Үкімет «Проблемалық кредиттер қоры» арқылы 2015 жылы «Қазкоммерцбанкке» 250 млрд теңге ($1,3 млрд) құйды. 2017 жылы одан «БТА банкінің» 958 активін, соның ішінде 600 жер телімін 2 трлн 640 млрд теңгеге ($7,9 млрд) сатып алды. 2018 жылы «Цеснабанкке» 450 млрд, ал «Астана банкіне» 100,1 млрд теңге бағытталған. Үш жыл бұрын Банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасы аясында жетекші 5 банкке 650 млрд теңге берілді. Банкирлер тағы қолдауды сұрап отыр.
Өткен 2019 жылы Ұлттық банк Қазақстанның банк секторының активтері сапасын бағалауды (Asset quality review, AQR) аяқтағаны мәлім. ҰБ төрағасы Ерболат Досаев 8 ай бойы жүрген бұл шараны ел тарихында «ауқымы жөнінен бұрын-соңды болмаған бағдарлама» деп бағалады. Оның арқасында мемлекет банктердің және тұтастай алғанда бүкіл қаржы индустриясының жай-күйі туралы егжей-тегжейлі ақпарат жиған.
AQR-ге барлық банк активтерінің жалпы көлемінің 87%-ын және несие портфелінің 90%-ын иеленген ірі 14 банк қана ілікті. Тұтастай алғанда, бүгінде республикамызда 27 банк бар. Басқаларының үлесі тым ұсақ, маңызы төмен деп танылып, оларды бағалауға күш жұмсалмаған.
Активтер сапасын бағалау (АСБ) қорытындысы бойынша есеп дайындалды. Ол активтер сапасын жүйелі деңгейде бағалау нәтижелерінен ғана емес, сондай-ақ алда қолға алынатын іс-қимылдар тізбесінен тұрады.
Топ құрып, тоқпақ сайлап...
Е.Досаевтың айтуынша, бұл «ұлы» науқанға үлкен команда – халықаралық аудиторлар мен кеңесшілер, тәуелсіз бағалау компанияларының қызметкерлері тартылған. АСБ есебінде бұл ақпарат расталған.
Есепте осы жұмысқа жұмылғандар дәл бір майдандағыдай 3 қорғау тарабына (орысша нұсқасында «три линии защиты») бөлінгені хабарланды. І қорғау шебі екі топтан тұрады. Бірінші топқа шетелдік тәуелсіз аудиторлық компаниялардың 500-ден астам қызметкері енген. Олар банктер ұсынған деректерді егжей-тегжейлі талдауға жауап берді. Екінші топта 80-ге жуық тәуелсіз бағалаушы компания болды. Олар банктер иелігіндегі қаптаған кепілзат пен активтер құнын қайта бағалауды ұйымдастырды.
ІІ қорғау тарабына Ұлттық банктің 35 инспекторы алынып, олардан тексеруге іліккен банктер санына қарай 14 команда құрылды. Инспекторларға әр банк өзінің бас кеңсесінен жеке бөлме-офис бөліпті. Сонда отырып олар жергілікті тексеру жүргізуге басшылық жасады және қорғаудың І шебінен келіп түскен нәтижелер сапасына тәуелсіз бақылау жүргізді. Бұдан бөлек, инспекторлар банкирлерді асықтырып, олардың есеп беру мерзімдерін бұзбауына қол жеткізген.
ІІІ қорғау тарабы Бағдарламаны басқарудың орталық офисінен (ББОО) құралды. Оның құрамы Ұлттық банк мамандарын және AQR саласының тәуелсіз сарапшыларын қамтыды. ББОО негізгі міндеті – бүкіл жұмыс бөліктеріндегі барлық нәтижелердің бірыңғай келісілген әдіснама талаптарына сәйкес келуін, сапаны бақылау рәсімдерінің орындалуын қамтамасыз ету болды. Дәл осы кеңсе Басқарушы комитет мүшелеріне АСБ-ның алдын ала қорытындыларын ұсынып отырған. Ірі науқанға Ұлттық банк төрағасымен қоса, «елдің жоғарғы басшылығының 7 өкілі» жетекшілік еткені көрсетілген. 14 банк тізімін де солар бекітіпті.
Олардың ұйғаруымен тізімге Қазақстан Халық банкі, Kaspi Bank, Forte Bank, ЦентрКредит банкі, АТФ банкі, Еуразиялық банк, Jýsan Bank, Bank RBK, Нұрбанк, Altyn Bank, Сбербанк, Альфа банк, Хоум Кредит банкі, ВТБ банкі кірді.
Таяқтың ұшы тұтынушыға тиді
АСБ барысында 14 ірі банктегі 8,5 миллионнан астам қарыз алушының несиесі түбегейлі тексерілген, олардың провизияларын қайта есептеу жүргізілген. 750 мыңнан астам жеке тексеру өткізілді. Оның басым бөлігі автоматты түрде жүзеге асырылған.
Барлық банктегі кредиттер бойынша 1,9 миллиард мәлімет жиналыпты. Несие алу үшін жеке және заңды тұлғалар ұсынған, жалпы құны 2 триллион теңгеден асатын 7 мыңдай кепілзат, 877 жылжымайтын мүлік нысаны және 147 құнды қағаз қайта бағаланды.
