Биылдан бастап екінші деңгейлі банктер төлем карталары арқылы жасалған қаржы айналымы есебін Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетіне жеткізуге міндеттеледі.
Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Смағұлова түсіндірді. Ол: «2019 жылдың 31 желтоқсанында Қаржы министрінің Ұлттық банкпен келісілген бұйрығы шықты. Осыған орай екінші деңгейлі банктер мен мекемелер POS-терминал арқылы жасалған төлемдері туралы есеп беретін болады», – деді баспасөз конференциясында.
Сонымен бірге жеке кәсіпкерлер, жеке сот орындаушылар, нотариус және кәсіби медиаторлар, арнайы салық жүйесімен жұмыс істейтін, ойын бизнесінде жүрген заңды тұлғалар екінші деңгейлі банк арасындағы жүргізілген ақша айналымы туралы Мемлекеттік кірістер комитетіне есеп береді.
Гүлмира Смағұлова: «Әр жылдың соңында жоғарыда аталған категорияға жататындардың тізімі бекітіліп, екінші деңгейлі банктерге беріледі, нәтижесінде олардан орталықтандырылған мағлұмат алынады. Осы арқылы жалпы төлемді анықтаймыз. Бұл салық жүйесіне бақылау жасау үшін керек», – дейді. Бұл жүйе іс жүзінде жарияланған табыс пен терминал арқылы қанша ақша айналымда болғанын нақтылайтын болады.