Жуырда Германия белорус оппозициясын қолдауға арнайы қаржы бөлді. Ал қаңтарда Ұлыбритания Қырымның Украинаға қайта интеграциялануына мүдделі екенін білдірген еді. Сөйтіп, батыстың ірі мемлекеттері Ресей мен оның одақтасына материалдық та, моральдық та қысым жасауға бекінген сыңайлы. Тек бұл мәселенің өзге де қырлары бар.
Алдымен Беларусьтің жағдайын айтайық. 7 ақпанда Германия белорус оппозициясын қолдауға 21 млн еуро бөлгені жайлы ақпарат тарады. Берлин бұл қаржыны бірнеше айға созылған шерулерге қатысқаны үшін оқудан шығарылған жастарға шәкіртақы ретінде пайдалануға бекініпті. Тәуелсіз БАҚ-ты да қолдамақ екен. Азаптауға ұшыраған азаматтарға психологиялық көмек көрсетіп, биліктің қуғындауына түскен белорустарға Германиядан пана беруді де жоспарлапты. Берлиндегілер адам құқының бұзылуына қатысты айғақтар да жинамақ екен. Германия канцлері Ангела Меркель Беларусь оппозициясын қолдайтынын ашық білдірген. Сөйтіп, Еуропа елдері А.Лукашенко билігін қыспаққа алудың түрлі амалына барып жатыр. Сонымен бірге Лукашенконың қарсыластары 14 мемлекетте Беларусьтің халық елшілігін ашқан еді. Енді Ұлыбританияның ұстанымын айтайық. Қаңтарда Ұлыбритания Қырымның Украинаға қайта интеграциялануы үшін қолдау көрсететінін мәлімдеді. Британияның Киевтегі елшілігі 1 қаңтар мен 15 наурыз аралығында «Ашық келешек» жобасын өткізіп, реинтеграция үшін 10 мың фунт жұмсауды көздепті. Осы ақша арқылы Қырым халқы мен Украинаның шығысындағы сеператистер арасында құқы тапталғандарды қолдап, бұқараның Украинаға деген қызығушылығын арттыруды көздепті. Сөйтіп, біздің есеппен 6 млн-дай теңге көлеміндегі қаржымен көп дүние өзгертпек көрінеді. Біздің пайымдауымызша, бұл амал «атын атап, итке тастаның» көрінісі ғана. Киевті қолдаған сыңай танытып қана отыр. Егер Лондон Киевке шынымен қамқор болса, қаңтардың басында Қырымға қатысты санкциясын жұмсартпас еді. Қаңтардың алғашқы күндері-ақ Ұлыбритания өз айлақтарының «Қырым теңіз порттары» мемлекеттік унитарлы кәсіпорны қызметін пайдаланып, өзара қаржы айналымын жасауға рұқсат берген. Құжат бойынша төтенше жағдайда британ кемелері Қырымдағы порттарға кіре алады. Ал Еуроодақ өз кемелеріне Қырым айлақтарының қызметі үшін ақы төлеуге рұқсатты 2017 жылы берген. Осылайша, Еуропа бір қолымен санкцияларға қол қойса, екінші қолымен экономикалық мүддесін қорғап отырғаны байқалады. Тағы бір мысал. Қырымға қатысты Украинаның адам құқы жөніндегі Еуропалық сотқа жазған арызы 2014 жылдан бері нақты айғақтар жоқ деген уәжбен қаралмаған еді. Страсбургтегі сотқа Киев 2014 және 2015 жылдары екі рет шағымданған болатын. Онда Ресейдің адам құқы жөніндегі еуропалық конвенцияны бұзғаны айтылған. Тек 2021 жылдың 14 қаңтарында ғана адам құқы жөніндегі Еуропалық сот Ресей Қырымды 2014 жылдың 14 наурызында өткен «референдумға» дейін басып алған деген ұйғарымға келді. Сөйтіп, «Украина Ресейге қарсы (Қырым бойынша)» деп аталатын мемлекетаралық талап-арызды жартылай болса да қарастырмақ. Соттың назары 2014 жылғы 27 ақпан мен 2015 жылғы 26 тамыз аралығында Қырымда адам құқының бұзылуы мәселесіне аударылмақ. Осылайша, 2021 жыл басталғалы бері еуропалықтардың Қырым мәселесіне қатысты көзқарасы өзгергендей болды. Ал бұл оқиғалардың арасындағы байланыс неде? Біздің пайымдауымызша, бұл оқиғаларды «адам құқы» дейтін әдемі ұғым байланыстыратын сыңайлы. Әрі әлемдегі кез келген ірі мемлекет пен халықаралық ұйымдар қажет кезінде қос стандартқа жүгінетіні байқалады және бұл саясатта батыс елдерінің «көзірі» – адам құқы мәселелері. Ал Ресей, Қытай тәрізді мемлекеттер қос стандартты түрлі сылтаумен бүркемелеп әуре де болмайды. Ашық кетеді. Айталық, Ресей қос стандартты саясат ұстанған кезде ашықтан-ашық өтірік айтады немесе ешкімнің сөзін елемей қояды. Кейде өз ықпалының аясындағы елдерді «сыпайы» түрде көндіретіні бар. Таулы Қарабақта қарсыласына бет қаратпай келе жатқан Әзербайжанды Шушада тоқтатқан осы Мәскеу еді. Бакуге қару сатып, Арменияға несиеге немесе сыйлыққа берген де Ресей болатын. Ал еуропалықтар олардан көрі сәл «мәдениетті». Әдетте батыс державалары «өзгенің ішкі істеріне араластың, адам құқы бұзылды» дегенді алға тартады. Бірақ солардың өздері Беларустің ішкі істеріне араласып жатыр. Германияның 21 млн еуро бөлгені соның көрінісі. Басты уәж ретінде белорустардың құқы бұзылып, Лукашенко халқына күн көрсетпей отырғаны айтылады. Сөйте тұра, Ресейден «таяқ жеген» Украинаның адам құқын алға тартып, ең әділ сот ретінде бағалаған құрылымға жазған арызы 7 жылдан кейін ғана қаралды. Киев те 2014 жылдан бері Қырымда адам құқы аяққа тапталғанын айтумен келген еді. Бірақ оны дәлелдеуге украиндардың айғағы аз болыпты-мыс. Енді АҚШ билігіне Ресейге қарсы саясат ұстанатын Джо Байден келген соң еуропалықтар қозғала бастады. Шамасы, «оркестрдің дирижері» көп мәселені шешеді-ау... Қысқасы, 2021 жылы Ресейге түрлі тәсіл арқылы қысым жасау мен әлсіздеу мемлекеттерге қатысты геосаяси ойындардың жаңа кезеңі басталатын сыңайлы. Кейбір сарапшылар мұның соңы «жаңа қырғи қабақ соғысқа» ұласуы мүмкін екенін алға тартады. Алайда КСРО мен АҚШ текетіресі кезінде екі жақтың одақтастары бар еді. Қазір Ресейдің «көрермендері» ғана бар.Ардақ СҰЛТАН