159 мыңнан аса қарыз алушының кредиттік құжаттамасы қайта зерделенген.
Тексеру кезінде «банкпен ерекше қарым-қатынасы бар» делінген 850 тұлғаның 860 миллиард теңге қарыз алғаны анықталыпты.
Банктер активтерінің сапасын жаппай бағалау науқаны жүргенде қалың жұртшылық оған тек қаржылық ұйымдарға ғана қатысты нәрседей бей-жай қарағаны мәлім. Шын мәнінде, АСБ банктен несие алған қарапайым қазақстандықтар мен кәсіпкерлерге ауыртпалық түсіретіні анықталуда. Мысалы, AQR нәтижелеріне сай біраз банк тексерушілер күдік келтірген бизнесмендерге бұрыннан беріп келген несие желілерін жауып тастапты. Кейбір кәсіпкерлермен «жеке әңгіме» жүргізген банкирлер оларға қиын таңдау ұсынды: не қосымша әрі аса құнды кепілзат табуы немесе кредитті мерзімінен бұрын қайтаруы тиіс.
– Көптеген банктер АСБ процесінің өзінде-ақ бақыланған нәтижелерді ескеріп, портфельдер сапасын жақсарту бойынша шаралар қабылдағанын атап өткен жөн. Мысалы, бірқатар банк лимиттерін қысқартты. Проблемалық қарыз алушыларға кредит желілері бойынша ары қарай транш бермеу туралы ресми шешімдерді бекітті. Басқа банктер проблемалық қарыз алушылармен жұмыс жүргізді, олардан берешектерін өтеуді немесе қосымша кепілдікпен қамтамасыз етуді талап етті. Көптеген банктер АСБ аясында табылған сәйкессіздіктерді жою үшін өз саясаты мен процестерін, деректері мен жүйелерін жетілдіру жұмыстарын бастады, – делінген Ұлттық банк есебінде.
Бұған қоса, алда банктер несие алушылар кепілге қоятын жылжымайтын мүлікке талаптарды қатайтады. Салдарынан көптеген қарызға зәру адамдардың банктен беті қайтып, салы суға кетуі ғажап емес. Бұл қазақстандықтарды микроқаржы ұйымдары, ломбард, онлайн-кредит секілді мөлшерлемелері тонауға көбірек ұқсайтын ұйымдарға тәуелді етуі ықтимал.
Оның үстіне табысы күнкөріс шегінен төмен яғни 2020 жылы отбасының әр мүшесіне шаққандағы кірісі 31 мың 183 теңгеден аз азаматтарға несие беруге тыйым салынған.
Банктер стреске дайындалуда
АСБ жүргізумен бірге Ерболат Досаевтың ұжымының осы сектордағы тарихи миссиясы да аяқталады. Ары қарай банк саласын Мәдина Әбілқасымова басқаратын жаңа меморган – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жатқызып-өргізбек. AQR-ден туындайтын жаңа шаралар мен реформаларды да сол іске асырады.
Түңлігін жаңадан түрген ұйым активтер сапасын бағалау есебіне қатысты алғашқы түсініктеме берді. Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков қазақстандық банктер өз тәуекелдерін жабуы үшін тағы 450 миллиард теңге капитал тарту керегін жеткізді.
– Қатысушы банктердің негізгі капиталы 2,3 триллион теңгені құрайды. AQR-ге сай 14 банк өз тәуекелдерін өтеу үшін активтердің 3 пайызы немесе 450 млрд теңге көлемінде қосымша негізгі капитал табуы қажет. Бұған дейін банктердің нормативтік минимумы бойынша капитал қоры 1,2 триллион теңгеге тең болатын. Алайда енді АСБ қорытындысында капитал қоры 775 млрд теңгеге ғана жетіп отыр, – деді Олег Смоляков.
Ол банктерге ішкі саясаттарын жақсарту жөнінде ұсыным бағытталғанын атап өтті.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, осы қаңтар айында әр банк реттеушінің ұсынымдарына сәйкес жеке іс-шаралар жоспарын түзеді. Ол жоспарларды агенттіктің мақұлдауынан өткізу ісі 2020 жылғы 15 ақпанда аяқталады. 14 банктің әрқайсысымен нақты жұмыстың қорытындылары 28 ақпанда жария етіледі. Содан кейін реттеуші банктердің төл құжатындағы іс-шараларды орындауын қатаң қадағаламақ.
АСБ талаптары негізінде биыл ірі банктің әрқайсысы әртүрлі стрестік жағдайлардан өтудің бірнеше нұсқасын түзуге, тәуекелдерді азайту бойынша стратегияларының дұрыстығын қаржылық реттеуші алдында дәлелдеп шығуы тиіс болады.
Мұның сыртында бұдан былай банктер қаржылық сауықтыру жоспарын үнемі жаңартып отыруға және ұдайы тестілеуден өтуге міндеттеледі.
Жалпы алғанда, AQR Қазақстанның банк секторында оң өзгерістер жүріп жатқанын паш етті.
Елдос СЕНБАЙ