтады. Мысалы, коммуналдық және техникалық қызметтің шығыны 527 млн теңгеге шыққан. Ал оның жылдық табысы жоспарлы түрде 325 млн теңге. Конгресс орталық та өз шығынын 53 пайыз ғана ақтап отыр. Ондағы коммуналдық және техникалық қызметтің шығыны 437 млн теңге, ал жылдық табысы – 234 млн ғана. Осылардың арасында тек Astana Hub нысаны өз шығынын өтеп отыр деуге болады. Оның жылдық шығыны 572 млн теңге болса, табысы – 462 млн теңге», – деп мәлімдеді Асқар Мамин. Соған орай 2020 жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) министрлер конференциясын өткізбекші. Ал оның ұйымдастырушысы – «Астана EXPO – 2017» ұлттық компаниясы. Депутаттардың пікірінше, осындай ауқымды шараларды өткізу Қазақстан үшін табысты болады.
Айта кетерлік нәрсе, бастапқыда «Астана EXPO – 2017» ұлттық компаниясы Үкіметтің 2013 жылғы 15 қаңтардағы қаулысы бойынша елдегі EXPO – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындау және өткізу үшін құрылған еді. Үш ай бойы өткен мамандандырылған көрме Халықаралық көрмелер бюросының қолдауымен өткені белгілі. Оған 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысып, әлемдік оқиғаға айналғаны тағы бар. Сол көрменің тұжырымдамасын талқылауда EXPO аумағы бірден жаңа бизнес орталыққа айналады деп шешкен екен. Міне, сол жерде бірегей экожүйеде орналасқан мемлекет үшін маңызды жаңа ұйымдар құрылатын болған. Тіпті, компанияның коммерцияландыру департаментінің директоры Дәулет Еркімбаев «Көрме үшін тұрғызылған павильондар, әу басында кеңсе ретінде жасақтауға қолайлы етіп жобаланған» деген еді.